
Оразгүл Асанғазы: “Балаңды емес, өзіңді тәрбиеле!”
Атырауда қоғам қайраткері, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Оразкүл Асанғазымен «Отбасы берекесі» атты тағылымды кездесу өтті. Іс-шара облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Жаныңдамын» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып отырған «Отбасы институтын дамыту» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Абай атындағы оқушылар орталығында өткен бұл жүздесу жас отбасылар мен өмірдің мәнін отбасылық құндылықтардан іздейтін жастар үшін рухани сабаққа айналды. Қоғам қайраткері өзінің өнегелі өмір жолынан мысалдар келтіре отырып, отбасы ұғымының терең мәні мен ұлттық болмыстағы орнын айрықша атап өтті.

– Отбасы – елдің іргетасы, қоғамның тірегі. Ер мен әйелдің, ата мен ананың, ұрпақ пен болашақтың арасындағы рухани көпір осы киелі ұғымнан бастау алады. Берекелі шаңырақтың діңгегі – сыйластық пен сенім, – деді Оразкүл Асанғазы өз сөзінде.

Кездесуге қатысқан жастар мен жас отбасылар қоғам қайраткерінің терең ойлы дәрісінен ерекше әсерге бөленді. Көпшілік өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өмірлік тәжірибе мен ақыл-кеңес алды. Әсіресе, ұлттық тәрбие, әйел-ананың рөлі, ер мен әйелдің жауапкершілігі жөніндегі пікірлер қатысушыларды бейжай қалдырмады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



