ИCЛАМ ИНТЕРНЕТТЕН ҮЙРЕНЕТІН ІЛІМ ЕМЕС

Ислам атын жамылған жат ағымдарға жастардың жанкештілікпен бару себебі неде? Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен «дөңгелек үстел» барысында осы мәселе талқыға түсті.

 Қазақстандықтардың отыз пайызын жастар құрайды десек, олардың ішінде студенттердің үлес салмағы басым екен. «Демек, діни мәселелерді реттеуде жастардың таным-түсінігін оң бағытта қалыптастыру маңызды. Бүгінде ғаламтордың мүмкіндігі өте үлкен. Оған ешкім тосқауыл бола алмайды. Сондықтан, жастарымыз көркем, діни әдебиеттерді көбірек оқу арқылы интернеттегі ақпараттарды дұрыс қабылдауға дайындық сатысынан өтуі керек» деп атап өтті шара барысында университет ректоры Бейбіт Мамраев

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев дәстүрлі діндердің қай-қайсысында да діни фанатқа айналуға қатаң тыйым салынғандығын атап өтті. «Сирия, Ливия елдеріндегі ахуалды революция деңгейіне жеткізу үшін белгілі тараптар жұмысын тарихқа, қоғамға еш қатысы жоқ жат ағымдарды күшейтуден бастады. Исламның атын жамылған біздің еліміздегі түрлі ағымдардың да түпкі мақсаты – Отанымызды тоз-тоз ету» деген ол бүгінде протестанттық бағыттағы ұйымдардың да белсенділігі арта түскенін айтып өтті. 

Сала маманының пікірінше, протестанттық бағыттағылар азаматтарымызды психологиялық, моральдық тұрғыдағы әлсіз сәттерін пайдалану арқылы алып кетіп жатыр. Сонда «Хизбут Тахрир», салафизм, уахабизм сынды жат ағымдардың білім-парасаты кемелденген адамдармен қатарларын оңай толықтыруының себебі неде? «Өйткені, олар сан ғасырлар бойы Аллаға сеніп келген қазаққа Құран туралы, Пайғамбар (с.ғ.с) хадистері хақында айтып келеді. Бірақ, олар діннен хабары жоқ адамға қасиетті Құран  Кәрімнің, сонау Пайғамбар (с.ғ.с) заманынан жеткен хадистердің бұрмаланған нұсқаларын насихаттайды. Осылайша, өмір бойы бір Аллаға бас ұрып келген халық болғандықтан, біз олардың сөзін тез қабылдаймыз» деп мәселенің мәнісіне үңілген басқарма басшысы Еркінбек Шоқаев оң мен солды айыра білу үшін де діни сауатты арттырудың маңызды екендігін баса айтты. 

Расымен де ислам көшеден, не интернеттен үйрене салатын ілім емес. Оның сан ғасырлар бойына қалыптасқан өзіндік мектебі, жолы, ұстаздары бар. Сол себепті де облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров жастарды мешіт имамдарынан сабақ алуға шақырды. «Ислам діні адамзат атаулыны қатыгездікке, Отанды бұзуға емес, ата-ананы, елді құрметтеуге, мейірімділікке шақырады. Соның ішінде асыл дінімізде жастардың алатын орны ерекше. Өйткені, адам Алланың алдына барғанда төрт нәрседен сұралса, оның ішінде адамның жастық шағын қалай өткізгендігі, немен айналысқандығы туралы мәселе де бар. Сондықтан, жастарды уақытты текке өткізбей, ілім жинауға, білім алуға шақырамын» деді ол. 

Шара барысында дәстүрі-мізбен біте қайнасып кеткен дініміздің қазақ болмысындағы рөлі, ислам өркениеті, жалпы ислам кереметтері жайлы сөз болды. «Дөңгелек үстел» соңында облыстық дін істері басқармасы мен университет басшылығы өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойды.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз