
Құрманғазылық отбасы аймақ мерейін асырды
Астанада Республика күніне орай өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үлгілі отбасылар бас қосты. Бұл байқау отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен қоғамдағы бірліктің, еңбексүйгіштіктің үлгісін насихаттайтын ерекше жоба болды.

Биыл он екінші рет ұйымдастырылған шараға барлығы 3434 өтінім түсіп, өңірлік кезеңдерде үздік деп танылған 20 отбасы елорда төрінде марапатталды. Солардың қатарында Атырау облысының намысын қорғаған Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылдық округінен шыққан теміржолшылар әулеті Зияпеден Өтеповтың отбасы бар.
Қарапайым еңбек адамдары болғанымен, бұл әулет аймақтың мақтанышына айналды. Зияпеден Сейітұлы мен жары Мағауира Қасымқызының отбасылық өмірі мен еңбектегі жолы көпке үлгі. Биыл олардың отау құрғандарына 50 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде 2 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп, бүгінде 9 немере мен 5 жиеннің ардақты атасы мен әжесі атанған.

Өтеповтер отбасы елордадағы марапаттау рәсімінде естелік мүсінше, арнайы диплом мен 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификатқа ие болды. Олардың жетістігі – қарапайым еңбектің, отбасындағы ынтымақ пен сыйластықтың, ұрпаққа үлгі болатын тәрбиенің жемісі.
Марапаттау рәсіміне Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазақстандық отбасыларды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ана мен баланы қорғау мәселелеріне ерекше мән беріліп отырғанын айтты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



