БАТЫРЖАН МАНСУРОВ, ОРТАЛЫҚ «ИМАНҒАЛИ» МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ: «ДІН – РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ АЗЫҒЫ»

Әулие, һәм әруақ мәселесіне келгенде ислам көзқарасы қандай болуы керек? «Жеті шелпекке» байланысты түсінікке ислам қалай қарайды? Халық арасында қалыптасқан өзге де наным-сенімдерге байланысты сұрақтарды Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Атырау өңірі бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансуровқа қойған едік. 

 Әулиеден  сұрауымыз дұрыс  па?

– Қазақ – ықылым заманнан әулие-әмбиелерді пір тұтып келген халық. Олардың басына түнек орнатып жатқандар да бар. Өкінішке орай, дінді енді ұстана бастаған көптеген жастар дәл осы мәселеге келген кезде қателіктерге бой алдырып жатады. Жалпы, әулиелерге, әруақтарға деген көзқарас қандай болуы керек?

– Ата-бабаларымыз қашан да үлкендерді, дүние салған ата-аналарын, әулие-әмбиелерді құрмет тұтып, ардақтап келген. Сондықтан, кейбір жастардың бұл мәселеге бұрыс көзқараспен қарауы көп жағдайда теріс ағымдардың әсерінен шыққан проблема болуы мүмкін. Жалпы, дәстүрлі ислам бұған не айтады? Мен осыған тоқталайын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір  деректеріне, айтқан өсиеттеріне қарайтын болсақ, жалпы қабір басына баруды, қабірге зиярат етуді оның пайғамбарлығының алғашқы дәуірлерінде тыйым салғанын көреміз. Оған себеп, халықты қабірлерге сыйынып кетуден сақтандыру еді. Кейіннен халықтың сауаты артып, Құран мен хадисті ажырататын деңгейге жетіп, шариғат ілімдері жетіліп, дамыған соң Алла елшісі өзінің хадисінде «мен сендерге қабірге зиярат етуге рұқсат беремін, зиярат етіңдер. Өйткені, ол сендерге өлімді еске салады» деп өсиет етті. Рас, шариғат қабір зияратына рұқсат беруімен қатар, оның өзіндік әдептерін де, талаптарын да енгізді. Мұсылман адам өз ата-бабасының, дін қайраткерлерінің, әулие атанған кісілердің қабіріне барғанда марқұм болып кеткендерге әуелі сәлем береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шариғатта ең алдымен осы нәрсені үйретті. Екіншіден, ол жерге барғанда Құран аяттарын оқып, оларға сауабын арнайды, бағыштайды. Үшіншіден, Алладан мейірім, рақым тілейді. Төртінші, әдеп ретінде қабір азабынан сақтауды Алладан сұрайды. Және де кейінгі әдебі ретінде қабір басына зиярат етуші кісі дауыс шығарып жыламайды. Шашын жұлып, жаға жыртпайды, тұлданбайды. Пайғамбарымыздың марқұм кісінің қасына барғандағы талап, өсиеттері осындай болған.

 Ал, әулие мәселесіне келген уақытта, ең алдымен әулие дегеніміз кім? Осыған тоқталайық. «Әулие – Алланың сүйікті құлы» деген сөз. Араб тілінен қазақ тіліне енген бұл сөздің шығу этимологиясы «дос» дегенді білдіреді. Мысалы, Құранда мынадай аят бар. «Аллаға иман келтіргендер – Алланың досы». Ол қандай дос? Ол – Алланың бұйрықтарын бұлжытпай орындайтын, Алланың тыйған тыйымынан тыйылатын адам. Әулиелерді тарих та, шариғат та жоққа шығармайды. Демек, Пір Бекет, Қожа Ахмет Яссауи сынды әулиелердің болуы хақ.

Бірақ, әулиенің басына барған уақытта көзқарас қандай болуы керек? Мәселе осында болып отыр. Өзгермейтін қағида сол, адам өлі кісіден ешнәрсе тілемеуі керек. Зияраттың басты әдебі де осы. Бірақ, мынадай дүние бар. Біз ол жерге барған уақытта не істейміз? Біз олардың жатқан жері берекелі болғандықтан, Алланың құзырындағы сүйікті пендесі жатқан киелі орын болғандықтан пайғамбардан, иә әулиеден емес, Алладан сұраймыз. «Бәлкім, сұрап жатқан дұғамыздың қабыл болуына сол киелі жер анағұрлым жақынырақ болар» деген ойды ұстануымыз керек. Ол жерлерге біз ғибрат мақсатында және түбі сол жердің біздің мәңгілік мекенімізге айналатынын еске түсіру үшін де баруымыз керек.

– Ел арасындағы ежелден келе жатқан сеніммен сабақтас мәселені мына сұрақпен одан әрі өрбітсек. Кейде халық әулие-әмбиелердің басынан топырақ алып, емге дәру жандарды ұшықтап жатады. Исламның осы мәселедегі көзқарасы қандай?

– Кісі ауырған уақытта, кісіні жын қаққан уақытта немесе оның бойында қандайма бір проблема болған уақытта әулиелердің басына барып, топырақ алып, ем іздегенше, он сегіз мың ғаламды жаратқан Алладан шын ниетімізбен шипасын сұрайтын болсақ, Жаратушы иеміз сол адамның дертіне дауа, жанына тыныштық береді. Бәрін беруші де, шешуші де бір Алла. Сондықтан да, өлі кісінің басына барып, әлгіндей тірліктер жасау құпталмайтын іс. Өйткені, ол әулиені де жаратқан бір Алла еді. Жалпы алғанда, шариғатта адамдар тарапынан әулиенің басынан топырақ алып, науқас адамды ұшықтау деген дүние жоқ. 

Сенімдердің  көбі себепсіз

– Халық арасында «кісісі қайтыс болған үйдің айнасы міндетті түрде үш күн бойына жабық тұруы керек» деген де сенім бар. Білуімше, шариғат мұндайды міндеттемейді. Осы жайттың ара-жігін ажыратып берсеңіз…

– Халық арасындағы кейбір түсініктер ислам дәуірінен бұрын ертеректе қалыптасып қалған ырымдардың сарқыншағы болуы мүмкін. Шариғатта ырымға аса орын жоқ. Асылында, кісісі қайтыс болған үйдің айнасы, шамы немесе жарығы Алланың қамқорлығына себепші бола алмайды. Сондықтан, бұрыс сенімдерден арылып, дұрыс сенімдерге бет бұру маңызды.

– Бүгінгі сұхбатымызды ел ішінде қалыптасқан наным-сенімдерге, түсініктерге арнап отырғандықтан, «жеті шелпек» мәселесінен аттап кете алмадық. «Жеті шелпекке» келгенде әсіресе, теологтар арасында түрлі пікірлер көп. Олардың көпшілігі «шелпекті тек қайырымдылық мақсатта, міскіндерге тарату үшін ғана пісіру керек. Өлген адам шелпек піскен майдың иісін қалай сезінеді? Шелпек арқылы дұға бағыштау дұрыс емес» деген көзқарасты қолдайды. Бұған не дейсіз?

– Теологтардың да, дінтанушылардың да тарапынан жеті шелпек мәселесіне келгенде қарама-қайшылықты пікірлер бар дегенге қосылмаймын. Бұл мәселеде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты дін мамандарының көзқарасы бірдей. Ал, жалпы «жеті шелпек» мәселесіне ұлттық тұрғыдан қарағанымыз дұрыс. Әр ұлттың өзінің дәстүрі, жөн-жоралғысы болатыны секілді, қонақжайлылық – қазақ халқында ықылым заманнан қалыптасқан дәстүр. Рас, алыстан келген мейманға мал шалу, дастарханға ақ қою, оларға құрметпен шелпек, бауырсақ пісіру – бабаларымыздан қалған керемет дәстүр. Бірақ, «жеті шелпек піскен майдың иісі өлгендердің рухына тиеді» деген пікір жаңсақтық. Шариғатта да мұндай мәселе қателік деп көрсетіледі. Сондықтан, біз жеті шелпекке ұлттық дастарханымыздың дәстүрлі мәзірі деп қарауымыз керек. Бірақ, біз «шелпек бар жерде ғана дұға оқимыз» деген пікірден аулақпыз. Біз дұғаны шелпекке емес, сол үйде марқұм болып кеткен кісінің рухына сауап арнай отырып оқимыз. Ал, келген адам сол шелпегімізден ауыз тиіп,  сол жерден дұғасын арнаса, бұл марқұм кісіге арналған сауап дастарханға тигізген бір үлесі болып қабылданады. 

Бал аштыру – күнә

– Дініміз құмалақ, тас ашушыларға қалай қарайды? Кей жағдайда сондай сипаттағы бақсы-балгерлердің көмегіне жүгінуді ислам қаншалықты құптайды?

– Ислам шариғатында құмалақ, тас, бал ашуға қатаң тыйым салынған. Оған баруды үлкен күнә деп санайды. Өйткені, Құранда «үлкен күнә арақ ішу болса, соның санатында бал аштыру да бар» делінген. Сондықтан, қандай жағдайда болмасын пенденің бақсы-балгерлердің көмегіне жүгінуі сайып келгенде, Жаратушы иемізге серік қосушылық, мұның соңы кешірілмейтін үлкен күнә болып саналады. Демек, кез келген пенде мұндайдан абай болуы керек. Иман шарттары алтау болса, біз тағдырға иман келтірдік. Оның ішінде біз жақсылықтың да, жамандықтың да Алладан келетінін көреміз. Екіншіден, ғайыптың кілті, яғни біз білмейтін келешегіміздің кілті Алланың еншісінде. Сондықтан, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарында да, хадистерінде де мұндай мәселеге қатаң тыйым салады. «Маида» сүресінің 90-шы аятында «бақсы-балгерлер жындармен байланыс құрады» деген сөз бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сондай-ақ, «кімде-кім көріпкел мен балгердің сөзін растаса, ол адам маған жіберілген дінді жоққа шығарған болады» деп ескертеді. Тағы бір хадисінде «көріпкел болашақты болжағанда өтірік пен шынды араластыра сөйлейді» деген. Біздіңше, осы мысалдардың өзі көп нәрседен хабар бере алады. 

Жан  рахатын іздесең, мешітке  кел!

– Уақытын жоспарлап жұмсайтын бүгінгі заман адамдары көп жағдайда жанын тыныштандыру үшін йога курстарына арнайы жазылып, барып жатады. Мейлі делік, бірақ, соңғы кездері йоганың жай ғана жаттығу емес, оның да діни сипаты бар құрал екендігі айтыла бастады. Осы мәселенің ара жігін аша отырсаңыз. Жалпы, йогамен айналысушыларға шариғатта арнайы үкім қарастырылған ба?

– Егер қандай ма бір кез келген пенде жанын рахаттандырып, рухын тыныштандырғысы келсе, ең жақсы өсиет бар: ол намаз оқысын. Мешітке келіп Алланы зікір етсін. Тәспі тартсын. Қасиетті Құранда Жаратушы иеміз «біліп қойыңдар, жүрек тек Алланы еске алумен ғана тыныштық табады» деген. Сондықтан, өмірдің күйбең тірлігінен бір сәтке болса да алыстап, жанын рахаттандырғысы келген адам мешітке келіп намаз оқысын. Алла оның жанына тыныштық, өміріне береке сыйлайды.

– Сұхбатымызды қорыта келе, оқырмандарға айтарыңыз…

– Адамзат баласы дүниеге сынақ үшін келген. Алла адам баласын өмір мен өлім арасында жақсылықпен де, жамандықпен де сынайды. Сол сынаққа Раббысын танып, о дүниесін еске алатын, жақсылыққа асығып, жамандықтан тыйылатын пенделер ғана төтеп бере алады. Сондықтан, мұсылман баласы өмірін бос өткізгенше, пайдалы істермен айналыссын. Бір Аллаға сыйынған пенде ғана таршылықтан арылып, кеңшілікте өмір сүретін болады. Діннен шошынбайық. Ол – руханиятымыздың азығы. Тәніміз ішіп-жеуге қалай мұқтаж болса, жанымыз руханиятқа да соншалықты мұқтаж екенін ұмытпайық.

– Салиқалы сұхбатыңызға бек рахмет!

Әңгімелескен 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз