ИМАМДАРҒА ЖАҢА МІНДЕТ ЖҮКТЕЛДІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров аудан имамдарымен кездесті. Басқосуда жастар тақырыбы, дәстүрлі емес діни ағымдармен күрес, сондай-ақ, үгіт-насихат және оқу-ағарту жұмыстарын жандандыру, басқа да көптеген өзекті мәселелер көтерілді.

Облыстағы діни ахуалды тұрақты сақтап тұруда бірлесе отырып, ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтқан бас имам Батыржан Мансұров сауабы мол имамдық қызмет жауапкершілігінің аса жоғары екендігін айтты. Одан әрі бас имам облыстық «Иманғали» орталық мешіті сайтының деңгейін көтеру жайын сөз етті. «Ақпараттың рөлі артқан бүгінгідей кезеңде жергілікті діни сайт жеделдігімен ерекшеленуі керек. Бұл теріс ағымдардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді» деп атап өтті ол.
Жас буынды жат ағымның улы идеологиясынан арашалап қалу. Бүгінгі күннің басты талабы осы. Жиын барысында ҚМДБ-ның Жастар бөліміне Атырау облысы бойынша өкіл тағайындалғандығы белгілі болды. «Аудандар да осындай маман тағайындау мәселесін қарастыруы қажет. Жастардың бос уақытында керексіз, пайдасыз істермен емес, қоғамға қажетті жұмыстармен шұғылдануына себеп болыңыздар» деген бас имам Батыржан Мансұров аудандық әріптестеріне құқық қорғау органдарымен де тығыз байланыста жұмыс істеуді міндеттеді. Мәжілісте сондай-ақ, намаз арасында айтылатын уағыздардың тақырыптары бекітілді. Сондай-ақ, имамдарға оқу-ағарту жұмыстарын күшейту және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты нығайту тапсырылды.

Аяла ӘДІЛЕТ,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз