ҚАСИЕТТІ ТҮН КЕРЕМЕТІ

Рамазан айына тән ерекше қасиетті кештің бірі – «Қадір» түніне де келіп жеттік. Қасиетті қадір түні биыл шілде айының 13-нен 14-не қараған кешке келеді. Шынында да, бұл түн күллі мұсылман жұртшылығы үшін ерекше һәм қадірлі, қасиетті. Өйткені, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сауабын Алладан үміттеніп Қадір түнін ғибадатпен өткізген адамның өткен күнәлары кешіріледі»,- дейді.

 

Қадір – араб тілінен аударғанда «қасиетті түн» деген мағынаны білдіреді. Тіпті, бұл түнді баян ететін Құранда арнайы «Қадір» деп аталатын сүре де бар. Аталған түн жайлы Құран Кәрімнің осы сүресінде баяндалады. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысып бағады.

Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде: «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер»,- деген. Шындығында Қадір түнінің нақты қай уақыт екені анық белгілі емес. Қадір түнінің нақты күні жөнінде ғалымдар арасында көптеген пікірлер айтылған. Алайда, олардың барлығы Қадір түнінің Рамазан айының соңғы он түндерінің бірінде екендігіне бірауыздан келіскен.

«Қадір» сөзі «абырой, бедел» деген мағынаны да береді. Яғни, Қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Осыншалықты жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түн мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құранда былай делінеді: «Расында, Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Сол түні Раббыларының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі. Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады» («Қадір» сүресі, 1-5 аяттар).

Жылына бір рет Рамазан айында келетін қасиетті Қадір түнінің рухани салмағы орасан зор екені көпшілікке аян. Әнас ибн Мәлік (р.а.) айтады: «Рамазан келгенде, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтты: «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал, оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!».

Алла Тағала адам баласын Өзіне құлшылық етсін деп жаратқан. Олай болса, Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнінде Аллаға жақындататын төмендегідей амалдарды жасаған абзал деген.

Бұл түнде Алланың разылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек. Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойылып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмметінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт. Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылуға тиістіміз.

Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру  керек. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.

Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болуы шарт. Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманымызды күшейтуіміз қажет.

Жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер десек болады. Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз.

Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, Ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.

Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын», – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!)», – деп дұға ет!» – деп айтқан екен. Сондай-ақ, Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Рамазанның соңғы он түні кіргенде пайғамбар (с.ғ.с.) түндерді (намазда тұруымен) тірілтетін. Отбасын да (құлшылыққа) оятатын. Білегін сыбанып кірісетін еді».

Олай болса, Рамазанның соңғы он түндерін  Аллаға шынайы ықыласпен және дұрыс құлшылық ете отырып өткізген жөн. Әрине, бұл түндері әрбір мұсылман Қадір түні жасалған құлшылық үшін уәде етілген ұлы сыйын алады. Сол себепті бұл түнді бос нәрсемен емес, керісінше рухани дүниемізді байытатын құлшылықтармен өткізу береке әкелмек.

Батыржан МАНСҰРОВ, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық  мешітінің бас имамы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз