
Мәселе көп, шешілуі кемшін
Атырауда қала халқының тұрмыс сапасын арттыру бағытында шешімін күткен мәселелер аз емес. Көшелерді жарықтандыру, жол сапасы, кәріз жүйесінің тозуы мен әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етіп отыр.
Жуырда өткен алқалы жиында қала әкімі Шәкір Кейкин атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп беріп, инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй құрылысы, көгалдандыру және қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру бағытындағы шараларға тоқталды. Әкімнің айтуынша, қалада экономиканы әртараптандыру мен инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында қолға алынған нақты істер бар.
Инвестиция үшін – 84 миллиард
Өңірде сапалы әрі сыртқы нарыққа бағытталған инвестиция тарту көзделіп отыр. Биыл жалпы құны 84 миллиард теңге болатын 17 инвестициялық жоба іске асып, жаңадан 1251 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде бүгінге дейін 6 жоба толық жүзеге асыпты. Жыл соңына дейін тағы 9 жоба іске қосылады екен. Солардың қатарында «Тексол-Транс» ЖШС-нің сұйытылған газ қоймасы, «Atyrau Oil Service» ЖШС-нің сорғы жабдықтарын жөндеу цехы, «КазТурбоРемонт» ЖШС-нің металл бұйымдарын өндіру цехы, «Binom Barys» ЖШС-нің 2 мың орындық мектебі, өзге де өндірістік нысан бар. Ал «Фибратекс» пен «Голдбридж» халықаралық компаниясы жобалары 2026 жылы жүзеге аспақ.
Агроөнеркәсіп саласы да назардан тыс қалмаған. Қала аумағында 284 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биыл бұл бағытта 9,3 миллиард теңге инвестиция құйылып, 90 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. 6 мың тонна көкөніс сақтауға арналған қойма іске қосылып, 10 мың тонна көкөніс қоймасы қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Білім беру саласында да ілгерілеу бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 мектептің құрылысы жоспарланып, биыл «Жұлдыз-3» және «Ақсай-2» ауылдарында 900 орындық екі мектеп және «Ақшағала» шағынауданында «BINOM» инновациялық мектебі пайдалануға берілмек. Оған қоса бірнеше балабақша мен саз мектебі салынып жатыр.
Денсаулық сақтау саласында 45 мекеме қызмет көрсетіп келеді. «Нұрсая» және «Өркен» шағынаудандарында жаңа емханалардың құрылысы жүріп жатса, радиологиялық корпус пен амбулаторияларда күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.
Тұрғын үй құрылысы қарқын алғанымен, сұраныс әлі жоғары. Биыл 8 айда 220 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Береке» мен «Самал» шағынаудандарында жаңа үйлер бой көтеріп, инженерлік инфрақұрылым жаңартылуда. Апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары жаңа пәтерлерге көшіріледі. Былтырдан бері 4 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, бір жер учаскесі 22,8 миллион теңгеге сатылған. Дегенмен жекеменшік тұрғын үй құрылысына кезекте тұрғандар саны 136 мыңнан асып отыр. Бұл мәселені шешу үшін жаңа 7 елді мекеннің жоспары дайындалуда.
Қаладағы су, жылу және кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары да ауқымды. 2026 жылға дейін 72 шақырым су құбыры мен 33 шақырым кәріз желісі жөнделмек. Оң жағалаудағы кәріз-тазарту нысанының құрылысы 74 пайызға аяқталған. Электр желілерін жаңарту бағытында «Нұрсаяда» 66 шақырым кабель ауыстырылып, 454 көшеде жарық шамы орнатылды. Келесі жылдан бастап тағы 268 көшеге жарықтандыру жүйесі қосылмақ.
Шәкір Кейкиннің айтуынша, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту – жергілікті атқарушы органның басты мақсаты.
– Қазіргі жобалар халықтың тұрмысына тікелей әсер етіп, қолайлы қала ортасын қалыптастыруға бағытталған. Инфрақұрылымдық даму мен әлеуметтік нысандардың салынуы – Атыраудың болашағына салынған инвестиция, — деді ол.
Қаланың тазалығы мен экологиясына қатысты да жұмыстар жүріп жатыр. Биыл 166 мың текше метр қоқыс шығарылып, тазалық шаралары өтті. 1000 қоқыс контейнері мен 100 алаңша жаңартылады. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен «Квадрат» буландыру алаңының тазарту жұмыстары жалғасуда.
Облыс орталығында көлік жолының 95 пайызына асфальт төселді. 2026 жылға дейін Сұлтан Бейбарыс даңғылы, Сәтбаев пен Гагарин көшелері және «Атырау-Астрахан» трассасының қала бөлігі толық жаңартылады. «Ақылды» бағдаршамдар орнату жұмыстары да аяқталуға таяу.
Мәдениет саласында 43 нысан қызмет көрсетіп отырса, Атырау мен Кеңөзек ауылдық округтерінде жаңа мәдениет үйі салынып жатыр. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы қайта қалпына келтіріліп, Пушкин көшесінде Бейбітшілік және келісім сарайының құрылысы басталды. Дарынды жастарға арналған мәдени-шығармашылық орталықтың құрылысы да биыл аяқталып, мұнда шахмат, тоғызқұмалақ, бейнелеу өнері мен қолөнер үйірмелері ашылады деп жоспарланыпты.
Депутаттарды толғандырар жайт
Жиында қалалық мәслихат депутаттары халықты мазалап отырған бірнеше өткір мәселеге арнайы тоқталды. Мысалы, «Көкарна» шағынауданында жарықтың жоқтығы, аялдаманың аздығы мен қоршаусыз қалған бейіт мәселесі сынға алынды. Ал, «Көктем» шағынауданы мен Қайыршақты ауылдық округінде жүргіншілер жолы мен аялдама жеткіліксіз. «Геолог» шағынауданында да қоғамдық көлік аялдамалары мен теміржол өткелдері ескірді, ал «Нұрсаядағы» №29 балабақша маңында аялдама орнату қажет. Бұған қоса, «Бірлік» шағынауданында аяқталмай жатқан мектеп құрылысы мен Жұмыскердегі ескі саябақты қайта жаңғырту мәселесі де қозғалды.
Депутаттар экологиялық жағдай мен кәріз жүйесінің тозуын, жаңа балабақша мен емхана қажеттігін, «Химиктер» шағынауданын қала құрамына қосуды ұсынды. «Авангард» шағынауданындағы кәріз жүйесінің жиі істен шығуы мен жаңбыр суының дұрыс ағызылмауы тұрғындардың наразылығын туғызған. Су жиналған аулалар мен кіреберістерден қолайсыз иіс шығып, тұрғындардың тұрмысы қиындап кеткен.
Қала басшысы Шәкір Кейкин әр ұсыныстың назарда болатынын айтып, нақты тапсырмалар берді. Бірақ бұл мәселелердің бірден емес, біртіндеп шешілетінін айтты.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ



