Жарнама
Экология

Су ресурстарын тиімді басқару қажет

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында су мәселесінің стратегиялық маңыздылығы айқын айтылды. Расында да, сусыз өмір жоқ, сондықтан бұл сала ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Жолдауда айтылғандай, бізде су үнемдеу мәдениеті төмен, ал суды бөлу, есепке алу жүйелері ескірген. Кейбір каналдардағы судың жартысынан астамы далаға кететіні – соның нақты дәлелі.

Су ресурстарын басқарудың цифрлық платформасын құру, жасанды интеллектті пайдалану, Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру сияқты бастамалар – уақыт талабына сай, дұрыс бағыттағы шешімдер.
Мен жақында Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялы ауданында болып, су тазарту станциясын арнайы көріп шықтым. Қалада үш миллион халық тұрады, тәулігіне төрт жүз мың текше метр су жеткізіледі. Сондай ауқымды көлемге қарамастан, олар да біздегідей дәстүрлі, классикалық әдісті қолданады. Су алдымен тұндырғышқа құйылады, кейін сүзгіден өтеді, соңында резервуарға жиналып, халыққа таратылады. Шынын айтқанда, Қытай секілді дамыған мемлекеттен мүлде жаңа технологияларды көремін деп ойлаған едім, бірақ олар да әлі күнге дейін бізге таныс әдісті пайдаланып отыр екен. Бұл – су саласында тек технология ғана емес, ең бастысы – жүйелі басқару, дұрыс саясат пен есепке алу мәдениеті маңызды екенін көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда Президент көтерген мәселелер мен Қытайдағы тәжірибе бір-бірімен үндесіп жатыр. Технологияны енгізу әрине қажет, бірақ ең әуелі бізге су ресурстарын тиімді басқару жүйесін жолға қою керек. Жолдауда айтылғандай, кәсіби кадрларды даярлап, су дипломатиясын дамытып, заманауи цифрлық бақылауды енгізу – ертеңгі ұрпақ үшін жасалатын ең маңызды қадамдардың бірі. Егер бүгін дұрыс шешім қабылдап, жүйелі жұмыс жүргізсек, болашақта су тапшылығын еңсеріп, елдің әлеуметтік тұрақтылығын да, экономикалық дамуын да қамтамасыз ете аламыз.

Ғасыржан ЛЕКЕРОВ,
«Атырау Су Арнасы» КМК директорының
өндіріс бойынша орынбасары

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button