ДІНТАНУ ПӘНІН КІМ ОҚЫТУЫ КЕРЕК?

Діни сауатсыздықты жоюдағы бүгінгі өзекті проблема – дінтану пәнінен дәріс беретін мұғалімдердің жетіспеушілігі. Бұл пәннен негізінен тарихшылар мен құқықтанушылар сабақ өткізеді. Алайда, олардың дінтану бойынша базалық білімі жоқ, діннің мәні мен мағынасын түсіндіруге өресі жетпейді. Тарихшы тарихын, құқықтанушы құқықтық жағын айтуы мүмкін. Ал, діннің ішкі мазмұнын түсінбеген балаға оны жадағай оқыта берудің еш әсері болмайды. Бұл жөнінде облыстық дін істері басқармасының қолдауымен «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының ұйымдастыруымен өткен семинар барысында кеңінен айтылды.

 

Атырау қаласы мектептерінің дінтану пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің қатысуымен өткен семинарда олардың  біліктілігін шыңдап,  тәжірибелерін молайту бағытында арнайы теолог мамандар дәріс оқыды. Жиынды ашқан облыстық дін істері басқармасының өкілі Жарас Есенғалиев жастарға діни түсінік беру үшін ең алдымен ұстаздардың діни сауатты болуы қажеттігін айтты.

– Кез келген заттың ішкі және сыртқы формасы болатыны сияқты, діннің де сондай ерекшелігі бар. Кейбір сақал өсірген немесе орамал тартқандар мұсылманның бойында жоқ, исламға жат нәрселерді жасап жатады. Мұның бәрі діннің біржақты, сыртқы формасында ғана насихатталуында және оның мазмұнына көңіл бөлінбегендіктен туындап жатыр, – деген Жарас Мағазұлы мәселен, «ораза ұстасаң, осыншама сауап аласың» дей салғаннан гөрі, оның не үшін парыз етілгендігін тереңнен түсіндірген анағұрлым пайдалы екендігін жеткізді.

Ал, дінтану пәнін оқушыларға қалай үйрету керек? Оның тиімділігі қандай? Бұл жөнінде «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы директорының орынбасары Айбек Аташев әңгімеледі. Ол өз сөзінде теріс діни ағымда жүрген мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарымен тығыз жұмыс жасап жатқандықтарын айтып, адасқандардың бетін кері қайтару қиынға соғатынын да жасырмады. Нақты дәлелдер келтірді. «Мұның алдын алу үшін оқушыларға дәстүрлі ислам діні туралы түсінікті мектеп қабырғасында тоғызыншы сыныпта емес, бесінші сыныптан бастап пән ретінде енгізілу керек. Ал, біз бұл ұсынысты сіздердің аттарыңыздан жоғарғы жақтарға міндетті түрде ұсынатын боламыз», – деді Айбек Асқарбекұлы.

Ата-ананың баласы алдындағы басты парызы – оны имандылыққа тәрбиелеу. Имандылық – адам өмірінің нәрі. Ал, имандылық адам бойына қалай сіңеді? Әлбетте, оның негізі – отбасында, әке мен ананың үлгі-өнегесінде, тіпті, ананың құрсағынан бастап қалыптасады. Сондықтан, бала тәрбиесі – Алла алдындағы жауапкершілік екенін ұмытпау керек. Тақырып төңірегінде психолог, теолог Өсімхан Тілеуов баяндап, қасиетті хадистерден мысалдар келтіре айтты.

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Сендердің әрбірің жауапкерсіңдер және жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар. Патша өз қол астындағылар үшін сұралады. Ері – жанұя үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Әйел – күйеуі сыртта болған уақытта үй шаруасы мен балалардың тәрбиесі үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Қызметші –  қожайынның мүлкі үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Сендер барлығың жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар» дейді. Олай болса, әркім отбасындағы тәрбиеге баса ден қойғаны жөн, – деді Ө.Тілеуов.

Ал, теолог  Қанат Жұмағұл  «Тыйым салынған және дәстүрлі емес ағымдар және олардың зияндары» тақырыбында баяндап, дәстүрлі ислам дінінің бағыты – ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебі туралы түсінік берді.

Тақырып аясында мектеп мұғалімдері өз ойларын да ортаға салып, пікір алмасты. Мектепте орамал тартып, ішкі ережеге бағынбайтын оқушылармен қалай жұмыс жасау қажеттігі жөнінде сөз болды.

Дін – мәдениеттің де, тарихтың да негізгі іргетасы. Сондықтан, бұл дінге бейжай қарауға болмайды. Әсіресе, мектеп бағдарламасына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Мектеп мұғалімдері діни сауатын ұдайы арттырып отырғаны жөн. Бұл ретте дінтанушы ғалымдардың қатысуымен арнайы оқулық жазылып, мектеп бағдарламасына енгізілсе, бұл діни сауатсыздықты алдын алудың бір жолы болар еді, – деді Айбек Аташев жиынды қорытындылаған сөзінде.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз