Жарнама
Ғибрат

Алғашқы ұстаздың ұлағаты

Небір данышпан адамдар да, қарапайым еңбеккерлер де бәрі бір адамға қарыздар. Ол – алғашқы ұстаз. Әр адамның алғашқы ұстазы болады.

Мен мектеп табалдырығын қорқынышпен аттаған кезде алғаш рет қалам ұстатқан ұстазым – Оразалин Насыр ағайым.

Ол кісі сол кездегі сәби санамда үнемі тап-тұйнақтай, үстіне «қылау» жұқтырмай жүретін. Әрдайым костюм, тап-таза аппақ көйлек пен галстук киіп, тіп-тік болып жүретін ерекше мұнтаздай жан ретінде қалды.

Насыр ағай өте талапшыл ұстаз еді. Әрдайым сабырлы, бірқалыпты, бірақ сұсты болатын. Сол кезде бір сыныпта әр үйдің еркесі саналатын отыздан астам ұл мен қыз отырсақ та, ол кісі сабақ түсіндіріп тұрғанда сыныпта тек ұшқан шыбынның ызыңынан басқа бірде-бір артық дыбыс шықпайтын. Оның сирек жымиып күлген күлкісінің өзі біз үшін сыныпта үлкен мереке сияқты ерекше эмоция сыйлайтын.

Насыр ағайдың ызғарынан сескенгендіктен, бүкіл сынып оқушылары көбейту кестесін жаттап алдық. Себебі ағай кез келген уақытта қалаған оқушысын тұрғызып, өзі қалаған жерінен бастап сұрайтын. «Көркем жазу» пәні болатын күні бала көңілімізде үлкен уайым пайда болушы еді. Әріптердің дұрыс салынуын сақтауымызды өте қатаң қадағалап отыратын.

Кейін мен өзім жоғары білім алып, мектеп қабырғасына мұғалім болып келген кезде Насыр ағайдың талапшылдығы мен қаталдығы ұстаздық жолды таңдауыма өз әсерін тигізгенін түсіндім. Себебі болашақтағы білімділік – алғашқы іргетастың қаншалықты дұрыс қаланғанына байланысты екендігіне көзім жетті.

Ол кісіні еске алғанда ең алдымен көз алдыма оның үнемі сабырлы, салмақты бейнесі мен мұнтаздай таза жүретін келбеті келеді.

Еңбекке араласқан соң ғана білдім: Насыр ағайымыз «Білім беру ісінің үздігі» атағын алған, 49 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз екен.

Әр жыл сайын қазан айының алғашқы аптасында келетін Ұстаздар күні мерекесі менің санама ерекше жылылық сыйлайды. Алғашқы ұстазымның бейнесі еске түседі. Ол маған оқуды, жазуды және санауды, достасуды, Отанды, табиғатты сүюді, үлкендерді құрметтеуді үйретті. Өзі бүгінде ортамызда жоқ болса да, оның жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды.

Барша ұстаздар қауымын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаздар барлық үлкен сый-құрметке лайық деп нық сеніммен айта аламын. Сіздерді мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс, ізгі жақсылықтар мен мейірім тілеймін!

Сағынбек АРОНОВ,

шәкірті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button