ЖАТ АҒЫМҒА ЕРГЕНДЕР

колледждерде көбейіп барады
Тоқсан сайын өтетін жедел іздестіру нәтижесінде 21 атыс қаруы, 4 травматикалық қару тәркіленген. Террористік және экстремистік әрекеттердің алдын алу мақсатында жүргізілген операция барысында, сондай-ақ, тыйым салынған 284 діни әдебиет, газет пен брошюралардың 24 түрі, 44 электрондық тасымалдағыш құралдар да табылған.

Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес отырысында Облыстық ішкі істер департаментінің Экстремизмге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Андрей Карабасов мәлімдеді.
Аталмыш басқарманың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен бірлескен операциялары негізінде, терроризм бабы бойынша төрт қылмыстық іс қозғалған. «Бұдан басқа, «Таблиғи –Жамағат», «Иегова куәгерлері» ағымдарын насихаттап жүрген тұлғаларға қатысты қажетті шаралар алынуда» деген ол, облыстағы жалпы діни ахуалдың тұрақты екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, облыстық Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының баяндамасы тыңдалды. Экстремизммен күрес мәселесінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берген аталмыш басқарма басшысы Алтынбек Нысанғалиев діни ахуалдың ушығуын қоғамдық тәрбиенің босаңсуымен байланыстырды. «Білімнің, діннің, өркениеттің адамдар өміріндегі рөлін айқындау маңызды. Адамгершілік қасиеттер дамуы керек. Жеткіншектерді атаның емес, адамның баласы етіп тәрбиелеу маңызды» деген ол «Хақ жолы» жобасының қолға алынғанын жеткізді.
Жиынға төрағалық етіп отырған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан аталмыш жобаның осы уақытқа дейін не себепті кейінге қалдырылып келе жатқандығын сұрады. «Түрлі гастрольдік сапарлардың көбеюіне байланысты театрда бос күн болмай келді. Сол себепті жобаның тұсаукесері 24 желтоқсан күні өтеді» деген жауаптан соң жиын төрағасы айына бір рет жастар күнін ұйымдастыруды ұсынды. «Теріс ағымның жетегінде кеткендердің көпшілігі жастар. Жастардың дені адами бағдардан ажырап қалған» деген Шыңғыс Мұқан жастар күні аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізуді, мәдени ошақтарда түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды, оған жастарды тартуды ұсынды.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенованың айтуынша, мектеп, колледждерде жүзден астам бала есепте тұрған көрінеді. «Мектептер бойынша олардың саны азайғанымен, колледж оқушылары арасында саны көбейіп келеді» деген құзырлы орган өкілінің сөзінен-ақ «Дінтану негіздері» факультативтік курсының нәтижесіздігін көруге болады. Рас, 9-сынып оқушыларына аптасына бір мәрте оқытылатын бұл курс бойынша оқулық бар. Пән оқытушылары семинар, курстардан өтіп тұрады. Дейтұрғанмен, теолог-мамандар «діндердің пайда болу хронологиясын оқытумен ғана шектеледі. Бұдан балада діни иммунитет қалыптаспайды» деп осы курсты сын садағына алып келеді. Сала мамандарының пікірлері ескеріліп, «дінтану» курсы мазмұнын толықтырып жатса, расымен де нәтижелі іс болар еді деген пікір қосқымыз келеді. Осы орайда жиын төрағасы Шыңғыс Мұқан әсіресе Атырау агросервис колледжінде жат ағымның жетегінде кеткен студенттердің көптігіне назар аударып, «әр жатақханаға бір-бір теологтан бекітіп берсек, олар жастармен күндіз-түні жұмыс істесе, көп нәрсеге қол жеткізген болар едік» деген ойын айтып, облыстық білім басқармасына теологтарды студент жатақханаларына орналастыру мәселесін қарастыруды тапсырды.
Кеңес барысында облыстық ішкі саясат және Дін істері басқармаларының есепті баяндамалары тыңдалып, жиын соңында төрағалық етуші Шыңғыс Мұқан кеңес жұмысын ұйымдастыру шараларына байланысты бірнеше тапсырмалар берді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз