
Ақпанның айрықша тұлғасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда: «Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті», — деген еді. Расында Қазақ мемлекеттілігі тарихында ел мен жер үшін қасық қаны қалғанша күресіп, есімін алтын әріппен жазып кеткен тұлғалар баршылық.
Сондай белгілі есімдердің бірі Ақпан Келімбердіұлы аласапыран шақта өмір сүріп, тарихта өз бейнесін өзі жасаған баһадүр. 1531 жылы ақпан айында Түркістан аймағындағы қасиетті Қазығұрт топырағында дүниеге келген Ақпан батыр жасынан дала өмірінің қыр-сырына қанық еді. Жеті жасында жорға мініп, тоғыз жасында асауға бас білдірген балаң жас ептілігімен, ерлігімен көзге түскен. Оның үстіне әке, ағалары оған сарбаздықты меңгертіп, садақ, мылтық атуды үйретіп, мергендікке баулиды.
Оның алғашқы жорығы Хақназарұлы баһадүр Бозғылдың басшылығымен елін шауып кеткен Баба сұлтанға қарсы соғыста көрінеді. Таңдаулы жүздіктің басшысы Ақпанның сегіз сарбазы он екі құлаш қыл арқанды кере қос қанатқа бөліне шапқанда шатырлар құлап, жау аңтарылып қалады екен. Осындай үш толқын өткенде жаудың есі шығып, аттарынан айырылады. Келесі бір жорықта Баба сұлтанның Арслан есімді мыңбасын жекпе-жекте жеңеді. Басын кесіп алып, ақ найзамен көтеріп, жау әскеріне сес көрсетеді. Жаудың шегінер жолына жүз адымдай жерге болат жұлдызша шашып тастаса керек, шауып келе жатқан аттар шоңқиып жүре алмай қалыпты. Сөйтіп, жау әскерінің көбі қолға түседі.
Батырдың өмірінде мұңдай жеңісті соғыстар көп болған. 1599 жылы саулығы сыр берген Қосай ата Есім ханмен ақылдасып, оның пәрменімен өз орнына беклербеклікке Келімберді ұлы Ақпанды бекітеді. Көп ұзамай қазақ ауылдарына Хиуа ханы Хажымұхаммедтен «Мал салыққа қосымша жан салық – қыз салық» төлеттіруге жарлық келеді. Халық «үкілеп өсірген қызымызды бергенше, қолымызға қару алайық» деп тастүйін шешім қабылдап:
Біздің ерлер күйінді,
Ақпан деген айтулы
Қарт батырдың үйінде
Ететін болды түйінді.
Сонда Ақпан батыр:
– Оң сапар бергей, Құдайым,
Мен де Алладан сұрайын,
Осы топтың ішінде
Дабылы күшті беглер бар,
Қайраты асқан ерлер бар,
Мейманасы асқан дұшпанды
Жер тістеткен шерлер бар, — деп ұрандайды.
Дегенмен күші басым жаудың арынынан сескенген ақсақалдар мен рубасылары кеңесіп, «қоныс аударып амал іздейік» деген ұйғарымға келеді. Алшын-Кеншіннің ұрпағы көтеріле көшіп, Үстірт асып Жем өзенінің бойын жағалайды. Бұл кезде Жем бойында қалмақтар үстемдік ететін. Құнанорыс, Ақпан батырлардың басшылығымен Кіші жүздің сайыпқыран жігіттері ата жауы – қалмақты тықсыра қуып, Еділ асырады.
Осынау қанды шайқаста Ақпан баһадүр мен Құнанорыс батыр жаудың улы жебесінің нысанасына ілінеді. Қатты жараланған асыл қырандардың денесін қаруластары әкеліп, Қобда мен Ырғыз арасында жерленген.
Қазақ хандығын Хақназар, Шығай, Тәуекел, еңсегей бойлы ер Есім билеген дәуірде, яғни 1531-1605 жылдарда өмір сүрген Ақпан батыр жөнінде ақын-жыраулардың шығармаларында халыққа үлгі-нұсқа қылып айтып, жырға қосқан және бүгінгінің жыршы-термешілері мемлекеттік деңгейдегі мерекелерде, ас пен тойда жырлап жүр.
Мәселен, есімі елге мәшһүр ақын Күржіманның Қашағаны да «Атамекен» атты жыр-дастанында:
Ақпан деген қарт батыр,
Ер басына қос атты
Жетелетіп жүргізді
Жауға мінер бос атты.
Қабырғадан саз болса,
Жапалақ жауған қар болса,
Айшылық жолға айдаса
Бұйдасын іркіп мойымас
Азықтарын айшылық
Өңкей нарға қоса артты.
Бес жүз әскер – ауыр қол,
Бастығы Ақпан батыр сол,
Көпті көрген көнеге,
Қараңғы тұман түнде де,
Сапар шегіп жол жүрсе,
Табылады екен сара жол.
Бірнеше күндер өтеді,
Қаратөбе, Манаты деген жерге жетеді, — деп Ақпан Келімбердіұлының қазақ хандарының әскербасысы ретінде Алтай, Сауыр, Сайқан (Қытай жері) тауларына дейін, Тәшкен мен Қоразым аймақтарына дейін жорықтарға қатысқаны айтылады.
Ақпан батырдың ел қорғаудағы ересен ерлігі мен еңбегін мадақтап жырға қосқан Қашаған ақын жырының тарихилығы туралы Әлкей Марғұлан, Қажым Жұмалиев, Мұхтар Әуезов, Рахманқұл Бердібаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Молдағали Жолдыбаев, Жұмат Тілепов сияқты әдебиет зерттеушілері толық зерттеді. Батыр ұрпақтарынан ержүрек ұландар көп шыққанын ескелді Сүгір жырау да, қараш Құлбайұлы Ыбырайым ахун да толғауларында жырға қосты.
Келімбердіұлы Ақпанның мәңгілік мекенін зерттеушілер қазіргі Ақтөбе облысының Хромтау ауданы аумағындағы Ор өзенінің бойында деп көрсетеді. Осы жерге ұрпақтары арнайы белгі қойып, батырдың кесенесін республикалық тарихи-мәдени ескерткіштер реестріне қостырды.
Маңғыстау жерінде Ақпан батырдың атымен аталатын жер-су аттары да баршылық. Бейнеу ауданының Сам құмы, Шағырлы бетінде, Тұрыш ауылының терістігіндегі 45 шақырым жерде «Ақпанның үйігі» деп аталатын тарихи қорым бар. Осы өңірге белгілі шежіреші Естерек Жаманбаевтың 1993 жылы «Жаңа өмір» газетінде: «…Доңызтау жағында Ақпанның үйігі деген қорым бар. Ол – Келімбердінің Ақпаны үйген үйік» атты мақаласы жарық көрген.
Белгілі этнограф Серікбол Қондыбай да өз еңбектерінде Маңғыстауда Ақпан есімімен аталатын бірнеше жер, құдық аттарын атап көрсеткен. Мысалы, Толық шығармалар жинағының ХІІІ томында (33-бет): «…Сеңгір құмының (Қарақия ауданы) оңтүстік-шығысында Ақпан сор, Жабайұшқан тауының оңтүстік ернеуінде Ақпан тауы бар. Тау ішінде көрік ұстап, кеуекті ұстахана қылып пайдаланған Ақпан үңгірі, одан 3 шақырым жерде Ақпансордың жағасында Ақпан құдығы бар. Бұл жерлер Адайдың немересі Ақпан есімімен аталған», — деп тайға таңба басқандай анық жазса, «Маңғыстаудың жер-су атаулары» атты жинағында (28-бет): «Ақпан үйігі – жер аты. Үстіртте, Сам құмының Шағырлы бетіндегі төбе. Аңыз оны Адайдың немересі Ақпандікі дейді», — депті.
Бұдан басқа да, «Арыс атасы Ақпан Адайдың айтулы батыры болған, құралайды көзге атқан мергені, қыран топшылы аңшысы, көңілі шалқар, жүрегі қобалжу білмейтін тайсалмас, ешкімнен тетку (түрткі) көрмей өскен жанға ұқсайды…» (Ж.Жылқышыұлы, «Адай шежіресі», 3-том, 209-б), сосын «…Бірінші Адай болысының құрамындағы Ақпан ауылы жазда Жем өзенінің екі жағын жағалап, Оймауыт, Сам құмын, қыста Бостан құмы мен Сахар тауы етегінде, Шерқала тауына дейін келеді…» («Особенности сельского хозяйства Адайского уезда», под руководством М.В.Ларина, Б.К.Щелокова, «Лениздат», 1928 г.) деген мәліметтер де бар екен.
Тағы бір тілге тиек ете кетерлік тұсы – белгілі орыс зерттеушісі, ХІХ ғасырдың танымал саяхатшысы Григорий Карелиннің Қазақстан аймағын зерттеуге қосқан үлесі зор. Ол Орынбор губернаторының тапсырмасымен Каспий теңізінің терістік-шығысына экспедицияға шығып, Өлі қолтық, Қашақ шығанақтары мен Бозашы түбегін, Үстірттің терістік-батысын зерттеген. Каспийдің терістік-шығысы мен оған іргелес аумақтардың картасын жасаған.
Таңбалар жиыны қатынасы Карелиннің халық саны туралы есебі бойынша Маңғыстауды Кендірлі түбегіне дейін толық иемденген қазақтар туралы мәліметінде «Балықшы ауылдарынан 300 үй, Ақпаннан 200 үй» деп қатар айтылған осы маңайды қоныстанғандар туралы деректерге сай бұл қоныстың Адайдың Ақпанының атына ғана қатысы барлығын қуаттайды. Бұл мәліметке жоғарғы Адай арасын мекендеген 700-дей, Бөкей ордасын мекендеген 100-дей Ақпан үйлері кірмеген. Осы арадағы қорымда «Адай таңбасы – жебе» белгісі қойылған зираттар басына да ортақ стела қойылған.
Ақпан батыр туралы өлкетанушылар Алшын Меңдәліұлының «Адай шежіресі», Қамысбай Қаржаубайлының «Адай уезіндегі болыстар» кітаптарында, Бектұр Төлеуғалиұлы, Асан Әбдіров, Есберген Іңірбайұлы және Қаржаубай Рейімбайұлының кітаптары мен мақалаларында мол кездеседі.
Шынында, Ақпан Келімбердіұлының тарихи тұлғасы, батырлық, ерлік істері тарихи таразылануда. 2021 жылғы желтоқсанда Ақпан батырдың 490 жылдығына арналған Ақтау қаласында өткен республикалық конференцияда және 2022 жылы Ақтөбедегі С.Бәйішев атындағы университетте өткен ғылыми конференцияда Ақпан Келімбердіұлының тарихи тұлғасы талқыланды. Келімбердіұлы Ақпан туралы ғалымдар Өмірзақ Озғанбай, Жұманазар Асан, Бекежан Ахан, Киікбай Жаулиннің зерттеулерін тарихи тұрғыда таразылай отырып, өзінше түйін жасады. Әйтсе де, Ақпан батыр сияқты тұлғалардың айшықты болмысын нақты дәйек-дәлелдермен әлі де толықтыра түскен орынды болар еді.
Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
тарих ғылымдарының докторы,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры



