
Қазақ тарихының ұмыт қалған парағын қайта ашқан еңбек
Тарихтың тасасында қалған ақиқаттың беті ашылды. Бұған дейін тек орыс-француз соғысы деп сипатталып келген 1812 жылғы оқиғада қазақ жауынгерлерінің де айбынды ерлігі мен еселі еңбегі болғанын дәлелдейтін бұл еңбектің әдеби де, ғылыми да құны ерекше. Жуырда ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы, меценат Жалғасқали Дүтмағанбетовтің «1812 жыл. Соғыс және бейбітшілік» атты үштомдық тарихи деректі-көркем туындысының үшінші кітабының тұсаукесері өтті. Аталған шығарма қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде жарық көріп отыр. Шара барысында белгілі тарихшы Амангелді Шамғонов, белгілі қаламгерлер Төлеген Жаңабаев, Болат Дәулетовтер туындының тарихи маңыздылығына ерекше тоқталды.

– «Менің «1812 жыл. Соғыс және бейбітшілік» кітабымда қазаққа қатысты тарихи тың деректер өте көп. Бұл – деректі көркем дүние. Наполеон соғысына қазақ жауынгерлері де қатысқан. Кітапта Парижге дейін француз әскерін қуған қазақ сарбаздарының батырлығы, сондай-ақ майданға керекті азық-түлік, киім-кешек, мал мен қаражат тасып отырған тыл еңбеккерлерінің еңбегі егжей-тегжейлі баяндалады. Мұның бәрі – шынайы дерек, құжатқа негізделген мәлімет», – дейді автор Жалғасқали Мұсағалиұлы.
Зерттеуші жазушы осы тақырыпқа ден қоюына себеп болған негізгі дереккөз туралы да айтып берді. Аталарынан жеткен ескі қолжазбалар, төте жазумен жазылған қойын дәптер, сол дәуірде би, болыстың хатшысы қызметін атқарған Есенгелді есімді писарьдың жазбалары – мұның бәрі авторға жаңа тарихи шындықтың шымылдығын түріп, терең зерттеу жүргізуге жол ашқан.
Кітапта баяндалғандай, сол бір қилы кезеңде Орынбор губернаторының бұйрығымен 92 мың қазақтан құралған 31 полк жасақталған. Олардың ішінен талайы полковник шеніне дейін жетіп, тіпті маршал Кутузовтың қолынан орден алған. Қазақ сарбаздарының жаужүректігі, соғыс өнеріндегі шеберлігі мен тапқырлығы тарих қойнауында жатқан шынайы шындық ретінде қайта жаңғырып отыр.

– Бұрын Қазақстан тарихы оқулықтарында бұл тақырып бір-екі сөйлеммен ғана беріліп, кейін тіпті алынып тасталды. Бірақ, бұл – тарих! Қазақ жауынгерінің Наполеон әскеріне қарсы тұрып, Парижге дейін барғаны – ақиқат. Бұны тарихтан сызып тастауға болмайды, – дейді жазушы.
Кітаптағы көркем сипаттаулардың бірі – қазақ жауынгерлерінің соғысқа дайындығы мен өмір салты. Етпен, сүтпен қоректеніп, қойын-орамалға құрт пен ірімшік, сүр ет салып жүрген қазақ сарбазы – кез келген жорыққа дайын. Тіпті, бидай мен тарыны шапанның ішкі бетіне сырмалап тігіп алып жүргені – тағам сақтаудың озық тәсілі ғана емес, қазақтың ертеден соғысқа бейім халық болғанының дәлелі.
– Қазақ жауынгерлері француздармен шайқаста қамшыны қару ретінде пайдаланған. Ұшына қорғасын құйылған қамшы бес метр жерден қарсы шапқан жауды қағып түсірген. Бұл – француздар үшін мүлде күтпеген, таңсық қару болған. Түнде тұтқиыл шабуыл жасағанда жылқының тұяғына киіз байлап, танауына тығын салу арқылы дыбыссыз қозғалған. Мұндай тәсілдер шынында нағыз әскери тапқырлықтың көрінісі, – деп атап өтті қаламгер.

Кітаптағы тағы бір ерекше тарихи-мәдени сюжет – соғыста жүрген қазақ сарбазының Мишель есімді француз қызына үйленуі. Сол Мишель әжемізден тараған ұрпақтың бүгінге дейін аман жетуі, тіпті олардың бейітінің, фотосуреттері де бұл еңбектің дерекке, дәйекке негізделгенінің тағы бір айғағы.
Туындының төрт тілде басылып шығуы да оның халықаралық деңгейде қабылдануына жол ашады. Жазушының айтуынша, кітаптың француз тіліндегі нұсқасы шетелге таныстыру үшін алып кетілген.
«Французша шыққан бұл еңбекті де Еуропа халқына таныту – тарих алдындағы адалдық болмақ», – деп бағалады шараға жиналған зиялы қауым өкілдері.
«1812 жыл. Соғыс және бейбітшілік» – қазақ тарихының көмескі беттеріне жарық түсірген, деректі көркем жанрда жазылған озық еңбек. Қазақ әдебиетінде тың тақырыпты көтеріп, тарихи шындықты жаңаша пайымдаған Жалғасқали Мұсағалиұлының еңбегі елдік рухты оятар, тарихи жадымызды жаңғыртар құнды дүние болмақ. Расында бұл кітапты әр қазақ оқуы керек. Өйткені, ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс. Ал рухы биік халықты ешкім жеңе алмайды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



