
Атырауда жылу бағасы көтеріле ме?
Атырау облысының табиғи монополияларды реттеу департаменті «Атырау жылу электр орталығы» ЖШС-нің 2026–2030 жылдарға арналған жылу энергиясын өндіруге қатысты тариф жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.
Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, БАҚ және тұтынушылар өкілдері қатысты.
2026–2030 жылдарға арналған тариф жобасына сәйкес (ҚҚС-сыз) жылу энергиясының құны мынадай мөлшерде белгіленуі жоспарланып отыр:
- 2026 жыл — 8 314,93 теңге/Гкал;
- 2027 жыл — 10 148,43 теңге/Гкал (+22%);
- 2028 жыл — 11 624,64 теңге/Гкал (+14,6%);
- 2029 жыл — 12 342,84 теңге/Гкал (+6,2%);
- 2030 жыл — 13 192,26 теңге/Гкал (+6,9%).
«Атырау жылу электр орталығы» ЖШС-нің бас директоры Мақсот Әленовтың айтуынша, тарифтің өсуі табиғи газдың қымбаттауына, жабдықтардың тозуына және құны 5,8 млрд теңге болатын инвестициялық бағдарламаны іске асыру қажеттілігіне байланысты болып отыр.
Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты басқосуға қатысқан қоғам белсенділері өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды. Олар нарықтық экономика талаптары бойынша белгілі бір кезеңде тұтынушыларға көрсетілетін қызмет тарифтерін қайта қарап, мүмкіндігіне қарай өсіріп отыру заңды процесс саналатынын атап өтті. Алайда бірінші кезекте тұтынушының мүддесі ескеріліп, құқығы қорғалуы тиіс екенін де алға тартты. Тек осындай ұстаным қалыптасқанда ғана мәселенің оңтайлы шешілуіне жол ашылатынын сарапшылар меңзеді.
Дәулетқали АРУЕВ



