Жарнама
Экология

Каспийдің экологиялық қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Каспий теңізінің экожүйелік жағдайы бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Каспий маңы елдері университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының XXVII Бас ассамблеясы өтті. Биылғы жиын «Каспий экожүйесі: ғылым мен білім интеграциясы» тақырыбына арналды.

Пленарлық отырыстан кейін Ассамблея жұмысы секциялық мәжілістермен жалғасты. Онда экологиялық мониторинг, биологиялық әртүрлілікті сақтау, жасыл технологияларды дамыту және Каспий маңы университеттері арасындағы ғылыми серіктестікті тереңдету мәселелері қаралды. Әр секцияда зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары өз тәжірибелерімен бөлісіп, Каспий аймағының тұрақты дамуына бағытталған ортақ ғылыми жобаларды ұсынды.

Ассамблея аясында университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасында әріптестік туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар Каспий маңы елдерінің ғылыми әлеуетін біріктіріп, аймақтық білім беру мен экологиялық зерттеулердің сапасын арттыруға бағытталмақ. Құжаттарға сәйкес, тараптар экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарын тиімді пайдалану, климаттың өзгеруіне бейімделу және жас ғалымдарды қолдау бағыттарында бірлескен зерттеулер жүргізуді көздейді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ұйымдастырған бұл маңызды шара Каспий маңы елдері арасындағы ғылыми және білім беру ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ортақ бастамалардың негізін қалады. Ассамблея қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы уақытта Каспий экожүйесін сақтауға арналған нақты ғылыми шешімдерді бірлесе жүзеге асыруға уағдаласты.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button