ӘБУ ХАНИФА және ИСЛАМ ҚҰҚЫҒЫ

Әбу Ханифа – білім іздеумен қатар, өз заманында сауда-саттықпен де айналысқан жан. Сондықтан, ол әрдайым өмірдің және құқықтық мәселелердің қайнаған ортасынан табылып, олармен етене таныс болғандықтан, кездескен жайларға байланысты ижтиһад (зерттеу) жасап, пәтуалар беріп отырды.

Бірақ, олардың барлығын қағаз бетіне түсірмеген, әрі өзінің үкім шығару әдісіне байланысты қандайда бір еңбек жазып қалдырмаған. Осыған орай оның артынан түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылып, «қиясқа (аналогия) көп жүгінген, қиясты настан (құран мен сүннет) жоғары қойған» деген сындар айтылған. Әбу Ханифаның «Біз алдымен Алланың кітабында айтылғанды аламыз. Ол жерден таппасақ, Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне қараймыз. Ол жерден де таппасақ, сахабалардың ижмасына (бір ауыздан келіскеніне жүгінеміз), егер олар нақты бір түйінге келмеген болса, ішінен қуатты көзқарасты таңдап аламыз. Олардың көзқарасы тұрғанда өзгелердікіне жүгінбейміз. Алайда, Хасан Басри, Ибраһим ән-Нахаъи, Саид бин Мүсәйиб сияқты табиғин ғалымдарына келер болсақ, олардың берген үкімдеріне байланып қалмаймыз. Олар сияқты біз де үкім шығарамыз. Илләт (ортақ себеп) табылып жатса, мәселеге настың үкімін беріп, қияс жасаймыз» деген сөзінен оның үкім шығару әдісін аңғаруға болады.
Әбу Ханифаның түрлі кінәраттарға душар болып, ол жайлы жағымсыз сөздердің айтылуының басты себебі, табиғиндердің берген пәтуаларына жүгінбей, өзінің олар сияқты үкім шығара алатындай дәрежеде екендігін айтуы, өз дәуіріндегі фақиһ (құқықшы) ғалымдардың көзқарастары мен пәтуаларына тиісті жерлерде қарсы пәтуа бергендігі, әрі зерттеумен көп айналысуында жатса керек.
Әбу Ханифа аналогия әдісін көп қолданған. Өйткені, ол тұратын аймақ қым-қиғаш, шытырман оқиғалардың қайнап жатқан, әрі оларға шешім іздеуді талап ететін жер болатын. Құқықтық мәселелерді жан-жақты қарастырып, қызу талқыға түсіргендіктен, түрлі жағдайлар мен мүмкіндіктерге орай пікір мен шешімдер беріп, осының нәтижесінде хадисшілерге кереғар ұстанымы арқылы әлі шыға қоймаған мәселелердің үкімдерін шығаруға дейін барып отырды. Әбу Ханифаның қиясқа көбірек жүгінгендігі рас болса да, бұған бола қатаң сынға алынуы дұрыс емес. Өйткені, сахабалардың өздері, өзге ислам ғалымдары да азды-көпті осы әдісті қолданған.
Әбу Ханифаның жасаған қиясының өзгелерден басты айырмашылығы – белгілі бір жүйе мен қағидаларға негіздеу, оны жиі қолдану және әлі шыға қоймаған мәселелерге де қолданғандығында. Өйткені, Ирак аймағына тән кейбір жағдайлар, болып жатқан түрлі мәселелердің алдында үнсіз қалғаннан гөрі, мұсылмандарға жол көрсетіп, халықтың өз беттерінше бір үкім шығаруына жол бермеуге итермеледі. Алайда, ол жайлы «қиясты настан жоғары санаған және ахад хадисті қабыл етпеген» деген пікірлер негізсіз. Әбу Ханифа бір мәселенің үкімін алдымен Құраннан іздеген, аяттың әртүрлі сөздік мағыналарын, умум-хусус, итлақ-тақийд, насих-мансух сияқты сөздердің арасындағы методологиялық байланыстарын назарда ұстаған. Ал, егер нақты бір дерек пен дәйек таппаса, аяттардың ашық, жалпы және тікелей мағыналарын негізге алған. Егер Құранда тақырыпқа байланысты қандайда бір аят таппаған жағдайда Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) Йменге әкім ретінде жіберген Муаз бин Жәбәлдің Құраннан таппаған мәселенің үкімін сүннеттен іздеймін деген сөзіне орай Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқанына жүгініп, сахабалардың ұстанған жолы бойынша сүннетті басшылыққа алған. Шын мәнінде сүннеттің дәлел болатыны, әрі дәлел ретінде қолданудың маңыздылығы және қажетті екендігі Әбу Ханифаның шығарған үкімдері мен пәтуаларынан айқын байқалады.
Әбу Ханифаның ислам құқығының ғалымы болып қалыптасуына тұлғалық қасиетінің, өзі өмір сүрген заманның талап-шарттарының, жеке пікірі мен ұстанымының, білім аясының, дәріс алған әрі кездескен ғалымдарының белгілі бір деңгейде ықпалы болғаны рас. Дәл осындай ықпалды, оның көзқарасы мен тәлімін кейіннен қалыптасқан Ханафи мәзһабынан байқауға болады. Әбу Ханифаның фиқһ ілімінен сол дәуірде Ирактағы рай мектебінің өкілі болған Ибраһим ән-Нахаъи және Хаммад бин Әбу Сүлейманның салған іздері байқалады. Бұл жағдай Шах Уәлиуллаһ әд-Диһләуи сынды кейбір елеулі ғалымдарды Әбу Ханифаның фиқһының Ибраһим ән-Нахаъидың фиқһынан еш айырмашылығы жоқ деген ойға жетелеген. Имамның алғашқы кездерде ұстазы Хаммадтың және Ибраһим ән-Нахаъидың салған ізімен жүргені рас. Әйтсе де, ұстазы дүниеден өткеннен кейінгі отыз жылдың ішінде хадис пен рай мектебінің бір-бірлеріне едәуір жақындағандығына байланысты хадис мектебі өкілдерімен байланыс орнатқан. Мекке, Мәдина және Әһлі бәйттің фиқһ ілімінен пайдаланып, заманындағы атақты ғалымдармен кездесіп, пікір алмасқан. Осылайша, Ислам үмметінің фиқһ (ислам құқығы) мирасын түрлі жолдар, түрлі көзқарас және әдістермен аясын кеңейте отырып, солардың арасынан түйін жасауға үлкен мүмкіндік тапқан.
Әбу Ханифаның сауда-саттықпен айналысуы, адамдардың проблемалары мен қажеттіліктерін етене танып, араларында жүруі де үкімдерінің қонымды, әрі орынды түрде берілуіне үлкен септігін тигізді. Енді, бір жағынан, оның алуан түрлі мәдениет пен салт-дәстүр өкілдерінің біте қайнасып жатқан Ирак өңірінде өскендігі, Хижаз аймағында қалыптасқан жалпы әлеуметтік құрылым мен түсініктің аз болса да ықпал етуі көптеген мәселелерде әдет-ғұрып пен қоғамда қалыптасқан кейбір жағдайды негізге алып, түрлі жорамал мен үкімдер шығаруға алып барды. Ханафи мәзһабының арабтардан өзге мұсылман жұртшылығының арасында кең етек жайылуының ең басты себебі осы болса керек.
Әбу Ханифа ұстаздары мен өзінен алдыңғы ұрпақтардан қалған фиқһтық қағидалар, көзқарастар, аят пен хадистерге байланысты жорамалдарды өзі өмір сүріп отырған орта, адамдардың қажеттілігі мен діннің басты қағидалары және негізгі мақсаттар тұрғысынан сүзгіден өткізді. Сондай-ақ, шектеулі настармен шексіз мәселелердің, аяттан шығарылған үкім мен ақыл болжамының, әрі хадис пен райдың арасынан өте тамаша жол тауып отырған.
Әбу Ханифаның әдет-ғұрыпты, Құранның негізгі принциптерін, қоғамдық шарттарды ескеруі және истихсанды жиі-жиі қолдануы – осындай еңбегінің жемісі. Ол сауда-саттықтағы қарым-қатынастарды ашық әрі айқын, өсімнен алшақ, әдет-ғұрып пен қажеттіліктерге сай, туралық пен сенімділік сынды төрт негізге негіздеді. Осылайша, сауда құқығында борышкерлердің, жанұя мен қоғамдық құқықта жеке адамның ынта-жігері мен жауапкершілігін, адамның ақысы мен құқықтық еркіндігін басты назарда ұстады. Оның бойжеткен қыздың уәлиінсіз (ер туысы) үйлене алатындығы, сафиһ (ақшаны оңды-солды шашатын, өзінің пайдасын білмейтін аңқау кісі) пен борышкердің мүмкіндігін шектеуге болмайтындығы сияқты фиқһтық көзқарастары – жоғарыдағы түсініктің нәтижесі.
Әбу Ханифа сахаба мен табиғин дәуірінде Ирак өңірінде қалыптасқан ғылыми қор мен пікір байлығына ұстаздары мен кездескен ғалымдардың жәрдемімен тез арада қол жеткізіп, әрі меңгеріп алуға мүмкіндік алды. Айналасында таңдаулы, әрі алғыр шәкірттерден құралған топ бір жағынан өздеріне берілген құнды мирасты, өздерінің өмір сүріп отырған заманның талап-шарттарына сәйкес сүзгіден өткізіп үкім шығаратын орталық қызметін атқарды. Ол дәуірдегі фиқһтың бай қоры Әбу Ханифаға емес, сол өңірге негізделіп «Ирак фиқһы» деп айтылды. Екі атақты шәкірті Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің жазған еңбектерінің арқасында кейінгі ұрпақтарға жеткен аталмыш фиқһтың ішінде Әбу Ханифаның шәкірттерімен қатар, Осман әл-Бәтти, Ибн Шубрумә, Ибн Әбу Ләйла сияқты замандас фиқһшы ғалымдардың да көзқарастары орын алған. Алайда, сол дәуірде қалыптасқан фиқһтық қор һәм ұстаз болғандығы һәм көзқарастарының қонымды болғандығы үшін «Ханафи мәзһабы» деп атала бастаған.
Ал, Ирак фиқһының мәзһаб ретінде шығуына аймақтық, әрі тарихи шарттармен қатар, фиқһтық мәселелер мен шешімдерінің бір жүйеге келтіріліп, белгілі бір ереже мен әдіске негізделуінің де маңызды рөлі бар. Сондықтан да, Әбу Ханифа дәуіріндегі фиқһтық қор мен ойларды бөлшек-бөлшек жеке мәселелер мен шешімдер қатарынан шығарып, белгілі бір өлшемде жүйелеп, жаңа туындаған оқиғалар мен мәселелердің фиқһтық шешімін беруге мүмкіндік беретін жағдайға жеткізу үшін өз дәуіріндегі фиқһ ілімінің қарқындап дамуына елеулі үлес қосты. Десек те, Ханафи мәзһабының дамуына айналасындағы дәріс алқасын құрған Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Зуфар сынды мутлақ мужтаһид сипатындағы таңдаулы шәкірттерінің һәм ұстаздарының көзі тірісінде һәм ол дүниеден өткеннен кейін фиқһ жолында сіңірген еңбектерінің де маңызы зор деп айтуға толық негіз бар.

Ерғали АЛПЫСБАЕВ,
теолог,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз