
Сенім биігіндегі «Серпер»
Құрманғазы ауданымен біте қайнасып, жоғын жоқтап, барын баянды етіп көрсетіп келе жатқан, заман көшінен қалмай жаңғырып, бүгінде 95 жылдық мерейлі межесіне сергек жеткен «Серпер» қоғамдық-саяси газеті – аймақ журналистикасының айнасы, халық шежіресінің шынайы куәгері. Өткен ғасырдың 30-жылдары «Балықшылар үні» деген атаумен алғаш жарық көрген бұл басылым талай тарихи кезеңдерді бастан өткеріп, елмен бірге есейіп келеді.
Тарихы терең, тағылымы мол
Бастапқыда балықшылар еңбегін суреттеуге бағытталған басылым аз уақыт ішінде аудан шеңберінен шығып, оқырман ықыласына бөленді. Ұжымдастыру кезеңінде бастау алған мерзімді басылым еңбек адамдарының шынайы келбетін, ауыл өмірінің көрінісін сөзбен шебер бейнеледі.
Газеттің қалыптасуы мен өрлеуіне Ғ.Аманғалиев, Ш.Молдабеков, Қ.Есеев, Ү.Нұрмұхаманов, Ә.Бақыраев сынды қаламгерлер зор еңбек сіңірді. Редакция ұжымы қазақ әдебиеті мен журналистикасының ірі тұлғалары – Ә.Сәрсенбаев, М.Ысқақов, З.Серікқалиев, М.Сатыбалдиев, Ж.Нәжімеденов, Р.Отарбаев сынды есімдердің осы қарашаңырақтан түлеп ұшқанын мақтанышпен айтады.
Газет атауы уақыт талабына сай бірнеше мәрте өзгерді: 1945 жылы – «Социалистік жол», 1960-жылдары – «Ленин жолы», 1992 жылы – «Кеңес үні» аталып, ақыры 1993 жылы бүгінгі «Серпер» деген атауды иеленді.
Соғыстан кейінгі жылдары Д.Жолмұханов, С.Хайдаров, Х.Тәкішев, С.Ерғалиев, Т.Құрманғалиев редакторлық жасады. «Ленин жолы» болып атауын өзгерткен аудандық газетке ашылғаннан кейінгі жылдары С.Хасанов, М.Ысқақов, Т.Хамеденов, Т.Құрманғалиев, Т.Берішбаев, Т.Дәрелов редактор болды.
Бүгінде «Серпер» Құрманғазы жерінің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, оқырманын ой биігіне жетелеп келеді. Тіпті көршілес Ресейдің Астрахан облысындағы қазақ ағайындар да бұл басылымды тұрақты оқып, туған жердің жаңалығын сағынышпен қабылдайды.
Серперді жырлаған сөз бәйгесі
Аудандық газеттің 95 жылдық мерейлі белесіне орай ұйымдастырылған «Сенім биігіндегі «Серпер» атты облыстық ақындар айтысы аудан әкімдігінің қолдауымен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде жоғары деңгейде өтті. Бұл шара өңірдің рухани өмірінде үлкен серпіліс тудырып, аудан жұртшылығына ерекше әсер қалдырды.
Өңірдің түкпір-түкпірінен келген 12 жүйрік айтыскер өзара сөз сайысына түсіп, ел мен жердің тағдыры, руханият, дәстүр мен тіл тақырыбын жырларына арқау етті. Айтыс барысында әзіл мен астарлы сын, елге деген сүйіспеншілік қатар өріліп, сахна төрінде шынайы поэзия мерекесі өрбіді.
«Құрмет» орденінің иегері, ақын Таңатар Дәрелов, мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Серікбол Панаберді мен халықаралық одақ мүшесі, айтыскер Мүтиғолла Ғани өнер сайысына әділ төрелік етсе, мәдениет саласының үздігі Саадат Нұрманов сөз додасын жүргізіп отырды.

Қорытындысында бас жүлде Жылыой ауданынан келген жас талант Ернұр Исахаевқа бұйырды. Сондай-ақ айтыста үздік өнер көрсеткен ақындар ауданның көрнекті тұлғаларының атындағы арнайы жүлделермен марапатталды. Р.Иманғалиев атындағы жүлдені Құрманғазы ауданынан Марсель Ерсайынов, Қ.Ғұмаров атындағы жүлдені Қызылқоға ауданынан Салауат Кәрімұлы, К.Қисамеденұлы атындағы жүлдені Индер ауданынан Нұрасыл Иса, С.Қасымов атындағы жүлдені Мақат ауданынан Әнуарбек Садықов, ал Т.Құрманғалиев атындағы жүлдені Исатай ауданынан Өнербек Дәулекенов иеленді.
Сонымен қатар айтысқа қатысып, белсенділік танытқан ақындарға арнайы сыйлықтар ұсынылды.
Тоқсан бестің төріндегі төл газет
Мерейтойлық шаралар легі «Тоқсан бестің төріндегі төл газет» атты салтанатты жиынмен жалғасты. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде кең көлемде аталған кеш Т.Ахметжанов атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы күмбірлі күймен түрілді. Ардагер журналист, ақын Т.Дәреловтың «Жасай бер, абыз Серперім» атты арнау жыры оқылып, басылымның тарихы мен даму жолынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Қ.Бөлеков «Серпер» газетінің ақпарат кеңістігінде абыройлы орынға ие екенін ерекше атап өтіп, редакция ұжымына Парламент Мәжілісінің төрағасы Е.Қошановтың, облыс әкімі С.Шәпкеновтің және аудан әкімінің Құттықтау хаттарын табыс етті.
Аудандық мәслихат төрайымы Г.Қалиева облыстық және аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарын табыстап, аудандық басылымның дамуына үлес қосқан журналистер мен редакция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ә.Жанғалиев Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның Құттықтау хатын редакция ұжымына табыстады.
Шарада «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Н.Елеусінов ұжымға 500 мың теңгелік ақшалай сыйлықтың сертификатын және аудан әкімдігіне естелік сыйлық ұсынды. Сондай-ақ ауданның рухани өміріне еңбек сіңірген азаматтар мен басылымның байырғы қызметкерлеріне «Серпер» газетіне – 95 жыл» мерекелік медалі тапсырылды.

Мерейтой иелерін құттықтап, жылы лебізін білдірген сөз иелерінің қатарында «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Ө.Қажымғалиев, ардагер-журналист Төлеген Берішбай, сондай-ақ өңірге белгілі ақындар мен журналистер болды.
«Серпер» газетінің бас редакторы А.Шакупова қорытынды сөзінде барша әріптестерге, ардагерлерге және жанашыр оқырмандарға зор алғысын білдіріп, алдағы мақсат – ғасырлық белеске тың серпінмен қадам басу екенін айтты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев
Сіз не дейсіз?
Нұрлан ҚАБЫЛОВ,
«Құрмет» орденінің иегері, ардагер журналист:
Ерекше риза болдық
Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің шыға бастағанына 95 жыл толуы салтанатты жағдайда аталып өтті. Осы салтанатта бес мыңға жуық таралыммен шығатын аудандық газетті аудан жұрты қатты құрметтейтініне куә болдық. Газеттердің бәрі өте күрделі кезеңді бастан кешіріп жатқанда осыншама таралымды сақтап тұру ерекше атап өтуге тұрарлық іс.
Біз ерекше риза болған тағы бір жағдай, салтанатта бірде-бір ардагер журналист, баспагер елеусіз қалмады. Өңірлеріне ескерткіш медаль тақты, сый-сияпатын ұсынды, бәрі де риза болды. Тіпті бұл кейбір еңбек ардагерлерінің өңіріне тағып отырған тұңғыш медалі екенін де байқадық. Сонымен бірге газет мерекесіне орай ақындар айтысын өткізіп, көрме жасақтапты. Мерекелі шараға ауданның басшылары, мәдениет қызметкерлері бәрі қатысып, газет тойын өздерінің мерекесіндей етіп өткізіп, атсалысып жүрді. «Атырау-Ақпарат» ЖШС басшылары да, аудандардағы әріптестері де мерекеге ортақтасып, аудан қаламгерлерінің мерейін бір асырып тастады.
Осының бәрін жас болса да бас болып, жақсы ұйымдастырған бас редактор Айнагүл Шакупованың ісіне біз де марқайып қалдық. Алдыңғы ағалары мен аталарының жолын лайықты жалғастырып келе жатқан ұжымға риза болып аттандық.



