Жарнама
Экология

Браконьерлер бұғалыққа бағынар емес

Каспий теңізіндегі браконьерлікпен күрес – ел үшін аса маңызды экологиялық және экономикалық міндеттердің бірі. Қауіптісі сол, бекіре тұқымдас балықтың заңсыз аулануы және тыйым салынған ау-құралының қолданылуы.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, осы мақсатта Атырау облысы бойынша мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен жедел топ құрылып, жұмыс басталған. Балық қорғау органдары, полиция, шекара қызметі, «Ақжайық» резерваты мен мемлекеттік көлік инспекциясының жауапты қызметкерлерінен құралған топ жоспарланған шараларды үйлестіріп, оларды Каспий теңізі атырабында жүйелі жүзеге асырып отыр.

– Мәселен, биыл қазан айында біздің инспекцияның, шекара қызметі және прокуратура органдарының қатысуымен Каспий теңізінің солтүстік жағалауында бірлескен рейд ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде балықтың көшіп-қону жолдары тазартылып, «су маржанын» браконьерлердің ау қоржынынан сақтап қалдық. Осылайша, табиғат қорғау заңнамасы талаптарының өрескел бұзылуына тосқауыл қойылды. Тыйым салынғанына қарамастан, су айдындарынан рұқсатсыз қолданыста болған 120 балық аулау құралы, жалпы салмағы 150 келіге жуық қара балық түрлері тәркіленді. Тіркелген деректерге қатысты 9 хаттама толтырылып, кінәлі деп танылған заңды және жеке тұлғалар әкімшілік жазаға тартылды, — деді инспекция өкілі.

Ресми дереккөздерден алынған мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері балық қорғау органдары 1828 құқық бұзу дерегін анықтаған. Соның 10 материалы браконьерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау үшін тергеу органдарына жіберілді. Барлығы 5,3 тоннадан астам балық, 2382 балық аулау, 99 жүзу және көлік құралы заңсыз айналымнан шығарылған. Рұқсатсыз балық аулап, заң талабын бұзғандарға әкімшілік жазалау шарасы ретінде 25,9 миллион теңге сомасында айыппұл салынды.

Заңсыз балық аулау Маңғыстауда да бар екен

Облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қадағалайтын Маңғыстау облысының аумағында да заңсыз жолмен балық аулау деректері аз емес екен. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтің сөзінше, жыл басынан бері өңірде рұқсатсыз балық аулануына байланысты 33 қылмыстық құқық бұзу дерегі тіркелген.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде 2 тоннадан астам балық тәркіленсе, оның дені бекіре тұқымдас «су маржаны» мен қара уылдырық болыпты. Биыл көрші облыста жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын бұзу бойынша 411, заңсыз балық аулау фактілеріне қатысты 74 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 1,7 миллион теңгеден астам айыппұл салу жөнінде шешім шығарылған.

– Браконьерлікке қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында жүргізілген арнайы рейдтер  оң нәтиже берді. Былтыр облыс аумағындағы су айдындарында 80-ге жуық рейд ұйымдастырылып, қорытындысында 20 әкімшілік іс қозғалды. Биылғы қаңтар-қазан айларында осындай 55 іс-шара өткізіліп, кінәлілерге салынған 786 мың теңге сомасындағы айыппұл толықтай өндірілді. Каспий теңізінде заңсыз балық аулауға қарсы күресті күшейту үшін өңірде материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен жаңартылуда. Балық қорғау инспекциясы кейінгі жылдары заманауи моторлы қайықтар мен қызметтік автокөліктермен жабдықталды. Кездескен кедергілер мен қиындықтарға қарамастан браконьерлікке қарсы күрес жүйелі түрде жалғасады. Маңыздысы, мұнда құқық қорғау, табиғат қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өзара бірлескен іс-қимылы қажет, — дейді салалық басқарманың басшысы.

Шекарашылар да ортақ істен шет қалмайды

Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің баспасөз орталығы таратқан ақпараттарға қарағанда, Каспий теңізінің шекаралық қорғау аймағында да табиғат байлығына заңсыз қол сұғушылар саны азаймай отыр.

Мәселен, жыл басынан бері шекарашылардың өкілетті органдармен бірлесе жүргізген іс-шараларының нәтижесінде республика бойынша 4700-ден астам табиғат қорғау заңнамасын бұзу дерегі тіркелсе, айыпты деп танылғандардың дені шетел азаматтары екен. Тауарлар мен жүктерді шекара арқылы тасымалдаудың 1708 дерегі анықталыпты. Соның ішінде Каспий теңізі атырабында 106 браконьерлік дерегі тіркеліп, 24 жүзу, жалпы ұзындығы 136 шақырымнан астам балық аулау құралы, жалпы салмағы 3 тоннаға жуықтайтын 496 дана бекіре тұқымдас балық пен 4 дана итбалық тәркіленген. Келтірілген материалдық зиян көлемі – 1,1 миллиард теңге.

Бекіреге құныққандарға – берік тосқауыл

Табиғаттың басты байлықтарының бірі – «су маржанын» заңсыз аулауға берік тосқауыл қою шаралары акция, рейд, тексерулермен шектелмейтіні белгілі. Жүргізілетін күрестің пәрменділігі мен ашықтығын арттыруда бұқаралық ақпарат құралдарының да атқаратын ролі мен алатын орны жоғары.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Рүстем Қорқытовтың айтуынша, биылғы он айда жергілікті және республикалық БАҚ құралдарында жалпы саны 280-ге жуық ақпараттық-насихаттық бағыттағы мақала, хабар, бейнетүсірілімдер жарық көрген. Оған қоса әлеуметтік желілер арқылы таратылған материалдар да жеткілікті. Бұларда кең көлемді «Бекіре-2025» балық қорғау акциясы аясында бірлескен рейдтік шаралар, балық шабақтарын құтқару, су айдындары мен қоршаған ортаны тазалау жұмыстарының барысы жан-жақты қамтылыпты.

– Соған қарамастан жыл сайын қайталанатын табиғат байлығына заңсыз қол сұғу дерегін азайтуда мәселеге мүдделі құрылымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтудың тигізер ықпалының зор әсері мол. Осы тұрғыда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс бар. Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен инспекция теңгеріміне 5 шағын моторлы кеме (қайық), 2 квадроцикл мен 2 автокөлік алынды. Бірқатар аудандық бөлімдердің ғимараты күрделі жөндеуден өтті, — деді Рүстем Берікұлы.

Д. ЛАТИФҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button