
Жайық жағасы қоқыстан тазартылды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Оның аясында табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру бағытында жүйелі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Атырау облысы бойынша Экология департаменті «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватымен және «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп «Таза жағалау» экологиялық акциясын өткізді.

Игі шара Пешной ауылдық округіндегі Жайық өзені жағасында өтті. Акцияның мақсаты – өзен маңын қоқыстан тазарту, санитарлық тәртіпті сақтау және табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Жалпы акцияға 60-қа жуық адам қатысып, нәтижесінде өзен жағасынан шамамен 2 тонна қоқыс жиналды. Барлық қалдық арнайы қоқыс полигондарына жеткізілді.

Экологиялық акция қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА


