Жарнама
Экология

Қызметкерлер сенбілікке белсенді қатысты

Ел аумағындағы ірі компаниялар қоршаған ортаны қорғауды баршаға ортақ парыз деп санайды. Осыған орай 20 қыркүйек күні «Теңізшевройл» ЖШС халықаралық «Дүниежүзілік тазалық күні» экологиялық акциясына белсене қатысты. Барлығы 200-ге жуық адам қатысқан шара республика Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтті.

100a048d 322e 4224 bf13 403eefbd5696

Акцияға бірлескен кәсіпорынның және оның мердігер компанияларының 150-ден астам қызметкері мен «ЖылыойТазалық» мекемесінің өкілдері қатысты. Шара барысында Қамыскөл жағалауынан шамамен 60 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Оны «ЖылыойТазалық» мекемесі өзінің 5 «КамАЗ», 4 «Газель» жүк көлігімен Құлсары қаласының арнайы қоқыс полигондарына жеткізді.
– Теңізшевройл – әлеуметтік жауапкершілігі мол компания ретінде осындай экологиялық акцияларды әрдайым қолдап келеді. Бұл жолы да 150-ден астам қызметкеріміз Атырау мен Теңізден Құлсары қаласына арнайы келіп, аудан орталығының тазалығына өз үлестерін қосты. Өйткені, бұл – біздің ортақ үйіміз және табиғатты қорғауға деген көзқарасымыздың бір көрінісі, — деді «Теңізшевройл» компаниясы өндірістік оңтайландыру/өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бас менеджері Нұртас Кенғанов.
Сенбілікке қатысушылардың бірі Ерік Смайылов мердігер мекеменің қызметкері болса да, ТШО-дағы әріптестерінің халықаралық экологиялық акцияға қатысатынын ести сала, бірден қосылуды ұйғарыпты.
– Өзім Құлсары қаласында туып-өстім. Жасыратыны жоқ, қоршаған ортаны қорғауға қоғамның көзқарасы жақсарған сайын Құлсарының да тазарып келе жатқанын байқаймын. Бірақ, оған бола масайрауға болмайды. Өзім тұратын елді мекеннің, әсіресе туған қаламның тазалығына үлес қосу – мен үшін зор мәртебе. Мұндай шаралар туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырады, — дейді Ерік.
Шарада Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Азизхан Демесінов мұндай экологиялық шаралар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамда жауапкершілік пен бірлікті арттыруға ықпал ететін айтты.
Компания өкілдерінің айтуынша, ТШО компаниясы өндірістік қызметтен түсетін экологиялық әсерді азайту бағытында жүйелі жұмысты тоқтаусыз жүргізіп отыр. Қазір Теңіз кенішінде қалдықтың 82 пайызы қайта өңделіп, екінші рет пайдаланылса, судың 49 пайызы тазартылып, қайта қолданылады.

Айнұр МАХАМБЕТОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button