
Рухани жолдың жолаушысы
Өңір жамағатына есімі жақсы таныс «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы, қари Еркебұлан Жақсылықов соңғы үш жылдан бері мешіт мінберінен Құран аяттарын мәнерлеп оқып, жамағаттың рухани ілімін тереңдетуге үлес қосып келеді. Оның ерекше қырағаты мен бай білімі жамағат үшін үлкен рухани азыққа айналған.
Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келген Еркебұланның балалық шағы металлургтер мекенінде өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елде дінге қызығушылық күшейіп, жасөспірім Еркебұлан да рухани жолды таңдаған. 2007-2008 жылдары Теміртау қалалық мешітінде тәжуид ілімін үйрене бастаған ол осы кезеңде Мұхаммед Абдулла есімді досымен танысып, кейін оның ықпалымен Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылындағы медресеге Құран жаттауға аттанады.
– Әжем мен әкемнің туыстары діндар жандар еді. Олар Құранның қадір-қасиетін жиі айтатын. Ал Масаншы ауылында береке мен ынтымақ сезілетін, табиғаты да көркем еді. Сол орта мені рухани жолға тартты, — деді ұстаз өткен күндерін еске алып.
Әжесінің батасымен медресеге қабылданған Еркебұлан сол жерде орта білімін де жалғастырады. Бастапқыда жаттау қабілеті өзгелерге қарағанда баяу болғанымен, табандылық пен қайталаудың арқасында Құранды толық жаттап шығады.

– Құран жаттаудың өзіндік қиындығы бар. Әсіресе араб тіліндегі дыбыстардың ерекшелігін меңгеру оңай емес. Бірақ үйренудің өз тәсілі бар, әр әріптің созылыңқы дыбыстарын, белгілерін дұрыс меңгерсең, оқу әуені де әдемі естіледі, — дейді қари.
Ол 2010 жылы медресеге түсіп, төрт жыл Құран жаттап, келесі жылды оны толық қайталауға арнаған. Сол табандылығының нәтижесінде қасиетті Құранды жатқа білетін қарилар қатарынан орын алды. 2018 жылы республикалық Құран жарысында үшінші орын иеленіп, Мәскеуде өткен халықаралық байқауға жолдама алады. Кейін Индонезияда ұйымдастырылған жарысқа қатысып, түрлі елдің қариларымен тәжірибе алмасқан.
– Индонезияда марокколық қари Ілияс Хажримен таныстым. Оның оқу мәнері ерекше әсер қалдырды. Құранның жеті түрлі қирағаты бар, соның нәзік айырмашылықтарын сезіну – үлкен мектеп, — дейді Еркебұлан Сержанұлы.
Қари алғаш рет 2015 жылы Тараз маңындағы «Қызыл жұлдыз» ауылында тарауық намазын жүргізіп, кейін Теміртау мен Масаншыда, Қордай ауданында имамдық еткен. 2020-2021 жылдары COVID-19 вирусының таралуына байланысты мешіттер жабылған кезде де үй жағдайында тарауық намазын жалғастырған.
Соңғы үш жылда Атыраудағы «Иманғали» мешітінде тарауық намазының имамы. Сонымен бірге «Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтының» Құран іджаза бөлімін тәмамдаған.
– Тарауық намазына имам болу – үлкен жауапкершілік. Құранды жаттау жеткіліксіз, оны жүректе сақтап, үнемі қайталап отыру қажет. Өйткені хадистерде Құранды жаттап, кейін ұмытқан адамның күнәсі ауыр делінген. Сондықтан біз әрдайым қайталап, хатым түсіруді тоқтатпаймыз, — дейді қари.
Меккеге жасаған умра сапарында ол бір апта ішінде Құранды толық хатым еткенін айтады. Бұл – рухани жігер мен шынайы ықыластың көрінісі.
Қазір Еркебұлан Сержанұлы – отбасының тірегі, екі баланың әкесі. Ата-анасының батасын алып, елдің рухани өміріне үлес қосып жүрген жас ұстаздың өмір жолы – имандылыққа, сабыр мен табандылыққа ұмтылған жанның жарқын үлгісі.
Өз тілшіміз



