Жарнама
Ғибрат

«Суретті түсірген АМАНГЕЛДІ МУТИГУЛЛИН»

Есімі елімізге танымал фотожурналист, Ақпарат саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының, республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Амангелді Мутигуллин 68 жасында өмірден өтті.

Амангелді Мутигуллин 1957 жылдың 15 қазанында Исатай ауданының Забурын (бүгінде Зинеден) ауылында дүниеге келген. 1964-1974 жылдары Құрманғазы ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы (қазіргі Ф.Оңғарсынова) атындағы орта мектепте оқып, онжылдық білім алып шықты. Ол 1975–1978 жылдары В.П.Чкалов атындағы Егорьев азаматтық авиация техникалық училищесінде (РФ Москва облысы) оқыды.

1978 жылдан 2000 жылға дейін Атырау әуе кәсіпорнында авиатехник және бортмеханик болып еңбек етті. 2000 жылдан бастап өз өмірін фотожурналистикамен байланыстырды. Аймақтық «Ақ Жайық», облыстық «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газеті редакцияларында 2003 жылдан 2012 жылға дейін еңбек етті.  Осы кезеңде ол өзін нағыз фотожурналист тұрғысында танытты.

Амангелді Мутигуллиннің Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында түсірген суреттері кейін «Жеңіс жауынгерлері» атты кітапқа енді. Амангелдінің әр жұмысы өзіне тән ерекше көзқарасымен, кәсіби шеберлігімен ерекшеленетін. 2012 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін Амангелді Мутигуллин «Атырау өңірі энергетигі – Энергетик Прикаспия» газетінің бас редакторы және Атырау энергетика кешенінің баспасөз қызметінің қызметкері болды. Ол энергетика саласының тыныс-тіршілігін шынайы әрі жан-жақты көрсетіп отырды.

Оның  ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі елеусіз қалмай, лайықты бағаланды. Мемлекеттік және кәсіби марапаттардың иегері атанды. Солардың ішінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалі, халықаралық шығармашылық байқаулардың I және III дәрежелі дипломдары,  «Каспий – достық теңізі» және Егорьев авиациялық техникумының 100 жылдығына арналған конкурстардың жеңімпазы танылды. 2025 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Амангелді Мутигуллин «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Өзі қызмет істеген газет редакцияларының архивінде өмірінің өшпес белгісіндей, қолының таңбасындай болып, фототілші-журналист Амангелді Мутигуллиннің мыңдаған фотосуреті сақталып қалды.

Жаның жәннатта болсын, қадірлі әріптес, ардақты азамат!

БАҚ саласындағы әріптестері

Шығармашылықтың шыңына  шыққан тұлға

Атырау өңіріндегі республикалық  «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ардагері Әбекең – Амангелді Мутигулиннің өмірден өткені жайлы суыт хабарды естіп,  қабырғамыз қайысып, қатты қайғырып отырмыз.

Бұл азамат жөнінде айтсам, екеуіміздің арамыз үш жас еді. Соған қарамастан құрдас ретінде араластық. 2011 жылы Қазақстанда «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі құрылды. Ол бүкіл қазақ фотосуретшілері мен фотожурналистерінің басын біріктірген үлкен  ұйым болды. Осы бірлестік құрылған кезде атыраулық әріптестер өздерінің арасынан Әбекеңді аталған ұйымға мүшелікке ұсынды. Содан бір-бірімізбен тығыз шығармашылық байланыста болдық.

Сол жылы тойланған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай Алматыда, Астанадағы ел Президентінің мәдени орталығында ауқымды фотосурет көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Атыраудан Амангелді ағамыздың да фототуындылары қойылды. Өзге өңірлерден келген әріптестерімізбен қатар Әбекең де өзінің Атырау өлкесінің  өткені  мен бүгінін баяндайтын, терең тарихынан сыр шертетін фотосуреттерін көрмені тамашалаушылардың назарына ұсынып, жоғары бағасын алды.

Одан кейін 2016 жылы біздің бірлестіктің «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» тақырыбында өзінің тұңғыш фотоэнциклопедиясын (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) шығарды. Бұған республика көлемінен осы салаға еңбегі сіңген ардагер, есімдері ел  ішінде ерекше құрметпен аталатын танымал 25 тұлға енді. Солардың қатарында атыраулық Амангелді Мутигуллин ағамыз да бар еді. Сол мезгілдерде Әбекең айтып жүретін: «Мен өзім Москва облысының Егорьевск қаласында орналасқан В.И.Чкалов атындағы Азаматтық авиация  колледжінде оқып, арнаулы мамандықты меңгергенмін. Содан жиырма жылдан астам уақыт Атырау әуе кәсіпорнында авиатехник, АН-24 ұшағының бортмеханигі қызметтерін атқарғанмын» деп.

Осылайша біз де арамызда басқа мамандықты таңдап, сол салада еңбек етсе де фотосуретшілік кәсіпке де машықтанып, шеберлігімен бұл өнердің де шыңын бағындырған Амангелді сынды азаматтардың барын, солармен әріптес болғанымызды әркез мақтаныш етіп айтып, мақтанып жүретінбіз. Ұшқыштықты фотожурналистикамен ұштастырған бұл жігіт аймақтық «Ақ Жайық», облыстық «Прикаспийская коммуна» газеттерінің редакцияларында жұмыс  жасап, жемісті де табысты еңбек етті. «Атырау өңірінің энергетигі – энергетик Прикаспия» ведомостволық басылымын шығарып, осы газеттің бас редакторы да болды. Әр жылдары аталған басылымдарда жарияланған түрлі тақырыптағы, әр кезеңді қамтыған фотосуреттері өңірдің, қалаберді елдің шежіресі іспетті архивтерде сақталып қалды.

Әрине, әңгімемізге арқау етіп отырғанымыз – әріптес туралы айтарымыздың, оның тірлігінде тындырған істерінің бір парасы ғана. Жоғарыда баяндалғандардан басқа ағамыз республикалық, халықаралық деңгейдегі фотосурет көрмелері мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеп, жеңімпаз танылғанына да талай мәрте куә болғанымыз бар. Осының бәрі ендігі жерде Амангелдінің артында өшпес із, өлмес мұраға айналары күмәнсіз. Бұдан былай оның еңбектерін кітапханалардан, мұрағаттардан көріп, өскелең ұрпақтың одан өнеге мен тағылым аларына бек сенімдімін. Өзіміз де қолымыздан келіп, мүмкіндігіміз жеткенінше осы игі үрдіске үлесімізді қосып, есімі елінің есінде сақталуына атсалысатын боламыз.

Асылхан ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті, фотопублицист

Шынайы дос, шебер суреткер

Амангелді Мутигуллин ағамның, сыйлас әріптестің, аяулы достың мезгілсіз қазасы қабырғамды қайыстырып кетті. Алланың үкіміне не шара?! Өкініштісі, Амангелдінің ғибратты ұрпағының қызығы мен өнегелі еңбек жолының зейнетін енді көремін деген шақта кенеттен бақилық болғаны жанға батады.

Мен білетін Амангелді Мутигуллин қазақ фотоөнерінің жаңа тынысын ашқан, ұлттық журналистиканың өрісін кеңейткен аса талантты тұлға болатын. Ол көпшілікке өзгеге ұқсамайтын, өз мәнері мен стилі айқын, әр кадрынан өзіндік қолтаңбасы жазбай танылатын аса шебер суреткер еді. Атырау жеріне жұмыс сапарымен бара қалсақ аңқылдап алдымыздан шығатын. Ақжайлау көңілін аямайтын, әр кадрымен бөлісуге, қолынан келгенінше көмектесуге даяр тұратын кішіпейіл, жаны жайсаң, жігіттің төресі еді. Өзі өнерге қандай жақын болса, бүкіл жан дүниесі де сондай кіршіксіз таза болды. Аман туралы әр сөзімді өткен шақпен жазу маған ауыр тиіп отыр.

aman aga 2 1

Соңғы жылдары ағалық қамқорлығымен, керемет тәжірибесімен кейінгі буынға үлгі болып жүргенін естіп, көріп, көңілім марқайып жүретін. Амал нешік, халқымыз ұлт намысы мен адамгершілік қасиетін бәрінен биік қоятын сүйікті перзентінен айырылды. Бүкіл әріптестеріме, барша Атырау жұртына, журналистер қауымына, Амангелді ағамыздың отбасы мен ағайын-туыстарына ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Аман ағамыздың соңында қалған мол мұрасы барда оның аяулы есімі ұрпақ жадында жаңғыра берері хақ.

Бақұл бол, шынайы дос, нағыз суреткер!

Шүкір ШАХАЙ,

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жеке фотографы, «Құрмет» орденінің иегері

Жолымыз бен жолдастығымыз бірге басталған

Өз басым Аманды өткен ғасырдың 70-інші жылдарының ортасынан бері білемін. Екеуміз ең алғаш Ақтөбедегі жоғары ұшқыштар училищесінде кездестік. Мұнда іріктеуден өтіп, мен Фрунзедегі, ол Мәскеудегі азаматтық авиация мамандарын даярлайтын оқу орнына жолдама алдық.

aman aga 1

Содан 1977 жылы колледжді бітіргесін туған жерге оралып, Атырау авиа кәсіпорнында еңбек жолымызды бірге бастадық. Осында ширек ғасырға жуық уақыт үзеңгілес жұмыс жасадық. Жолдас, дос болып, отбасымызбен араласып, ағайындай араластық. Жасымыз қатарлас, құрдас болғанымызбен, біздің Әбекеңнен үйренеріміз аз емес еді. Айтуынша, бала күнінен сурет салуға машықтығы бар досымыз жасынан фотоға түсіруге де әуестенген екен. Сонысы есейе келе кәсібіне айналып, біздің мекемеде қызмет істеп жүрген кезінде де қолынан фотоаппаратын тастамай, қолы қалт еткенде суретке түсіріп жүретін. Сонымен бірге мәтінін де өзі жазып, материалын республикалық, тіпті одақтық мерзімді басылымдарға жолдап тұратын. Жіберген дүниесі газет беттерінде жариялана қалса, соған балаша мәз болып, қуанатын. Басшыларымыз да оны арқасынан қағып, мақтап қоятын.

Кейіннен Амангелді түбегейлі сол салаға ауысып, «Ақ Жайық», «Прикаспийская коммуна» газеттерінде еңбек етті. Соңынан өңір энергетиктерінің басылымында журналистік жұмысын жемісті жалғастырды. Құрметті еңбек демалысына шыққасын да сол кәсібінен қол үзбеді. Бұрынғыдай бір мекемеде қызметтес болмасақ та, достығымыздан ажырамадық. Тағы бір айтарым, Амангелді үнемі ой үстінде, арман жетегінде жүретін. Алдына қойған мақсатына жетуге талпынатын. Ақжарқын, ақкөңіл, қайырымды, қолы ашық, достыққа адал, үлкен жүректі азамат еді. Сонысымен жадымызда ұялап қалды.

Базарбай ТОРҒАЕВ,

Қазақстанның Құрметті авиаторы

Әріптестігінен ағалығы жақын-ды

Өңірдің энергетика кешенінде қоян-қолтық жұмыс жасап, әріптес болдық. Арамызда небәрі бір жас айырмашылық болғанына қарамастан, өзім оны үлкен аға санап, кездескенде төрден орын ұсынатынмын.

Өзіне берілген қандай ма тапсырманы, жүктелген міндетті тиянақты, тындырымды орындайтын. Өтінішке де мұқият құлақ асып, орта жолда қалдырмайтын. Қажет кезінде қайырымын аямай, қиналған жанға қолұшын беруге  дайын тұратын. Керек кезінде үлкендігін білдіріп, ағалық ақыл-кеңесін де аямайтын. Ерекше бір адами қасиеті, ол ешқашан қол жеткізгеніне мақтанып, масаттанбайтын. Атақ, даңқ, дақпырт дегенге жаны қас-ты. Түйіндей айтқанда, Әбекеңнен үйренеріміз көп, әріптестігінен гөрі ағалығы жақын-ды.

Оразғали ҚАРШЕГЕНОВ,                                                                                                        

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері,

Қазақстанның еңбегі сіңген энергетигі

Ақжелең көңіл азамат еді…

«Бірде бал, бірде у боп өтеді өмір. Қуанышты, қайғыны да көтере біл» деп ортағасырлық ғұлама Фирдоуси айтқандай, бүгін Атырау жұртшылығының еңсесі езіліп тұр.

Көз алдымызда пейілінің кеңдігі, жан дүниесінің тазалығы мен айналасына мейірім шуағын шашып жүретін, жаны жайсаң азамат Амангелді Мүтиғоллаұлын жүрегіміз қан жылап соңғы сапарға қимастықпен шығарып салдық.

Мен Амангелдімен бір ауылда өстім. Жақсы дос болдық, балалық, бозбалалық, жігіттік дәуреніміз бірге өтті. Осындай аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарқын азамат Амангелдінің қоштасу рәсімінде сөйлеймін деп кім ойлаған. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, ауылдастары атынан марқұмның  барша бауырларына, ұрпақтарына қайғыра көңіл айтамыз. Қуанышты күндеріміз көп болғай, жақсылықпен жолығайық, ағайын!

Қош, Амангелді дос!  Алдың жарық, артың тыныш, жаның жәннатта болғай!

Жомарт СӘЛІМОВ,

досы, ауылдасы

Өмір деген бір күндік сәуле екен ғой…

Амангелдіні ширек ғасыр шамасында таниды екенмін. Сол уақытта кең тараған «Зенит» фотоаппаратын иығына асынып, сурет түсіріп жүретін. Ол кезде ешқандай редакцияда жұмыс жасамайтын. Сөйтсем, бұл оның сүйікті ісі екен. Осы құмарлық оны журналистер қатарына қосты.

Сандық аппараттың сиқырымен суретке түсіру қазір қиын емес. Бірақ екінің бірі таңдаған тақырыбын аша алмайды. Қолдағы құралыңның тетігін жүз рет басқанда кәдеге асатын он сурет таба алмасаң, еңбегіңнің еш кеткені ғой. Онда фотоаппарат асынудың да қажеті жоқ. Аман (біз оны осылай атайтынбыз) тума талант еді, сондықтан жұмысын шығармашылық шабытпен атқарды. Редакциялық тапсырыстан тыс тың дүние тудыруға ұмтылатын. Оның талай мәрте куәсі болдым.

Бірінші Президенттің ұлығылау салтанатына қатысқанымыз әлі есімде. Тәуелсіздік сарайына кіргелі тұрғанбыз, кенет құрметті қарауыл келе қалды. Өзгеміз онша назар аударғанымыз жоқ, ал Аман аппаратына жабысты. Тартылған сымдай киінген әлгілердің жүрісі де әдемі. Кейін сол сурет газетке жарияланғанда, беттің ажарын ашқан-ды.

Адамгершілігі жоғары еді. Талай сапарлас болдық. Облыс қана емес, Астана мен Алматыны бірге араладық. Сонда байқағаным, жолдасын жолда тастамайтыны. Әңгіме барысында ортақ тақырыптың орайын келтіретін. Үлкенді сыйлайтын, сондықтан өзі де кішіге құрметті болды. Енді бәрі естелікке айналды. Келмеске кетті.

Құлсарылық Қаржау Оразбаев:

Өмір осы – бір өкініш, бір үміт,

Өшкен жанар, өлген келмес тіріліп.

Ұсақтар ғой жоғалатын топ жұтып,

Бір белгісін қалдырады ірілік, — деп жырлаған екен.  Аман да ірілер санатынан саналатын. Қаралы асына да, жаназа намазына да халық көп жиналды. Олардың бәрі журналист емес еді, бірақ Аманның талантына табынушылар болатын.

Аманның да көп мақсаты өзімен бірге кетті. Қырық бес жыл ғана ғұмыр кешкен Мұқағали Мақатаев «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деп күңіреніпті. Аманның да сәулесі сөнді. Ол бұрынғы Борис Матвеевтің, кейінгі Алпамыс Теміров пен Олег Свидиннің, кешегі Қайрош Қабдешевтің ізбасары болатын. Солар салған соқпаққа түсіп, фотожурналистиканы жаңа қырынан дамытты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

 ардагер журналист

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button