
Каспий мен Жайық тағдыры – ортақ жауапкершілік
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы сөзінде көтерілген мәселелер – бүгінде Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін аса өзекті. Әсіресе, климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы және экожүйенің тозуы біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етіп отырғанын атап өту қажет.

Каспий теңізінің тартылуы – Атырау облысы үшін ең күрделі экологиялық проблемалардың бірі. Бұл құбылыс теңіздің биоалуантүрлілігіне, балық шаруашылығына, соның ішінде бекіре тұқымдастардың табиғи көбеюіне айтарлықтай қауіп төндіруде. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындардың өмір сапасына да әсер етіп отыр. Мемлекет басшысының Каспий суын сақтау үшін серіктес мемлекеттерді және халықаралық қауымдастықты жедел шаралар қабылдауға шақыруы – уақыт талабына сай стратегиялық бастама.
Жайық өзенінің жағдайы да айрықша алаңдаушылық туғызады. Өзеннің деңгейінің төмендеуі мен гидрологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы ауыл шаруашылығының суға тәуелді салаларына кері әсерін тигізуде. Бұл ретте трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту, су үнемдеу технологияларын енгізу және ғылыми негізделген басқару шешімдерін қабылдау маңызды.
Климаттың өзгеруі және мұздықтардың еруі – Орталық Азия халықтарының ортақ болашағына төнген сын-қатер. Су тапшылығы тек ауыл шаруашылығына ғана емес, энергетикалық қауіпсіздікке де әсер етуі мүмкін. Сондықтан Президент атап өткен халықаралық деңгейдегі үйлестіру мен инвестиция тарту – аймақ үшін шешуші мәнге ие.
Экологиялық мәдениет пен қоғамды жұмылдыру – табиғатты қорғау саясатының маңызды бөлігі. Атырау облысында «Таза Қазақстан» акциясына мыңдаған ерікті қатысып, өзен-көлдерді, орман-тоғайларды, елді мекендерді қоқыстан тазалауға үлес қосып келеді. Бұл бастама экологиялық ағартушылықты арттырып, жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтеді.
Президенттің 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялау бастамасы да экологиялық және әлеуметтік жобаларды жандандыруға серпін береді. Сонымен қатар, 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні ретінде бекіту идеясы – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді айқын көрсететін орасан маңызы бар ұсыныс.
Мемлекет басшысы көтерген бастамалар – біздің өңірдің даму стратегиясымен толық үндес. Атырау облысы табиғи ресурстарды қорғау, су қорын сақтау, экожүйені қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, ғылыми қауымдастықпен, халықаралық ұйымдармен және жергілікті қоғамдастықпен бірлесе әрекет етуді жалғастыра береді. Бұл тек өңірдің ғана емес, күллі елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі болмақ.
Зарина ТӨРЕБАЕВА,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы
Сурет: gov.kz



