Жер кіндігін тыңдаған…

1525207345 geolog "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Еліміздің даласы құт-қазынаға толы. Осынау ен байлықты кәдеге жарату үшін бүгінде орасан күш-жігер жұмсалып жатыр. «Қара алтын» өндірісі ел экономикасын дамытып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін түзеді. Жер астындағы байлықтың осылайша ел ырыздығына айналуы ең алдымен, геологтардың ересен еңбегі дер едім.

index

Бұл өзі қызықты да қиын мамандық. Қыр төсін шарлап, кен барлап, жеті қат жер астына құлақ түріп, қатпарына үңіліп жүргендер уақытпен санаспайды. Ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп келе жатқандықтан бұл кәсіптің қыр-сырын бір кісідей білемін деп ойлаймын. Рас, қазіргі жағдай бұрынғы кезеңдерден өзгеше. Бұрғылау жұмысы күрделі үрдіс қой. Оның барысында төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Оған жол бермеу үшін сақтық шаралары жүзеге асады, сұйық ерітінділер қолданылады. Ал, бұрғы 5 мың тереңдікке жер қабатына сүңгитін. Қазіргі өлшемге салғанда ол әнебір атап айтар көрсеткіш болмас, дегенмен, сол кезеңде үлкен нәтиже еді.

Кеңестік қоғамда геология министрлігіне қарайтын құрылым негізінен Каспий маңы ойпатында жұмыс жасады. Жайық пен Волга өзендерінің аралығында бұрғылау экспедициясы тынымсыз еңбек етті. Соның нәтижесінде Забурын, Имашев, Жаңаталап, тағы басқа алаңдар ашылып, шикізат өндіріле бастады. Осыншалық ауқымды шараға титімдей үлес қосқанымызды мақтаныш етеміз.

Бүгінде «Атырау мұнай-газ геология» АҚ-ның Ақтау қаласындағы филиалында еңбек етудеміз. Күрделі жөндеу бөлімінің маманымын. Қазір технология дамыған заман ғой, жаңа жабдықтар көп. Жұмыс жасаушы жас мамандар жетерлік. Мұның бәрін айтып отырғаным, өзіміздің сүйіп оқитын «Атырау» газеті геология бойынша тұрақты айдар ашса деген ұсынысым бар. Мұнда осы саланың жаңалықтары, артықшылықтары мен кемшіліктері, кешегі тарихы көрініс табар еді.

Ақмырза ҚҰСАЙЫНОВ,

геолог.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз