Жарнама
Ғибрат

Баһадүр Бауыржанның ұстазы кім еді?

Атақты адамдар, танымал тұлғалар жайлы баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде, ауызекі әңгімелерде алыпқашты даурықпа сөздерді, өсек-аяңдарды, далаңбай дақпырттарды, дәйексіз даңғазалықтарды өрбітушілерге, сірә бір, тыйым  болар ма осы?! Бұдан едәуір жылдар бұрын қазақтың бірегей ерлерінің бірі, Жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің үш бірдей дәрежесінің толық иегері, ержүрек барлаушы Шүкір Еркіновтың төрт дүркін  Кеңес Одағының Батыры, атақты қолбасшы, маршал Георгий Константинович Жуковтың «Воспоминания и размышления» атты үш томдық мемуарында арнайы жазылғанына күмән келтіріп, жоққа шығарушылар табылды. Ерінбей-жалықпай мемуардың Москваның АПН (Издательства Агентства печати Новости) баспасынан 1987 жылы жарық көрген үш томдығын алға тартып, сол мемуардың үш бірдей томында жалғыз ғана қазақ Шүкір Еркінов туралы нақты жазылғанын, оның ерен ерлігін әйгілегенін баспасөз арқылы барша оқырмандарға көздерін жеткізіп, нақпа-нақ дәлелдеуімізге тура келгені бар. Енді келіп, аты әйгілі батыр, жазушы Бауыржан Момышұлының соғысқа дейінгі қызмет барысында  ұстазы болған Дүйсенғали Бурабаевтың өмір жолын бұрмалап, өзіндік жаңсақ пікірін тықпалап даурығушы тағы шығыпты.

Шын мәнінде, Дүйсенғали Бурабаевтың өмір жолы қалай өрілген, ол қандай тұлға  еді? Әрине, бұл деректерді көзіқарақты адам болмаса бірден таба қоюы оңай емес. Табанды ізденісті қажет етеді. Себебі ол кісінің ғұмыр деректері, әсіресе, туған жеріне қатысты мәліметтер әр жерде әртүрлі жазылған. Бәрінен бұрын әлеуметтік желідегі Ұлттық қауіпсіздік басқармасының мұрағаттық анықтамасына сүйеніп жазылған білікті ғалым, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожиннің келтірген деректері шынайы да, дәйекті еді. Онда «Қызылорда қазақ халық ағарту институтында қоғамдық пәндерден дәріс берген Дүйсенғали Бурабаевтың мұрағаттық іс қағаздарында оның Орал облысының Қарабау жеріндегі №8 ауылда 1885 жылы туғаны, Гурьевте орыс-қазақ училищесін, Орынбор мұғалімдер мектебін бітіргендігі және Қызылқоға жерінде кеңес үкіметінің орнауына қатысып, құқық қорғау саласында жұмыс істегендігі көрсетілген…».

Сөз жоқ, бұл соқырға таяқ ұстатқандай бұлтартпас дәлелдердің бірі. Орал облысының 1905-1905, 1911-1915 жылдарға арналған статистикалық шолуында, сондай-ақ, Гурьев РК(б)П уездік комитетінің органы «Трудовая правда» газетінде 1922 жылдың 12 ақпанында жарияланған хабарландыруда берілген мағлұматтық деректерде Дүйсенғали Бурабаевтың 1905-1907 жылдарда бұрынғы Гурьев қисымындағы Гурьев болысының №1 ауылындағы сауат ашу мектебінің екінші мұғалімі, 1910 жылы Гурьев-Ілбішін ауданындағы халықтық училищелер инспекциясына қарасты Гурьев қалалық 2-ші медресесі жанындағы орыс сыныбында орыс тілі пәні мұғалімі, 1911 жылы Индер болысының №1 ауылындағы сауат ашуға бағытталған орыс-қазақ мектебіндегі орыс тілі пәнінің мұғалімі, 1913-1914 жылдары 2-ші Соналы бастауыш орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі және мұғалімі қызметтерін атқарғандығы нақтыланған. 1917 жылы Гурьев қисымы бойынша облыстық жергілікті үкіметтің мүшесі (областной гласный) болған. Кейін коммунистік партия мүшесі ретінде кеңестік мектептердің құрылып, дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. 1922 жылы оның күні қараңға айналуға шақ қалады. Партиялық тазалау кезінде ол партиялық мүшеліктен 6 айға кандидаттық мерзімге көшіріледі. Мұнысы сірә, бұрын Алашқа бүйрегі бұрғандығына байланысты болса керек.

Сол кездегі кадрлық саясатқа орай Дүйсенғали Бурабаев қай жұмыста да бір жерде ұзақ мерзімге тұрақтай алмаған. Оған жоғары тұрған басшылық органдар мұрша бермеген. Ауыл мектебінің мұғалімі, оқу бөлімінің қызметкері, губерния прокурорының орынбасары, Калмыков уезінің прокуроры, Қазақстанның Халық ағарту комиссариатының инспекторы, сауатсыздықпен күрес жөніндегі төтенше өкіл, Қостанай облысының Ақтөбе аймағындағы Торғай аудандық атқару комитетінің төрағасы, аупарткомның бірінші хатшысы сынды жауапты қызметтерде болады.

Міне, осы сан қилы қызметтердің бір бөлігінде, атап айтқанда, 1929-1931 жылдарда Дүйсенғали Бурабайұлы қазақ халқының қаһарман ұлы, кешегі Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған дивизия командирі Бауыржан Момышұлымен тікелей байланыста қызмет істейді. Ол туралы жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогінде арнайы баян етілген. Сол диалогтағы Бауыржан Момышұлының кезекті жауап сөзінде былай делінген: «Ол кезде райкомда да екі-ақ адам: секретарь мен есепші, райисполкомда да екі-ақ адам: председатель мен жауапты секретарь жұмыс істейтін. Райкомымыздың секретары Кабаков деген кісі де, райисполком председателі Дүйсенғали Бурабаев деген семинария бітірген бұрынғы мұғалім еді. Аудандық атқару комитетінің жауапты секретары Губанов деген адам орнынан түсіп қалды да, райком мен райисполком оның орнына кандидатура таба алмай састы. Бурабаев өзі бұрын мұғалім болған соң ба, кім білсін, әйтеуір, маған тоқтаса керек. Сонымен мені, ай-шайға қаратпастан, аудандық атқару комитетінің жауапты секретары етіп тағайындап кеп жіберді.

Жауапты секретардың жұмысынан еш хабарым жоқ. Әйтеуір оңаша кабинетім бар. Қалқиып сонда отырамын… Бурабаев маған ана мәселе, мына мәселе жөнінде аудандық атқару комитетінің қаулысын, шешімін шығар, ана жерге қатынас жаз, мына жерге жарлық шығар дейді. Мен олардың қалай жазылатынын білмеймін. Бірдеңелерді нобайлап, осылай болар деп тұспалдап, Бурабаевқа алып барамын. Бурабаев ұстамды педагог еді. Менің жазғандарымды алдына алып отырып, маған ұрыспастан, ренжіместен, ерінбей соларды бірі қызыл, бірі көк түсті қарындашпен түзететін де отыратын. Мен Бурабаев қып-қызыл ала етіп берген документтерді қайта көшірумен күн өткізетінмін. Содан кейін әр документтің соңына аудандық атқару комитетінің председателі Бурабаев деп ол қояды, жауапты секретары деп мен қол қоямын. Ал шындығына келгенде, аудандық атқару комитетінің председателі де, секретары да Бурабаев еді. Не керек, ақыры Бурабаев мені үйретіп шығарды. Сөйтіп мен үш жыл аудандық атқару комитетінің секретары болдым.

Мен сол Бурабаевты күні бүгінге дейін ұмытпаймын. Менің орысша сауатты болуыма, іс қағаздарын дұрыс жазуыма сол кісі көмектесті. Жалғыз іс қағазы емес, менің газет, кітап оқып өсуіме де жетекшілік жасады. Оқитын кітаптардың тізімін беріп, не оқығанымды тексеріп, газеттерден не оқып, не қойғанымды үнемі қадағалап, өзімді ысылдырып адам етті». («Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы. «Жазушы» баспасы. 1992 ж. 23-24 беттер).

Сонымен қатар, әлеуметтік желінің hitp:IIanatili.Kazqazeta.kz/?p=47677 сілтемесінде Дүйсенғали Бурабаевтың сол кезде Бауыржан Момышұлының сауатын ашып қана қоймай, тіпті киім кию үлгісіне де әсер еткені жазылған. Батырдың өзі «Дүйсенғали Бурабаев қандай адам?!» деп шын жүректен сүйсініс білдірген.

Кейін тағы да Бауыржан Момышұлы «Менің нағыз ұстазым Дүйсенғали Бурабаев деген кісі. Дұрыс жолға салды, өжеттікке, адалдыққа баулыды. Өте әділ. Білімді азамат кейін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атанды. Туып өскен жері – Гурьев облысының Қызылқоға ауданы. Дүйсенғалидай ұлды ұядан ұшырған Қызылқоға қандай жер өзі?!» деп таңданған екен. Бауыржан кездесулерде оны көбіне өзінің жанына отырғызып қоятын болған». («Есте ғой, есте, сұрапыл соғыс» атты кітап. 161 бет. Атырау-2015 ж.).

Осымен орайлас тағы бір дерек: 2020 жылдардың басқы тұсында Жамбыл облысына Атыраудан тарихи экскурсиялық топпен саяхатқа барғанымызда облыс орталығы Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы руханият орталығынан Бауыржан Момышұлы мен Дүйсенғали Бурабаевтың қолдары қойылған құжаттың көшірмесін көріп, олардың екеуінің ара қатынасына тарихи жәдігерлер арқылы куә болысқанымыз бар. Осымен тамырлас құжат Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі Бауыржантану ғылыми орталығында да сақталған.

Бауыржан Момышұлы әз тұтқан Дүйсенғали Бурабаевқа 1932 жылғы желтоқсанның 2-сінде Ақтөбе облыстық сотының көшпелі сессиясының үкімімен ұжымдастыру кезіндегі қателіктері үшін деген кінә тағылып, 10 жыл мерзімге сотталады. Тек кейін КСРО Жоғарғы Соты пленумының 1968 жылғы қыркүйектің 18-індегі шешімімен оның ісінің құрамында қылмыстың ізі болмағандықтан ақталады.

Дүйсенғали Бурабаевтың туған жеріне қатысты жаңсақтық туғызып жүрген пікір қайдан шыққан? «Бақсақ бақа екен» дегендей, 1932 жылғы қарашаның 20-сында қамауға алынарда ол анкеталық құжатты толтырарда туған өңірі деп соңғы қызмет істеген аймағын атап, Қостанай облысы деп жаздырғанға ұқсайды. Тұрған жері Қостанай облысының Торғай кенті деп көрсетілген. Әрі тергеу тоқпағына іліккен кісіде оңған көңіл-күй болатын ба еді. Не болса ол болсын деп туған жері етіп тергеушілерге Қостанай облысын жаздыра салғанға ұқсайды. Шындығында, ол кезде Дүйсенғали Бурабаевтың кіндік қаны тамған жерінің қайда қарайтындығы неғайбыл, әрі-сәрі күйде болатын. Қызылқоға ауданы бірінші рет 1928 жылғы наурыздың 27-сінде құрылып, арада екі жарым жылдай мерзім өткенде 1930 жылғы қыркүйектің 23-інде қайта таратылып, ауданның бір бөлігі Доссор ауданының қарамағына, тағы бір бөлігі Орал облысының Тайпақ ауданына, келесі бір бөлігі Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарап кеткен еді. Мұндайда не істеуге болады? Түсініспестік келіп осыдан туындап отырғанға ұқсайды. Құжаттарға зейін қойып қараған қай кісі болса да тап басып аңғаратын-ақ ахуал емес пе?!

Енді бір ескеретін жайт, Дүйсенғали Бурабаевтың туған жері Орал облысының Қарабау жеріндегі №8 ауыл деп жазылған. Ол – қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылына қарасты Тайсойған өңірі. Оның дүниеге келіп, мектепке барған кезеңі – XIX ғасырдың аяғы мен жігіттік шағы өткен XX ғасырдың басқы тұстары аласапыранға толы уақыт еді. Аудандардың, тіпті облыстардың өздерін бір уақытта бір-біріне қосып, келесі бір жылдары қайта бөліп сапырылыстырып жатқан, адам түсініп болмайтын беймаза кез болатын. Сол жылдары Тайсойған өңірінде дүниеге келген атақты академик Салық Зиманов пен академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың өздері де Гурьев қаласында туған делініп келді. Тіпті Зейнолла Қабдоловты Мақат ауданы да меншіктенген. Екеуі де туу туралы куәліктерін дер кезінде ала алмай, кейін есейе келе құжат аларда оқыған өңірлерін туған жері етіп жаздырған. Шын мәнінде, Зейнолла Қабдолов Қызылқоға ауданының Көздіғара ауылдық округіне қарасты Ақкөл алқабында өмірге келген. Әдебиет әлемінің хас шебері өзінің 50 жасқа толған мерейтойында туған өңіріне келіп қалай тебіренгенін, Көздіғара ауылында таңмен тұрып, күзгі шықты жалаң аяғымен басып, құлашын кең жайып тыныстағанын бірге болып, көзбен көрген адамның бірімін. Академик Салық Зиманов болса Қызылқоғаның Қарабау атырабының топырағын басу сәті келгенде туған жері Тайсойғанның ақ құмына жата қалып аунаған. Көз алдымызға елестетсек, ғажайып көріністер емес пе?! Туған жерге деген сағыныштың, оны қастер тұтудың нақ өзі ғой бұл. Ал Дүйсенғали Бурабаев кіндік қаны тамған аймақтан қол үзіп, бірде Гурьев, бірде Қызылорда, тағы бірде Ақтөбе өңірлерінде болып, одан әрі Қостанай, Торғай аймақтарында қызмет істеп жүргенінде қара басынан ерік кетіп, тергеу тозағынан өтіп, ақырында ұзақ мерзім бойы жазықсыздан жазықсыз түрме тауқыметін тартқан. Өзінің қайда туғанын сыр қылып өз шәкірті, бірегей Бауыржан Момышұлына айтуы, ол сырды Бауыржан батырдың баспа жүзі арқылы баршаға мақтанышпен жаюы заңдылық еді.

Әр заманның өз тұлғалары, өз бірегейлері болады. ХХ ғасырдың алғашқы жартысының дәп сондай салиқалы, салауатты, сауатты бірегейлерінің бірі, сөз жоқ, барша қазаққа ортақ атпал азамат, Атырау облысының Тайсойған өңірінің білімді, білікті төл тумасы Дүйсенғали Бурабаев екені күмәнсіз. Өнегелі, өрелі адамдардың соңдарынан қай дәуірде де біліп, білмей қисынсыз сөз ергізетіндер, тіпті тас ататындар болмай қалмаған.  Дүйсенғали Бурабаевты да аяқтан шалған ұрда-жықтар болыңқыраған. Ақырында оны қапысын тауып түрменің тозағына тыққан. Әйтсе де, түптің түбінде ақтың отын ақымақтар өшіре алмаған, ақталып, тиесілі өз бағасын алған, қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының өзі оны ісіне сай ардақ тұтып, әспеттеген. Сөйтсе де, оған қатысты, әсіресе, оның туған жері туралы деректерді бұрмалаушылық әлі қылаң беріп жүргені өкінішті-ақ. Олай ету кімге, неге қажет еді? Қайта ол туралы мәліметтерді әрі-бері тартып, тәлкекке айналдырудың орнына бір ізге салуға жұмыстануымыз керек емес пе? Аумалы-төкпелі кезеңде ел үшін, ұлт үшін жан аямай еңбек еткен атпал азаматқа құрметіміз осы болғаны ма? Сарабдал пікір тоғыстырып, ойланайық, ағайын!

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті жазушысы,

«Үздік өлкетанушы»  белгісінің иегері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button