
Доңызтауда бір кешен бар…
Жылыой ауданына қарасты Доңызтау жерінде тарихи және рухани маңызы жоғары Досжан ишанның мешіт-медресе кешені бүгінде аса ауыр халде. Қараусыз қалған, күтім көрмеген кешен қирағалы тұр. Бұл – халқымыздың өткенінен сыр шертетін, діни-ағартушылық мұраның көзіндей болған бірегей нысан. Оны сақтап қалу – баршамызға ортақ парыз!
Досжан Қашақұлы – Табын руының Шөмішті бөлімінен өрбіген, қазіргі Ақтөбе облысының Байғанин ауданында 1815 жылы туып, батыс өңірде ислам дінін өркендетуге зор үлес қосқан көрнекті тұлға. Өзінің жетпіс жас ғұмырында ол бұл өңірде Бекет атадан кейінгі діни-ағартушылық қызметті жаңа деңгейге көтеріп, көптеген істер атқарған екен. Оның бастамасымен қажылық сапарлар ұйымдастырылып, Меккеде қазақ қажыларына арналған тәкие (қонақ үй) салынған. Оған қоса «Қазақ шежіресін» құрастырып, отаршыл өкіметтен қазақтарға арнап дербес мүфтилік ашуды талап етіпті.
Осылайша, халқының рухани сауатын ашуға күш-жігерін жұмсаған Досжан ишан артында үлкен мұра қалдырған.
Тарих сәулетін сақтап қалса деп едік
Досжан ишан туған жерге оралған соң, ХІХ ғасырдың ортасында Солтүстік Үстірттегі Тасастау-Қайнар алқабында алғашқы мешітін салып, бала оқытуға кіріседі. Өзі салдырған сол медресе әлі күнге дейін сақтаулы. Алты күмбезді үлкен мешіт кешені – елдегі сирек кездесетін тарихи-сәулет нысандарының бірі.
Бір қарағанда шағын қалашықты елестететін кешеннің құрылымы, қабырғалары, діни және тұрмыстық мақсаттағы бөлмелері жақсы сақталыпты. Мәдени қабаты мен тарихи сұлбасы толық зерттелмесе де, аса құнды мұра екені даусыз.
Қазір мешіт кешенінің жағдайы дабыл қағарлық. Уақыттың табы, жел-құздың әсерінен кірпіштері үгітіліп, қабырғалары сөгіліп те жатыр. Егер жедел түрде реставрациялық, ғылыми-қорғау шаралары қолға алынбаса, бұл құнды ескерткіштен мүлде айырылып қаларымыз әбден мүмкін. Біз көбінесе қолда барды жоғалтып алғаннан кейін сан соғып өкініш білдіреміз. Ондай бейқамдыққа жол бермеген жөн. Өйткені, бұл кешенді сақтап қалу – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Жаңа ғасыр – жаңашыл жобаларға жол ашқан кезең. Бүгінде технология дамыған заманда ойға алған игі бастаманы жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Осындайда бір ой мазалайды: неге біз Досжан ишан мешіт-медресе кешенін тарихи сәулеттік үлгіде қалпына келтіруге бел шешіп кіріспейміз?!
Қазақтың әр өңірінің өзіндік тарихи ерекшелігі, сәулеттік нақышы мен мәдени ізі бар. Сол ерекшелікті ескере отырып, Доңызтаудағы мешіт-медресе кешенін қайта жөндеп, рухани және мәдени ордаға айналдыру – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі. Өйткені бұл кешен – жай ғана діни нысан емес, ХІХ ғасырда өмір сүрген, Ислам дінін насихаттап, ел ішіндегі рухани қозғалысқа серпін берген Досжан Қашақұлының артында қалған ұлттық-рухани ескерткіш.
Мешіт архитектурасы – қазақ халқының ежелгі құрылыс өнері мен мәдени эстетикасын бейнелейтін шынайы жәдігер. Күмбездері мен тамның салынуы, құрылыс композициясы – халқымыздың қала салу мәдениетінің айғағы. Бүгін біз осыны қайта жаңғырту арқылы ұлттық сана мен патриоттық сезімді оятар іргелі іске бастамашы болар едік.
Осындайда көршілес Түрікменстан мен Өзбекстан елдерінің тәжірибесіне еріксіз таңдай қақпасқа лажымыз қалмайды. Соңғы он жылда бұл елдерде ежелгі қалалар мен тарихи мешіттер нақты тарихи сәулет үлгісінде қалпына келтірілді. Олар қайта жаңғыртылған нысандардың құрылысында ұлттық стиль мен рухани үндестікті сақтауға ерекше мән беріп келеді. Түрікменнің жаңа Ашхабадына көз салсаңыз, тарихпен үндескен заманауи қала көрініс береді. Бұл – елдік сананың биіктігі, ұлттық сәулет стиліне деген құрмет пен жауапкершіліктің белгісі.
Бұл елдерде «өзбек архитектурасы», «түрікмен архитектурасы», «әзербайжан сәулеті» деген нақты ұлттық ұғымдар бар. Ол ұлттық патриотизммен тікелей байланысты. Тіпті, оларда әрбір құрылыс тарихи жадымен үндесіп тұрады.

Біз неге кейін қалдық?
Шынтуайтына келсек, өзбек пен түркімен халықтары секілді мүмкіндік бізде де бар. Бірақ қазақтың там, мешіт, қыстақ, қала салудағы бай тәжірибесі жаңғыртылмай отыр. Сәулет саласында да ұлттық реңк пен рух жеткіліксіз. Қазақ сәулет өнері жайлы сөз қозғасақ, көп жағдайда күдікпен, шүбәмен қарайтын әдет қалыптасқан. Бізде «қазақ архитектурасы» деген ұғым нақты орнықпай келе жатқаны түсініксіз. Оның себебі – ұлттық намыстың, рухани талғамның жетіспеуі.
Бұл тек бір тарихи кешеннің мәселесі емес, ұлттың өз болмысы мен өткеніне деген көзқарасының көрінісі. Досжан ишан кешенін қайта жөндеп, сәулеттік ерекшеліктерін сақтап қалу – ұлттық рухты тірілтудің бір жолы. Біз тарихи мұрамызды қадірлеу арқылы ғана болашақ ұрпаққа өнеге қалдырамыз.
Досжан ишан мешіт-медресесін түпнұсқалық сәулет үлгісімен қалпына келтіру елдік іске айналуы тиіс. Бұл тек реставрация емес, ұлттық архитектуралық стильді жаңғыртудың бастамасы болар еді. Көршілес елдердің тәжірибесінен үйренетін тұс көп, бірақ оны іске асыру үшін бізге ұлттық намыс, батыл шешім және жаңашыл көзқарас қажет.
Заң мен мүмкіндік бар…
Қазақстанда 2000 жылдардың бас кезінде қабылданған республика «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы ел аумағындағы тарихи нысандарды сақтау ісінің нақты құқықтық базасын қалыптастырды. Заңға сәйкес кез келген археологиялық немесе реставрациялық жұмыс уәкілетті орган бекіткен ғылыми-жобалық жоспармен ғана жүзеге асырылуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты Доңызтау өңіріндегі Досжан ишан мешіт-медресе кешенінің қазіргі мүшкіл жағдайы Заңмен де, елдік мүддемен де шұғыл әрекет етуді талап етеді.
Қыркүйек айының басында Ақтөбе облысының әкімдігі мен тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінен алынған ресми жауапта бұл кешеннің Атырау облысының жергілікті маңызы бар ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде тұрғаны нақты айтылған. Демек, кешен заң аясында қорғалуы тиіс. Бұл – облыс әкімдігі мен Атырау облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру мекемесі үшін нақты іс бастауға берілген құқықтық негіз. Ендеше, қазір қараусыз қалған бұл сәулет кешені бақылауға алынып, жедел реставрациялау жұмыстары неге басталмайды?
Заң бойынша, кез келген қалпына келтіру жұмысы арнайы лицензиясы бар ғылыми-реставрациялық ұйымдар арқылы жүзеге асуы тиіс. Яғни, алғашқы кезекте ғылыми-жобалау құжаттамасын әзірлеп, кешенге кешенді зерттеу жүргізу қажет. Бұл жұмыс «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аясында оңтайлы іске асуы мүмкін. Егер отандық мамандар тарапынан тәжірибе жеткіліксіз болса, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты елдердің білікті шеберлерін тартуға да болады. Өйткені көрші елдерде тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру ісі нақты жүйемен, ұлттық мақтанышпен ұштастырылып жүр.
Досжан ишан Қашақұлының мешіті – рухани тәрбие құралы. Ол жай ғана көне ғимарат емес, қазақтың там, қыстақ, көгілдір күмбезді кесенелер салудағы байырғы тәжірибесін көрсететін ұлттық сәулет ескерткіші. Оның тарихи, архитектуралық, рухани маңызы зор. Оны қайта жаңғырту арқылы біз тек бір нысанды қалпына келтірмейміз, бүкіл қазақ сәулет өнерінің рухани негізін тірілтеміз.
Қазіргі заманғы құрылыс саласында тым жиі кездесетін қорап үлгісіндегі, ұлттық нақыштан жұрдай ғимараттар біздің мәдениетімізге жат. Бізге қазақтың шығыстық сипаттағы архитектуралық болмысын қайтару керек. Осы арқылы біз «Қазақ қаласы», «Қазақ сәулеті» деген ұғымдарды орнықтыра аламыз. Ал бұл – эстетика, идея, рух, тәрбие деген ұлы ұғымдардың барлығын өз ішіне біріктіретін ұлттық мұрат.
Ғылымда да, ел есінде де орны бар
Доңызтау – Үстірт өңіріндегі тарихи кешендерді белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали жетекшілік еткен экспедиция толықтай зерттеп, ғылыми айналымға енгізіп үлгерген. Ғылымда да, ел есінде де орны, тарихта ізі бар бұл нысан енді іс жүзінде қорғалуы тиіс.
Қорыта келе айтарым, Доңызтаудағы Досжан ишан мешіт-медресесі – ұлттық сәулет өнерінің жауһары. Нысан Атырау облысының мемлекеттік тізіміне енген, ресми мәртебесі бар. Жедел түрде ғылыми-реставрациялық құжаттама әзірлеп, жөндеу жұмыстарын бастау қажет. Өйткені, кешеннің ұлттық тәрбие мен сәулет мәдениетіндегі орны ерекше.
Нұрлыбай СИСЕНБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, профессор
Ақтөбе қаласы



