Қарабаудағы дау

Қазақта ежелден дау көп болған. Содан болар, оны шешудің дәстүрі де қалыптасқан. Жер мен жесір, құн мен мал дауы ру-тайпаны бірде тонның ішкі бауындай араластырып, енді бірде жеті атасына дейін көрместей жауластырды. Істің ақ пен қарасын ажыратып, төрелігін кесіп айтатын билер туралы да тарихтан терең білеміз. Бүгінде барлық мәселені заң негізінде шешетін арнайы органдар болғанмен, дау көбеймесе азаймай тұр. Соңғы жылдары Атырау облысы ғана емес, ел бойынша су дауы жиілеп кетті. Соның бірі – Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылында өршіді.

Тұрғындардың жанайқайы

karabau

Редакцияға хабарласқан Тельман Оразов Қарабаудағы 150-ден астам тұрғынның жанайқайын тәптештеп айтып берді. Байыбына барсақ, бұл тек бір күнде туған дау емес сияқты. Ауылдағы ауыз су беру нысанын сенімгерлікке алған кәсіпкер бас бермес асаудай халықтың мұңына бұған дейін құлақ аспай келген көрінеді.

– Осыдан он шақты жыл бұрын Қарабаудан 15-16 шақырым жерден «Асыл Агро» шаруа қожалығы жер алып, малын баға бастады. Шаруашылықтың иесі Нұфтолла Құлбасов онымен қоймай, «Мұздыбұлақ-Қарабау» топтық су құбырын сенімгерлік басқаруға алды. Иелігіне алған жерге Қарабаудан құбыр жүргізіп, мыңға тарта сиырды халықтың ауыз суымен суарып келе жатыр. Мал бір орында тұрмайды ғой. Содан бері жергілікті халықтың мал жаятын, шөп шабатын жерін тапап, пайдасыз қылды. Енді тағы мың жылқы әкелмек болып, алғашқы үйірлерін жеткізіпті. Оны жергілікті халықтың ауыз суымен суаруына жол бермейміз, – деді ол.

Қысқасы, ауыл тұрғындары шаруагердің 5000 гектар жерге мыңғырған мал бағып, оған Мұздыбұлақтың суын пайдалануына түбегейлі қарсы. Бұл мәселе жыл басында ауыл әкімінің есебінде көтерілгенімен, жауапсыз қалған. Осыған дейін Ойылды жағалап, өрісін еркін пайдаланған қарабаулықтар соңғы үш жылда өр суының келмегені өз алдына, тіршіліктерінің жалғыз көзі – Мұздыбұлақтың суын кәсіпкер мол ысырап жасап отыр деп есептейді.

«Асыл Агро» ЖШС – қанатын кеңге жайған шаруашылық. Қандай қысылтаяң болса да күнін көре береді. Ал, қолындағы азын-аулақ малымен күн көріп, ұрпақ өрбітіп отырған қарабаулықтар сусыз қалса қайда барады?! Бізге бір шаруа қожалығы маңызды ма, әлде бүтін бір ауылдың тағдыры салмақты ма? Тұрғындар бүгінгі ішіп-жеміне емес, ұрпағының ертеңгі күніне алаңдаулы. Шынында да, осыдан соң жастарға «ауылға келіп кәсіп жаса, туған жерді көркейт» деп айтудың жөні болар ма екен?

Мәселенің мән-жайын білмек ниетпен шаруашылық иесі Нұфтолла Құлбасовқа қоңырау шалдық.

– Рас, 2012 жылдан бері «Мұздыбұлақ-Қарабау» су құбырын сенімгерлік басқаруға алып, ауыл халқын тәулік бойы сумен қамтамасыз етіп отырмын. Сусыз қалған күні болған емес. Әр түтіннен тұтынған суына қарай 300-500 теңге төлем алынады. Ол тіпті менің шығындарымды да жаппайды. Шаруашылық күніне 0,3 текше метр су пайдаланады. Малды құдықтан суарамыз. Бүгінде шаруа басында 11 сиыр, 500 бас қой, 120 жылқы бар, – деді ол.

Байқап көрсек, ауыл тұрғыны мен шаруагердің сөзі бір-біріне мүлдем кереғар. Ал, әбден ашынған халық шағымдануын тоқтатар емес. Әлеуметтік желіде дау-дамай көбейді. Талап мынау – ««Мұздыбұлақ-Қарабау» су торабынан «Асыл Агро» шаруа қожалығы құбырмен су алуын тоқтатсын. Сонымен қатар, жалға алған 5000 гектар жерін қоршап, малды сол аумаққа бақсын. Ауыл халқының жайылымы мен шабындық жеріне көз тастамасын» дейді олар.

«Қосымша құбыр жұмысын тоқтатады»

Редакциямызға түскен шағым мен Қарабаудағы халықтың наразылығына орай Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиевке хабарластық.

– Аудандағы жалпы ахуал тұрақты. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Округте жерасты су қоры жоқ болғандықтан, 2015 жылы «Мұздыбұлақ-Қарабау» топтық су құбырынан «Асыл Агро» шаруа қожалығына заңнамаға сәйкес қосымша құбыр тартылған. Бүгінге дейін шаруаның малы осы су құбыры арқылы суарылып  отыр. Шаруашылықтың 5000 га жерінде құдық жоқ. Су кодексі бойынша балама су көзі болмаған жағдайда, ауыз суды ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға болады. Қазір округте 2274 сиыр, 7132 қой-ешкі, 1253 жылқы бар. Барлығын да жергілікті тұрғындар ауыз сумен суаруға мәжбүр. Енді халықтың талабына сай, қосымша су құбырының жұмысын тоқтатамыз. «Асыл Агро» қожалығы суды тасымалдап алатын болады. Біз үшін тұрғындардың пікір-ұсынысы – алдыңғы орында, – деді Нұрсұлтан Орақұлы.

Айтпақшы, сенімгерлік келісім-шарт мерзімінің биыл қазан айында аяқталуына орай, топтық су құбырын «ҚазСуШар» РМК-ның иелігіне тапсыру үшін құжаттар дайындап жатқанын да әкім жасырған жоқ. Арнайы мекеменің құзырына өткеннен кейін, шаруа қожалығы заңды тұлға ретінде суды тарифтік төлемге сай тұтынуы тиіс.

Ал, қожалықта қанша мал барын аудан басшысы тап басып айта алмады. Өйткені, шекаралас Индер ауданында да аталған шаруашылықтың жайылымдық алқабы болғандықтан, тұяқты малдың есебін арнайы нақтылау шарт екен. Бірақ қожалықтағы түлікті Қызылқоға ауылдық округінің есебіне заңды тіркеу жұмыстары жүріп жатқанын мәлім етті.

Сенімге селкеу түсті

– Су құбырын сенімгерлікке беру жұмыстарымен жергілікті атқарушы орган айналысады. «Асыл Агро» шаруа қожалығы 2017 жылы инспекциядан «2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қарабау ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету  мақсатында су пайдалану үшін» рұқсат алды. Онда «су пайдаланудың жылдық көрсеткіші – 62 049 текше метр, яғни тәулігіне 170 текше метр» деп көрсетілген. Ол үшін кәсіпкер мемлекетке заңнамаға сәйкес салық төлейді. Біз тек рұқсат береміз. Бірақ мұны ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға болмайды, – деп бастады әңгімесін Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллин.

Бір жақсысы, «Асыл Агро» тарапына бұған дейін ешқандай шағым түспепті. Ал, өздігінен барып-тексеруге инспекцияның құқы жоқ. Тек мәселе министрлікке жетіп, арнайы комиссия құрылса ғана егжей-тегжейлі анықтауға кіріседі.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Мұздыбұлақ кен орнындағы жер асты су қоры мемлекеттік комиссияның 2008 жылғы 15 желтоқсандағы №723 хаттамасына сәйкес, тәулігіне 170 тонна су пайдаланған жағдайда 27 жылға жетуі тиіс. Қазір округке қарасты Қарабау және Бұқар ауылдарына күз бен көктемде тәулігіне 50 тонна, жазда тәулігіне 120 тонна су беріліп отыр. Егер басқа мақсатқа пайдаланбай, осы межемен ғана тұтынылса Мұздыбұлақтың табиғи йодталған тұщы суы 2035 жылға дейін жеткілікті.

Бірақ бұл да аса көп уақыт емес, 14 жыл лезде өте шығады. Ал, ауылдағы өмір одан соң тоқтап қалмасы түсінікті. Тұрғындардың уәжі де осы. Мұны құзырлы орындар назарға алып, бірлесіп іс атқарса шешілмейтін мәселе жоқ. Халықтың бірден-бір тіршілік көзі – ауыз суды сенімді басқаруға алып, елдің сеніміне селкеу түсірген шаруагердің әрекеті өзгелерге сабақ болса дейміз.

Әрине, мәселе күрделі. Бірақ келешекті ойлаған жұртты алаңдатар тағы бір жайт бар. Мейлі, Мұздыбұлақ суын сенімді басқару басқа құрылымның қолына өткеннің өзінде Қарабаудағы тұрмыс қалай болады?! Шапқан аттай зымырап он төрт жыл өте шыққанда, Мұздыбұлақтағы жерасты суы өне бермейді. Сонда ауылды көшіруге тура келе ме екен?!

Бұл – бір ғана ауылдың мұңы мен мұқтажы. Ал, Атырау облысында осындай қанша ауыл бар екен? Оған әлі зерттеу жасалмай жатыр…

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз