
Тарихи мұраның алтын қазығы
Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ұйымдастыруымен «Сарайшық – тарихи мұраның алтын қазығы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Тағылымды іс-шара қазақтың тұңғыш астанасы болған Сарайшық мұрасын зерттеуге зор үлес қосқан белгілі өлкетанушылар Молдаш Бердімұратов пен Өтепберген Әлімгерейдің еңбегі мен есімін ұлықтауға арналды.

Жиынның шымылдығы осы тақырыптағы көрменің таныстырылымен ашылды. Онда жоғарыда есімдері аталған арда азаматтардың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін жазбалар, қолтаңбалары, ұстап-тұтқан дүниелері, артына қалдырған баға жетпес құнды мұралары қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылды.

Іс-шара өнегеге толы ғибраты мол жиынға жалғасты. Оны республикалық музей-қорықтың директоры Әбілсейіт Мұқтар жүргізіп отырды. Арнайы шақырумен келген қонақтар басқосудың арқауына айналған азаматтар жайлы әсерлі әңгімелерімен, естеліктерімен бөлісті.


Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Тоғжан ЕРМЕК



