УАҚЫТ ЖӘНЕ ИСЛАМ

Уақыт – адам баласы үшін  қашан  да қымбат ұғым. Өйткені, адам – белгілі бір уақыттағы  және уақытша ғана жаратылыс. Уақытты қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Сондықтан, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз.

Алла тағала: «Әрбір үмметтің ажалы (белгіленген уақыты) бар. Олар оны бір мезет кешіктіре де, ілгерілете де алмайды»  дейді қасиетті Құранда. Сондай-ақ, уақыт – бізден бұрын жаратылған дүние. Бұған дәлел – Құранның: «Адам баласының басынан ол еш нәрсе болмай тұрған уақыт өтпеп пе еді?!» («Инсан» сүресі, 1-аят) деген аяты. Бұл аят адам баласы жаралмай тұрған бір кезеңнің болғандығын айтады.

 

Уақыттың қадірін жете түсінген Алла тағаланың уәли құлы Имам Уақи қарны ашқанда нан жемей, тек сұйық ауқат ішеді екен. Мұның  себебін  сұрағандарға ол: «Нанды шайнауға жұмсалған уақытта күніге 50 аят және хадис оқуыма болады» деп жауап берген екен. Уақытты үнемдей білу үшін оны қадірлей білу ләзім. Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бір кісіге үгіт айтып жатып былай деді: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: Қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін біл, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біл, қысылтаяңнан бұрын бос уақытты қадірле және өлмей тұрып тірлігіңді ғанибет біл».

Алла тағала «Қадыр» сүресінде: «Қадыр түні мың түннен де қайырлы» дейді. Бұл сүреде Қадыр түнінің қадірі уақытпен дәлелденіп отыр. Бұған қоса Құранда шайтанның Алла тағаладан ақыретке дейін ғұмыр сұрағандығы айтылады. Демек, шайтан уақыт сұрап жатыр. Ол уақыттың қадірін біліп отыр. Сондай-ақ, «Аср» сүресінде ғасырға, яғни, уақытқа ант етіледі. Уақыттың қадірі болмаса, Хақ тағала онымен ант етер ме еді?

Секундтар, минуттар, сағаттар, күндер, айлар, маусымдар, жылдар және ғасырлардан тұратын уақыттың қалыпты бір жүйедегі айналымы бұл әлемнің аса білімді Жаратушы тарапынан жаратылғанын дәлелдесе керек. Хақ тағала былай дейді: «Ол сондай Алла күнді шырақ, айды нұр етіп, жылдардың саны мен есепті білулерің үшін оған (айға) орындар белгіледі…». Адам баласының санасындағы уақыт күн, ай және жердің өзара қатынасымен ғана өлшенеді. Уақытты аталмыш үш дененің қимылы, өзара қатынасымен шектеуге болмайды. Уақыт ұғымы бұдан әлдеқайда ауқымды. «Расында, Раббыңның құзырындағы бір күн сендер есептеп жүрген мың жылға сәйкес келеді» («Хаж» сүресі, 47-аят) деген Құран аяты осыны аңғартса керек.

Атақты физик Альберт Эйнштейн «Уақыттың салыстырмалылығы» (относительность времени) атты бір жаңалық ашып, кезінде әлемді таң қалдырған еді. Жоғарыдағы  аятта  14  ғасыр  бұрын  Эйнштейннің жаңалығына ишара бар секілді. Дегенмен, ғылымның кез келген жетістігін Құран Кәрімге негіздеуге асықпауымыз керек. Дұрысы, бір Алла тағалаға мәлім.

Ислам дінінде намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты уақытпен тығыз байланысты құлшылық түрлері бар. Бұл құлшылықтардың уақытын анықтауда күн мен ай орасан зор көмегін тигізді. Алайда, мұның да өзіндік қиындықтары болды. Мұсылмандар, әсіресе, бұлтты күндері қатты қиналды. Бұл жағдай мұсылмандарды сан алуан уақыт өлшеуіш құралдарын ойлап табуға итермеледі. Осылайша, ең алғаш механикалық сағат Харун Рашиттің халифалық кезеңінде Бағдадта жасалыпты. Мұсылмандардың бұл жетістіктері олардың ілімге деген құштарлықтарының арқасында болды. Олар алғашқы аяты «Оқы» деп басталатын Құран кітапты шын мәнінде амалға асыра білген буын болып табылады. Кезінде мұсылмандар Испанияда билік құрған тұста Батыстың шаң басқан кітаптарын аударып оқып, орта ғасырда шырқау кезеңдерін бастан өткергені рас.

Сондай-ақ, ол кезде уақытын қадірлеген ғалымдар  да  көп  болғанға ұқсайды. Мәселен, 1848 жылы туылған Ханафи мәзһабының Абдулхай әл-Ләкнәуи атты ғалымы 1886 жылы 38 жасында дүниеден өтті. Ғұлама өзінің 38 жылдық өміріне 120-ға жуық ғылыми еңбек сыйғызыпты. Бұлай ету уақытын ұтымды пайдаланған кез келген кісінің қолынан келер еді. Ал, енді біз шамамен 70 жас өмір сүреміз делік. Күніне 1 бет оқитын болсақ, бір жылда 365 бет оқуға болады. Бұл шамамен орта көлемді бір кітапқа тең келеді. Яғни, аз болса да, бір беттен оқуды жалғастырсақ, жылына бір кітап бітіруге болады. 15 жастан кітап оқуға ден қойған бала 70 жасқа келгенше 55 жыл кітап оқиды екен. Ал, сіздің неше кітап оқитындай өміріңіз қалды? Ұстаздарымыз «Көп кітап оқыма, бір кітапты көп оқы» дегенді жиі айтушы еді. Отырардың тумасы әл-Фараби бабамыз Аристотельдің кітаптарын 100 реттен аса оқыған деседі. Нәтижесінде Батыс Аристотельді түсіну үшін әл-Фарабиге жүгінді. Әрине, көп оқумен барлық адам әл-Фараби сияқты ғалым болып кетпес. Десек те, кітапты көп оқығандардың ғалымға айналғанын ескерген жөн.

«Адамның бір қызығы бала деген…» демекші, балалы болуды кімнің болса да қалайтыны ақиқат. Алайда, оның өзіндік  жауапкершілігі бар. Ол жауапкершілік – балаға тәрбие беру деп аталады. Рас, бала тәрбиелеу бір күндік іс емес. Құран Кәрімде Мұса (ғ.с.) пайғамбардың өз қауымын Алла тағаланың әміріне бағынбаған соң, Сина сахарасында әрлі-берлі 40 жыл бойы жүргізгені айтылады («Мәида» сүресі, 26-аят). Бұл оқиға қазақтың «елу жылда ел жаңа» деген тамаша сөзін еске түсіреді. Яғни, Алла тағала әлгі күнәһар қауымды тәрбиелеуді мақсат тұтты. Ақыры, шөлдің шыжғырған ыстығынан қайраттанған қауым тарихқа Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардай қайратты ұл сыйлады. Ол өз қауымы жіберген қателікті жөндеді. Міне, бұл – тәрбиенің жемісі. Сіз де балаңыздың тәрбиелі болғанын қаласаңыз, оның тәрбиесіне көңіл бөліңіз. Кімде-кім өз уақытын баласының тәрбиесі үшін жұмсаған болса, онда ол ертеңгі күні тәрбиесіз баланың келтірер зардабынан аман болады.

Алтын уақыттарын интернет-кафелерде өткізуді әдетке айналдырған бүгінгі тепсе темір үзетін жастарымызға көп кітап оқуға әуес болған Жахиз бен Ибн Рушд атты екі ғалымның әрекеті үлгі болар деген үміттеміз. Жахиз кітап сатып алатын ақшасы болмағандықтан кітап дүкендерін түнемеге жалға алып, таңға дейін зерттеу жұмыстарын жүргізетін-ді. Ал андалусиялық (Испания) Ибн Рушд үнемі кітап оқитын. Кітап оқымай өткізген екі ғана түні болған деседі: бірі үйленген түні, екіншісі әкесі қайтқан түн.

Дініміз Исламның ысырапшылдыққа оң көзбен қарамайтындығы исі мұсылманға мәлім.  Ысырапшылдық нығмет атаулы барлық нәрседе орын алады. Уақыттың ең үлкен нығметтердің бірі екендігін жоғарыда айттық. «Жеңдер, ішіңдер, алайда ысырап етпеңдер. Расында Ол (Алла) ысырап етушілерді сүймейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят), – деген аятқа сәйкес дінімізде кез келген нығметті ысырап етуге тыйым салынады. Ибн Аббастан жеткен (р.а.) риуаятта: «Алла елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Адамдардың  көбісі  қолдан  жіберіп алған екі нығмет бар: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт» (Бұхари). Ысырапқа қатысты жоғарыдағы аят – хадистерге қанық  болып  өскен   Әш-Шайх Фахруддин: «Алла тағалаға  ант  етемін, тамақ  ішіп жатқанымда іліммен айналыса алмағаным үшін өкінемін», – деп тамақтануға жұмсалған уақыты үшін өкінішін білдірген.

Әрине, ең үлкен жетістік – Алла тағаланың разылығы. Алайда, Алла тағаланың разылығына жету үшін де осы дүниедегі уақытты Оның разылығына сай дұрыс пайдалану керек. Бес күндік дүниедегі дәм-тұз  таусылған соң, яғни бізге берілген уақыт біткеннен кейін басқа мүмкіндіктің берілмейтіндігін ұмытпағанымыз жөн. Бұл жайында Құран Кәрімде былай делінген: «Ақыры олардың біріне өлім келген сәтте олар: «Раббым! Мені дүниеге қайтара көр. Мүмкін, мен қалдырған дүниеде жақсы амал істермін». Әсте олай емес. Ақиқатында бұл оның айтқан бос сөзі. Өйткені, олардың артында қайта тірілетін күнге дейін бөгет бар» («Муминун» сүресі, 99-100-аят).

Қорыта келе айтарымыз, уақыт – Алла тағаланың мақұлығы. Адамзат уақытқа тәуелді. Уақыт адам баласының санасына сыймайтындай дәрежеде кең. Алла тағала білдірмесе, қанша уақыттың өткенін пенде біле алмайды. Адам өз өміріндегі талай белестер мен асуларды бағындыра алады. Ол үшін уақытын ұтымды пайдалана білуі, һәм уақытты жүйелеуі ләзім. Уақытты ысырап етуге дініміз қарсы. Осы орайда хазірет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Өмірін қалай өткізгені, ілімін қайда жұмсағаны, мал-мүлкін қайдан тауып, қай жаққа салғаны және тәнін қалай қолданғаны жайлы жауапқа тартылмайынша, қиямет күні пенде аяғын аттап баспайды» (Тирмизи). Яғни, осы нәрселер жайлы сұрақ-жауаптан өткеннен кейін ғана адам жәннат немесе тозаққа жол тартады екен. Алла тағалам өзінің әділ сотының алдында сүрінбей өтуімізге жазғай. Әмин!

Қанат ЖҰМАҒҰЛ,

«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан

жапа шеккендерге көмек орталығының теологы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз