Бөлімше жабыла ма?

kazpochta Atyirau "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Жақында редакциямызға Балықшы кентінде тұратын бір топ зейнеткер қоңырау шалып хабарласқан болатын.

казпочта-Атырау

– Біз көптен бері өзіміз жазылған мерзімді басылымдарымызды, оның ішінде «Атырау» газеті де бар, Балықшыдағы телекоммуникация торабы ғимаратында орналасқан пошта байланысы бөлімшесінен келіп алатынбыз. Тіпті, осы жылдың шілде айына дейін солай болып келген-ді. Енді міне, соңғы кездері бұл бөлімше орнын ауыстырып, соңғы аялдамадағы дүкеннің бір бұрышына жайғасыпты. Әрине, мұнда бұрынғыдай емес, сауда орны болған соң келіп-кетушілер жетіп артылады. Бұл пошташылардың күнделікті жұмыстарын алаңсыз атқарып, халыққа қалыпты қызмет көрсетуіне ыңғайсыз сияқты болып көрінді. Оның үстіне, осыннан зейнетақымызды да алуға тура келеді. Екінші жағынан аптасына екі рет қана келетін газетіміздің кейде уақытылы жетпей қалатыны бар. Бірте-бірте осы бөлімшенің өзі де жабылып қалмас па екен, деген қорқынышымыз да жоқ емес. Бұған не айтар едіңіздер? – дейді олар.

Оқырмандарымыздың сауалын «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары И.Ю ханымға қойған едік.

– Шынымен де, осы уақытқа дейін аудандық телекоммуникация торабының кеңсесінде жұмыс істеп келгенбіз. Әйтсе де, ол өз алдына бөлек мекеме болғандықтан, бұл жерді жалға алу жолымен пайдаландық. Жылдан жылға жалдау ақысының көтерілуі бізге де оңай тиген жоқ. Шығындарымызды өтеудің өзі қиынға түсті. Осыны ескеріп, жалдау ақысы аздау орын қарастырып, осыған тоқтадық. Сыртқы есігі ортақ болғанымен, ішке кіретіні бөлек. Пошташылардың күнделікті қызметтерін ойдағыдай атқарып, міндеттерін сапалы орындауына барлық жағдай жасалған. Тек жаздың аптап ыстығында  салқындатқыштың күші жетпей қалуы айтарлықтай қиындық келтіргені шындық. Оны жөнге келтіруге жалға беруші тарап уәде етіп отыр. Пошташылардың саны да қысқармайды, бұрынғысынша тұрғындарға қызметтерін көрсете береді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ деп есептеймін, – деді Ирина Ю.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз