
Ұрпақ сабақтастығын нығайтқан жорық
Атырау облысында «Ұрпағыңмен мың жаса!» жобасы аясында әке мен баланың рухани байланысын нығайтуға бағытталған алғашқы екі күндік «Салт-атты жорық» табысты өтті. Жобаның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, әке мен баланың өзара жақындығын арттыру.

Жорыққа жалпы 20 адам – 10 әке және 10 ұл қатысты. Оның ішінде облыстың 7 ауданынан жеті әке мен жеті бала, Атырау қаласынан үш әке мен үш бала бар. Қатысушылар 14 қараша күні таңғы сағат 9:00-де «Атырау-Махамбет» тасжолы бойынан атқа қонып, Сарайшыққа қарай 60-70 шақырымдық бағытты еңсерді.
Іс-шараның ашылуында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева жорықтың тәрбиелік мәнін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жорықтың екінші күні қатысушылар «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына экскурсия жасады. Олар сапар орталығындағы құнды жәдігерлермен танысып, этнографиялық мұражайды аралап, орта ғасырлық қазба орындарын тамашалады. Халқымыздың бай мұрасына терең үңілген балалалар мен әкелер көне Сарайшықтың тарихынан ерекше әсер алғандарын айтты.

Сондай-ақ «Батыс қақпа» алаңында ұлттық ойын – садақ ату ұйымдастырылды. Бұл шара әке мен баланың назарын бір мақсатқа бағыттап, табандылық пен мергендікке баулып, өзара рухани жақындықты күшейтті.
Қатысушылар Сарайшық сапар орталығын аралап, ұлттық ойынға қатысып, туған өлкенің табиғаты мен тарихымен етене танысты. Балалар алғаш рет атқа міну тәжірибесін алып, ерекше эмоциямен бөлісті. Әкелер де екі күндік сапардың олардың арасында жылы достық орнатқанын атап өтті.
Жорық соңында белсенділік танытқан әкелер мен балаларға Атырау облысы әкімдігінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табысталды. Білім беру басқармасы өкілдері шараны қорытындылап, қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.

«Ұрпағыңмен мың жаса!» жобасы аясында жыл бойына 8 ірі іс-шара өткізу жоспарланған. Оған жалпы саны 4 мыңға жуық әкені тарту көзделіп отыр.
Екі күндік «Салт-атты жорық» ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын насихаттаудың жаңа қадамы ретінде жоғары бағаланды.
Алмас ҚАБДОЛ



