«Таза Қазақстан»: 12 тонна қоқыс жиналды
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің жағалауы тазартылды.
Аталған шараға «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері, Атырау облыстық экология департаменті, Қайыршақты ауылдық округі әкімдігі және еріктілер белсене қатысты. Олар теңіз жағалауында және өзен бойында демалыс орындары мен көпшілік жиі баратын табиғи аймақтарды тазартуға жұмылды.
Акцияның негізгі мақсаты — табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық мәдениетті арттыру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аудару. Акция барысында табиғи аумақтарды тазартуға атсалысқан 300-ден астам адамның күшімен жалпы көлемі 12 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы орынға тасымалданды. Мұндай іс-шаралар еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға, әрі тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға зор үлес қосады. Бұл акция алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.
Әсел ИЩАНОВА,
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік
балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы



