
UTEBAYEV UNIVERSITY алаңында Каспий экожүйесін сақтау мәселелері талқыланды
Атырауда «Каспий экожүйесін сақтау: халықаралық диалог және ынтымақтастық» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шараны С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті (UTEBAYEV UNIVERSITY) мен Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
«Дөңгелек үстелдің» басты мақсаты – Каспий теңізінің экологиялық тұрақтылығын сақтау, өңірлік ғылыми ынтымақтастықты дамыту және экологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу.
Каспий теңізінің қазіргі жағдайы экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар өңірлік қауіпсіздік пен тұрақты дамудың маңызды факторы. Сондықтан мұндай ғылыми алаңдар Каспий маңы мемлекеттерінің күшін біріктіруге мүмкіндік береді.
Іс-шараны ашқан UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова өз сөзінде Каспий өңіріндегі экологиялық мәселелерді шешуде жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуеті мен халықаралық ынтымақтастықтың рөліне тоқталды:
-Каспий экожүйесін сақтау – ортақ жауапкершілік. Бұл бағытта білім мен ғылымның интеграциясы ерекше маңызға ие. Университеттер зерттеу орталығы ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын басты күш болуға тиіс», – деді ректор.
Ассамблея отырысында UTEBAYEV UNIVERSITY бірнеше стратегиялық бастама ұсынды. Атап айтсақ, «Каспийдің цифрлық атласын» құру – Каспий теңізі туралы ғылыми деректер мен мониторинг нәтижелерін біріктіретін ашық білім беру және зерттеу платформасы; «Каспий өңірінің тұрақты дамуы» бағыты бойынша бірлескен магистратура және PhD бағдарламаларын әзірлеу – болашақ экологтар мен ғалымдарды даярлау; Каспийдің Жастар зертханалары желісін қалыптастыру – студенттер мен жас зерттеушілерді экологиялық зерттеулер мен инновациялық жобаларға тарту.
UTEBAYEV UNIVERSITY-дің Н.Нәдіров атындағы Мұнайхимия инженериясы және экология институты аймақтық ғылыми экожүйенің маңызды бөлігіне айналып отыр. Алдағы уақытта институт базасында Каспий экожүйесін кешенді зерттеу, жасыл технологияларды дамыту және мұнай-химия саласындағы экологиялық қауіпсіз шешімдерді әзірлеу бағыттары кеңейтіледі.
Дөңгелек үстел жұмысына Ресей, Әзербайжан, Иран және Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарының өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің атқарушы директоры (РФ) Юрий Пименов, Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Александр Невалённый, Гилян техникалық университетінің ректоры (Иран) Али Багит, Горган университетінің ректоры (Иран) Аболгасем Казаян, Әзербайжан технологиялық университетінің ректоры Яшар Адил оглы Омаров, Ресей ғылым академиясы П.П. Ширшов атындағы мұхиттану институты директорының орынбасары Петр Завьялов және басқа да ғылыми қауым өкілдері болды.
Жиын барысында қатысушылар Каспий теңізінің экологиялық ахуалын, тарихи және биологиялық ерекшеліктерін, антропогендік факторлардың әсерін, климаттық өзгерістердің салдарын және су ресурстарын тиімді басқару тетіктерін талқылады.
Кездесу соңында тараптар Каспий маңы мемлекеттері арасында экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен ғылыми жобаларды жалғастыру туралы шешім қабылдап, ортақ ұсыныстар пакетін әзірледі.



