ҚАСИЕТТІ АЙ КЕРЕМЕТІ

Исламдағы ұлы мереке болып табылатын Құрбан айт хижра жыл санауы бойынша Зулхиджа айының оныншы жұлдызынан бастау алады. Мерекенің басты ерекшелігі – дәл осы күндері шамасы келген әрбір мұсылман баласы құрбан малын шалып, Алла алдындағы міндетін өтеп, сауап іс жасауға асығады.

 Мерекенің мәні  неде?

 Аллаға жақындау, Алланың разылығын табу мақсатындағы мерекенің тарихы сонауғы қос пайғамбар Ибраһим аләй-һиссәләм мен баласы Исмайыл пайғамбардан басталады. Нақты айтқанда, Аллаға деген бағыныштылығымен сыналған Ибраһим пайғамбар Жаратушысын разы ету үшін ұлы Исмайылды өзінің берген уәдесіне сай құрбандыққа шалмақшы болады. Уақыт сәті келгенде Ибраһим пайғамбар Алла алдындағы уәдесін орындауға жұмыстанады. Дегенмен, Алла Тағала пайғамбар етіп жіберген құлының шын тәуекелі мен уәдесіне бе-ріктігіне орай көктен түсірген қошқарды Исмайылдың орнына құрбан етуін бұйырады. Осындай үлкен сынақты бастан өткерген әкелі-балалы қос пайғамбардың тағылымы бүгінде мұсылман қауым үшін ғибрат өнегесіне айналды.

Құрбандық туралы Алла Тағала былай бұйырады: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят). Иә, құрбандық шалу шариғатымызда мал-мүлік арқылы атқарылатын ғибадат түріне жатады. Бұл күндері Алла разылығы үшін құрбандық шалған кісілерге көптеген сауап уәде етілген.

Құрбандық шалудың сауабын сұраған сахабаға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар», – деп жауап берген. Сахаба тағы да: «Уа, Алланың елшісі, шалынған құрбандық мал жүнді (қой, қозы сияқты) болса, сауабы қандай болады?» – деп сұрағанда, Пай-ғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жүннің әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар», – деп жауап қайырған екен. 

Шынайы  ниет маңызды

Қарап отырсақ, құрбан шалу жай бір жасай салар күнделікті іс емес. Құлшылықтың бұл түріне жіті көңіл бөле отырып, шынайы ниет қойып, малдың ең таңдаулысын құрбан ету – дүниеміз бен ақыретімізге орасан рухани пайда, сансыз сауап, көңілі қаяу жандарға жұбаныш сыйлайды. 

Құрбан шалудың қоғамға әкелер бірқатар пайдалары да бар. Атап айтсақ, құрбандық шалу – адам бойында бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына ықпал етеді. Сонымен бірге, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына, әртүрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға,  һәм етене араласуына едәуір ықпал етеді.

Құрбандық бай-дәулетті кісіні де мал-мүлкін Алланың разылығына бөлену үшін беруге үйретеді. Қол ұшын созып, көмектесуге ынталандырады және өзгеге жәрдем беруден алған рахат сезімін ар-ұжданымен сезіндіреді. Осылайша, оны сараңдық дертінен, дүниелік мал-мүлікке деген тәуелділіктен құтқарады.

Құрбан шалу кедей-кепшіктердің де ауқатты кісілер арқылы Алла Тағалаға шүкіршілік етуіне себепші болады. Кедей кісі құрбандық арқылы орынсыз ойдан және өзгеге деген өшпенділіктен өзін құтқарады. Сонымен қатар, өмір сүріп жатқан қоғам тарапынан өзінің еленіп-ескерілгендігін сезінеді.

Мұнымен қатар, құрбанның бізге беймәлім көптеген пайдалары да бар. Дегенмен, амал ең алдымен, Алланың разылығы үшін ғана жасалуы қажет. Сондықтан, құрбандық шалудың – жеке бас және қоғамдық пайдаларын бір шетке қойғанда, бірінші кезекте Алланың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде Алла Тағала бұл жайында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп бұйырады. Яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниеттің маңыздылығын әуелі ақыл таразысына салған жөн болады. 

Арапа  күні туралы

Құрбан мерекесінің бірінші күні дүние жүзінің әр тарапынан қажылық ғибадаты үшін қасиетті Меккеге қарай ағылған қалың мұсылман жұрты қажылық парыздарын өтеп, Жаратқанға мінәжат етіп, дұға-тілектерін арнайды.

Дінімізде екі айт мерекесі де намаз оқумен басталады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен бір хадисте былай делінеді: «Бұл күндерде (яғни, айт күндерінде) ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу». Осыған орай, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына тол-ған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу – уәжіп (міндет) болып табылады.

Айт күндері жақындағанда, алдын-ала дайындық жүргі-зіледі, дәмді тағамдар әзірленеді. Мұсылман қауым мереке күні жуынып-тазаланып, таза және әдемі киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, айт намазына жөнеледі. Намаз оқылған соң мұсылмандар бірін-бірі құттықтап, жақсы тілектер айтады. Жағдайы төмен кісілерге көмек ретінде садақа беріледі. Айт күндері жеңіл-желпі ойын-сауыққа тыйым салынбайды, бірақ, шариғат шеңберінен шыққан дарақылыққа да жол жоқ.

Ораза айт пен құрбан айт арасында кейбір өзгешеліктер бар. Мысалы, ораза айтында таңертеңгісін айт намазына құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татып шығу дұрыс боп есептелсе, құрбан айтта нәр татпай шыққан абзалырақ. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, ораза айтта пітір садақасы берілсе, құрбан айтта жай садақа беріледі. Арапа – құрбан айтқа байланысты күн. Өйткені, қажылар сол күні қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін Арафат тауында белгілі бір уақыт тұрады. Арапа күні таңғы намаздан бастап, құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері», яғни қосымша тәкбірлер айтылады.

Түйін

Мың жарым жылға жуық уақыттан бері Қазақ елі құрбан айт мейрамын аса зор ықыласпен мерекелеп келген-ді. Әйткенмен, талайғы сындарлы кезеңдер қазақ халқын ұлттығынан, дінінен, мұсылманшылығынан біршама алыстатты. Құдайға шүкір, тәуелсіздік таңы атысымен дініміз қайта оралып, Құрбан айт ұлттық мейрам санатына қосылды. Соның арқасында адалдық, мейірімділік, қайырымдылық, ынтымақ пен жақсылық істерге жарқын жол ашылды. Алла Тағала құлшылықтарымызды ізгі ниетпен орындауды нәсіп етіп, қабыл алғай! 

Есіңізде болсын!

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін, пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – әдепсіз амал. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын».

Құрбан шалғанда «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтылып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Басқаға өкілеттігін тапсырып сойғызуға да болады. Ондайда иесінің құрбан малының жанында тұрғаны жөн. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап, яғни сауап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі. Құрбанның терісін илеп пайдалануға болады. Сонымен бірге, теріні сатып, ақшасын мұқтаж-жетімдерге садақа ретінде беру де парыз.

Тағы бір ескере кететін жайт, еліміздің кейбір аймақтарында құрбандық малын арапа күндері шалып жатады. Бұл шариғат тұрғысынан алғанда дұрыс емес. Құрбандық айт намазы оқылып біткеннен кейін іске асуы қажет. Сонда ғана ол құрбандық болып саналады.

 

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Қой немесе ешкіні бір адам ғана құрбан ретінде шала алады. Ал, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен іске асыруы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал, екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандыққа жарамайтын мал жайында былай деп айтқан: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды». Демек, құрбан малы бір көзі соқыр; сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз; құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген; тістерінің көбі түсіп қалған; бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған болмауы керек.

 

Батыржан МАНСҰРОВ,

 

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі,

 

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, РһD докторы

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз