Жарнама
Экология

Табиғатқа тағылық танытқан кәсіпорындар бар

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы экология жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысты кеңес төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ануарбек Батаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен өңірдегі ірі және орта кәсіпорындардың экологиялық зардаптарын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есенов тоқталды.


Оның айтуынша, облыста І санаттағы 83 кәсіпорын тіркелген. Оның 50 пайызы мұнай-газ өндіру секторында, 5 пайызы мұнай өңдеу және газ-химия саласында, 15 пайызы полигондар мен қалдықтарды өңдеу нысандарына тиесілі. Ірі кәсіпорындарға белгіленген эмиссия лимиті биыл 224 мың тоннадан асады, бұл жалпы шығарындылардың 90 пайызын құрайды.

013724f8 a577 4f3c aee8 41327fe3bb78


– Бүгінде шығарындыларды азайтуға бағытталған автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Қазір бес ірі табиғат пайдаланушы мекеме – «Атырау жылу электр орталығы» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, «НКОК» компаниясы және «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» өз өндіріс орындарында шығарындыларды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін жүйе орнатып жатыр, — деді Ерлан Есенов.

c01f97d0 00cf 4169 98e0 84a43f78f60e


Сонымен қатар, биылғы 10 айда департамент тарапынан 28 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, экологиялық заңнаманың бұзылған 84 фактісі анықталған. Нәтижесінде кәсіпорындарға 2,3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – сол жақ жағалаудағы ағынды суларды тазарту құрылғысының жұмысына арналды. Бұл туралы «Атырау облысы су арнасы» КМК директорының орынбасары Ғасыржан Лекеров айтып өтті.


Оның айтуынша, нысан 2021 жылы пайдалануға беріліп, тәулігіне 70 мың текше метр сарқынды суды қабылдауға есептелген. Қазіргі таңда станция орта есеппен тәулігіне 15 мың текше метр сарқынды суды қабылдап, механикалық және биологиялық тазарту кезеңдерінен өткізуде.

5ab809ad 4544 4fac b6d0 69d606775b0a


– Биологиялық тазарту сатысында аэробты микроорганизмдер арқылы су құрамындағы органикалық ластаушы заттар жойылып, тазартылған су арнайы булану алаңына бағытталады. Қондырғының жалпы техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Қазіргі уақытта биологиялық бактериялар 100 пайыз қалпына келтірілді, ал тазарту сапасы 80-85 пайыз деңгейінде тұрақтанды, — деді Ғасыржан Ермекұлы.

Сондай-ақ қыркүйек айында тіркелген мұнай өнімдеріне ұқсас заттармен ластану фактісіне де тоқталды. Бұл оқиға бактериялық ортаға зиян тигізіп, тазарту сапасының төмендеуіне әсер еткен.


Алайда, «Атырау су арнасы» мекемесі қысқа мерзімде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, нысанның жұмыс қабілетін қайта қалпына келтірген.

«Атырау су арнасы» директоры орынбасарының айтуынша, нысанға қызмет көрсететін мердігер компания – «Павлодар речной порт» АҚ кепілдік міндеттемелерін орындауға тиіс. Кәсіпорын тарапынан анықталған кемшіліктерді жою бойынша бірнеше ресми хат жолданғанымен, қазіргі күнге дейін тиісті жұмыстар орындалмаған.
Ғасыржан Лекеров экологиялық бақылауды күшейтіп, тазарту сапасын тұрақты деңгейде сақтау үшін қажетті шаралар тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Кеңес отырысы қорытындысында партия жанындағы экология жөніндегі аймақтық кеңес төрағасы Ануарбек Батаев кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қалдықтарды басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету және автоматтандырылған мониторинг жүйелерінің тиімділігін тұрақты түрде бақылауда ұстау қажеттігін айтты.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button