Жарнама
Инфрақұрылым

Қала мен ауылдың ажары – заманауи инфрақұрылымда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс саласының жай-күйіне арнайы тоқталды. Бұл – көптен бері қордаланған мәселе. Өйткені, ондаған жыл бойы Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесі қараусыз қалып, оның инфрақұрылымы біртіндеп тозып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы нашарлады. Қазір бұл мәселені шешу үшін түбегейлі жаңа тәсіл қажет.

Тарифтерді жүйелеу және инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделін енгізу – Президент атап өткендей, уақыттың талабы. Бірақ мұнда басты қағида сақталуы тиіс: тарифтің өсуі халықтың мойнына қосымша ауыртпалық болып қана қалмай, сапалы әрі үздіксіз қызметпен қатар жүруі керек. Егер тарифке сай нақты нәтиже болмаса, қоғам тарапынан Үкіметке сенім болмайды. Сондықтан тариф саясаты әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделіп, әрбір теңге нақты қызмет сапасымен өлшенуі тиіс.

«Ақылды қала» тұжырымдамасының енгізілуі – инфрақұрылымды дамытудың маңызды бағыты. Бұл жүйе арқылы тұрғындар коммуналдық қызметтердің қалай көрсетіліп жатқанын онлайн бақылап, тарифтің қаражатының қайда жұмсалғанын көре алады. Әлемнің дамыған мегаполистерінде бұл тәжірибе әлдеқашан жолға қойылған. Қазақстанның барлық өңірінде осы үлгіні енгізу – халықтың билікке деген сенімін арттыруға да, ресурстарды тиімді пайдалануға да ықпал етеді.

Инфрақұрылым – адамдардың өмір сапасына тікелей әсер ететін сала. Жарықтың жиі сөнуі, судың қысымы төмен болуы немесе жылудың уақытылы берілмеуі – бұл тек техникалық ақау емес, халықтың тұрмыс деңгейін айқындайтын фактор. Сол себепті ТКШ жүйесін жаңғырту – ел дамуының стратегиялық негіздерінің бірі.

Құрылыс саласына келсек, бұл бағыттағы жұмыстардың соңғы жылдары қарқынды дамығаны қуантады. Мәселен, өткен жылы елде 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – тарихи көрсеткіш. Бірақ құрылыс көлемімен қатар оның сапасы да күн тәртібінен түспеуі керек. Өкінішке қарай, жаңа салынған үйлердің бір бөлігінде ақаулардың шығып жататыны рас, бұл құрылыс процесіне жауапты мердігерлердің атүсті қарағанының әсерінен орын алады.

Осы орайда Президент ұсынған Building Information Modeling (BIM) технологиясын кеңінен қолдану – заманауи шешім. Бұл әдіс ғимараттың құрылысын бастан-аяқ цифрлық модель арқылы жоспарлап, барлық кезеңін бақылауға мүмкіндік береді. BIM арқылы материалдар үнемделіп, сапа артады, ал ғимараттың болашақтағы пайдалану шығындары да алдын ала есептеледі. Яғни, бұл – тек құрылысшыларға ғана емес, тұрғындардың өзіне де тиімді әдіс.

Елімізде жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы да саладағы жүйесіздікті жоюға үлкен серпін береді. Кодексте құрылыс қауіпсіздігі, экологиялық талаптар, энергия үнемдеу стандарттары және санитарлық-гигиеналық нормалар нақты көрсетілуі тиіс. Бұл құжат – құрылыс саласының тұрақты әрі ашық дамуына құқықтық негіз болады.

Энергияны үнемдеу мәселесі де аса өзекті. Біз бүгіннің өзінде су тапшылығын сезініп отырмыз. Бірақ суды және басқа да табиғи ресурстарды үнемдеу мәдениеті әлі қалыптаспаған. Бұл тек техникалық мәселе емес, ол – қоғамның санасына сіңірілетін құндылық. Сондықтан жастар арасында су мен энергияны үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған идеологиялық және ағартушылық жұмыстарды күшейту қажет.

Президент атап өткендей, мемлекет пен жеке сектордың серіктестігінсіз ТКШ-ны жаңғырту мүмкін емес. Жеке капитал жаңа технологияларды енгізіп, инфрақұрылымды жаңартуға мүдделі болуы тиіс. Ал мемлекет бақылаушы әрі реттеуші рөлін сақтап, жобалардың ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл тепе-теңдік сақталғанда ғана нақты нәтиже шығады.

Түйіндеп айтқанда, қалаларымыз бен ауылдарымыздың келешегі – тұрғын үй сапасы мен коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігіне байланысты. Бұл тек бүгінгі ұрпақтың емес, келешек буынның өмір сапасын айқындайтын тарихи шешім. Сондықтан біз архитектура мен құрылыс саласында жаңашылдықты батыл енгізіп, экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікті қатар ұстануға тиіспіз.

Асқар САППАЕВ,

Атырау қалалық мәслихатының депутаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button