Жарнама
Экология

Жайық пен Қиғаш теңізді толтыра ала ма?

Каспий теңізінің тартылуы тек экологиялық емес, әлеуметтік-экономикалық мәселе ретінде де өзекті болып отыр. Бұл жағдай қоғамның алаңдаушылығын күшейтті.

d67c04e8 f95f 4bc9 b007 6c33308da7b4

Жуырда әлеуметтік желіде Атырау облысының тұрғыны облыс шекарасында орналасқан Каспий теңізінің табанына барып, ондағы жағдайға алаңдаушылық танытқан бейнежазбасын жариялады. Бейнежазба авторының айтуынша, теңіздің орнында қазір батпақты жер ғана қалған.


 – Біз әлі суға жете қойған жоқпыз. Соған қарамастан, топырақ қатты босаңсып кеткен, жеңіл көлікпен жүру қауіпті. Мұнда тек арнайы техникамен ғана жетуге болады, — дейді ол бейнежазбада.


 Автордың сөзінше, теңіз ортасында орналасқан бұрынғы аралдар бүгінде құрлыққа айналған.


– Бұрын мұның бәрін су басып жататын. Қазір болса, тіпті Баутино теңіз жағажайына дейін тікелей жол ашылғандай, — дейді.
 
 Осы бейнежазбаға байланысты облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі Дидар Хамзин өзінің жеке көзқарасын айтып, пікір білдірді. Ол Каспий теңізінің қазіргі деңгейі аса күрделі жағдайда тұрғандығын жоққа шығармайды.

23a5f6ee 03b6 49df a15d 59ae14b216f2

Десе де теңізге қосымша су жіберу арқылы Жайық пен Қиғаш өзендерінің табиғи ағысын тежеп, онсыз да азайып қалған суды ысырап етіп отырғандығын да жасырмады.


– Бұл халық үшін аса қауіпті. Себебі Каспий теңізінің тартылуы – үлкен мәселе болғанымен, ең алдымен елді мекендердегі тұрғындардың ауыз суға деген сұранысын қанағаттандыру маңызды. Ал жүргізіліп жатқан өзен арналарын қазу жұмыстары керісінше жағдайды ушықтырып отыр. NCOC компаниясы ұзындығы 56 шақырым, ені 30 метр, тереңдігі 5 метр қазылған арналардың кесірінен Солтүстік Каспийдің 30-40 шақырымға дейін тартылуына әкеліп соқты. Екіншіден Жайық пен Қиғаштың тамағын тереңдету жұмыстарының кесірінен тұщы су проблемасы туындап отыр. Оның себебін Құрманғазы ауданындағы төтенше жағдайдан да көріп отырмыз. Өйткені Жайық пен Қиғаштың деңгейі Каспийдің деңгейіне қарағанда жоғары. Сондықтан судың бәрі теңізге кетіп қалып жатыр. Мамандардың ескертуіне қарамастан, бұл жұмыстар жүргізіліп келеді.
 Тағы бір үлкен мәселе – бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалуы. Мысалы, арналарды қазу жұмыстарына жұмсалған ең қымбат техника мен жалға алу бағасын қосқанда 1 миллиард теңгеден аспайды. Бірақ іс жүзінде оған 19 миллиард теңге бөлінген. Демек, 18 миллиард теңге талан-таражға түсіп отыр, — дейді қоғам белсендісі.


Қоғам белсендісінің пікірінше, Каспийдің негізгі тірегі – Еділ өзені. Бұрын теңізді 80 пайызға дейін Еділ толтырып отырса, қазір оның үлесі екі есеге қысқарып, небәрі 40 пайызды ғана құрайды. Жайықтың үлесі де азайған. Бұрынғы 12 пайыздан 3 пайызға дейін түсті. Қиғаштың да жағдайы мәз емес. Ал Кавказдан ағатын сулардың көлемі тым аз. Белсенді «мұндай жағдайда теңізді арна арқылы толтырамыз деу – уақытты да қаржыны да ысырап ету» екендігін айтады.

Каспийдің қазіргі жағдайы – өңір үшін де, тұтас ел үшін де аса өзекті мәселе. Бір жағынан теңіз деңгейінің төмендеуі экологиялық қауіп туғызса, екінші жағынан Жайық пен Қиғаштағы ауыз су тапшылығы халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етуде. Сарапшылар мен қоғам белсенділерінің пікірлері түрлі болғанымен, ортақ ой – бұл мәселені шешу кешіктірілмеуі тиіс. Ең бастысы, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы мен ғылыми негізделген шешімдердің қабылдануы халықтың сенімі мен теңіздің болашағы үшін маңызды болып қала бермек.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button