БАСТЫ БАЙЛЫҚ – ТАБИҒАТ ТАЗАЛЫҒЫ

Солтүстік Каспий  жобасы бойынша оператор болып саналатын «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В» (НКОК) компаниясы келесі жылға белгіленген табиғат қорғау шараларын жұртшылық назарына ұсына отырып, өздерінің ұстанымдары осы екендігін айтты. Бірақ, Қашаған кенішін игеріп жатқан инвестордың болашақ жоспары жергілікті ғалымдар мен экологтар, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері тарапынан сынға да ілікті. Сонымен...

 Атырау – Доссор арасына ағаш егіледі

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың ұсынысымен қоғамдық тыңдау осындай шараларға тұрақты қатысып, өзінің азаматтық көзқарасын білдіретін марқұм профессор Тілепқазы Ерғалиевті еске алумен басталды.

– Сөз жоқ, – деді одан әрі жиналғандарды аймақ басшысы атынан құттықтаған ол, – Солтүстік Каспий жобасы – ел экономикасы үшін өте маңызды. Оны сәтті игеру Қазақстанды «қара алтыны» мол мемлекеттердің қатарына қосады, бюджетке де қомақты қаржы түседі. Әйтсе де, алдыңғы кезекке экология мәселесі шығады. Айдын төсінен оған еш зиян келтірмей өнім өндіру – Елбасы қойған негізгі міндет. Демек, осы нақты тапсырма үдесінен шығуымыз қажет.

 Расында да, әзірге ешқандай пайдасын көрмесек те, Қашаған кенішінен үмітімізді үзбейміз. Іске қосылған сәтте-ақ сыр берген ақаулы тұрбалар да ауыстырылар, алғашқы мұнай да ел қоржынына құйылар. Оның үстіне, Қашаған – бұдан жарты ғасырға жуық бұрын Аляскада ашылған Прудхо-бей кен орнынан кейінгі ең ірі кеніш. Оның 35 млрд. баррель геологиялық қорының 9-13 миллиарды өндірілгеннің өзінде мол байлыққа кенелеміз.

Оның үстіне, НКОК компаниясының мемлекеттік органдармен және сыртқы байланыс менеджері Серік Идрановтың айтуынша, қазіргі қаржы қиындықтарына қарамастан инвесторлар әлеуметтік салаға бөлінген қаражат көлемін қысқартпайды. Мәселен, 1998-2014 жылдары бұл бағытта 500 млн. доллар жұмсалыпты. Ал, 2015 жылдан арғы бес жылға 250 млн. доллар қаралған. Рас, тек біз ғана емес, іргелес Маңғыстау облысы да қамтылады. Бұл кезде Қашаған кенішінің алғашқы өнімі алынуы да көзделсе керек.

Дегенмен, жиналғандарды компанияның қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстары қызықтырды. НКОК мамандарының айтуынша, 2010-2014 жылдары бұл бағытта 25,5 млрд. теңге жұмсалыпты. Биылғы жылға бес миллиард теңге жоспарланған. Соның әзірге 45 пайызы орындалыпты. Әйтсе де, бұған дейін де айтылып жүргеніндей, Солтүстік Каспий жобасын жүзеге асырудағы басты мақсат – айдын тазалығын сақтап, оның түбіндегі мұнайды табиғатқа салмақ салмай алу. Сондықтан, жиналғандар НКОК компаниясының қоршаған ортаны қорғау менеджері Әсел Мұсабекова баяндаған инвесторлардың келесі жылға жоспарлаған табиғат қорғау шараларын ден қоя тыңдады. Әділін айту керек, мұнда назар аударуға тұрарлық жұмыстар қолға алынбақшы екен. Әсіресе, Атырау-Доссор тас жолы бойына тәжірибе ретінде ағаш отырғызу қызықтырды. Ол жергілікті атқарушы билікпен арадағы келісім негізінде жүзеге асырылмақшы. Бастапқыда шегіршін, жиде мен жыңғыл егілмекші. Әрине, олардың біздің тұзы молдау жерімізге және қатаңдау табиғатымызға төтеп беріп, өсіп кеткенін қалар едік. Әйтсе де, болашағы бұлыңғырлау тәжірибелік шараға қыруар қаржы жұмсағанша, әуелден төзімді тал-теректерді отырғызса қайтеді? Оның үстіне, «Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Махамбет Хакімовтің пікірінше,Атырау қаласы мен «Болашақ» қондырғысы арасындағы Соколок өзені тұсынан жасыл белдеу жасаған да жөн. Бұл ұсыныс та көптен бері айтылып жүр.

 

Атыраулықтар күкірттен сескенеді

Тағы бір назар аударғанымыз – Батыс Ескенедегі темір жол кешені жобасы аясында арнайы күкірт түйіршіктеу қондырғысының құрылысы. Теңіз кенішіндегі тәрізді Қашаған мұнайының да құрамында күкірт бар. Шыны керек, атыраулықтар содан сескенеді. Оның кезінде Теңіз кен орнында он миллион тонна шамасында жинақталып қалғанын ұмытқан жоқ. Бұл мәселе «Глобус» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Галина Чернованың компания атына жолдаған сауалында көрініс тауыпты. Рас, НКОК мамандарының айтуынша, көп күкірт жинақталмайды және ол жабық блоктарда сақталады. Сонымен қатар, оны тасымалдау үшін түйіршіктеу әдісі қолданылады. Тәулігіне 4500 тонна күкіртті тұтынушыға жөнелту жоспарланған. Әйтсе де, ол коммерциялық өнім болғандықтан, дүниежүзілік деңгейде сұранысы мен бағасына да байланысты болмақ.

Мұнайдың ықтимал төгілімдерін жою, соған қажетті жабдықтар алу, техникалық күтім жасау, оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру – келесі жылға белгіленген шаралар. Қазір компанияда 20 шақты кеме, 48 мұнай жинау және 65 сорғылау қондырғылары, өзге де жабдықтар бар. Солардың біразын сонау жылы Баутино портына барғанымызда көргенбіз. Кейбіреулер су құралдарының ескілігін алға тартқанымен, компания мамандары «Қаныш Сәтпаев» секілді кеменің мықтылығын, жалпы басқаларының да айдын төсінде жұмыс жасауға бейімделгенін айтты. Тосын жағдай бола қалса, жасанды аралдардағы жұмысшыларды қауіпсіз орынға жедел әкету мүмкіндігі бар. Ал, жиналған мұнайды уақытша сақтау қоймасының көлемі 650 текше метр екен. 

Теңіз  бетінде тыныштық  жоқ

Әрине, «Болашақ» нысанында сарқынды суларды қайта пайдалану жобасына назар аудардық. Компания мамандарының айтуынша, оны барынша үнемді тұтыну бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына қажетті су Астрахан-Маңғыстау құбырынан алынатын болғандықтан, оған көп салмақ салмаған да жөн. Өйткені, оны көршілес Маңғыстау облысы мен Жылыой және Исатай ауданы тұрғындары пайдаланып отыр. Бұл құбырға бірқатар өндірістік нысандар жалғанған. Ертеңгі күні газ-химия кешені де қажеттілігін осыдан өтемек. Жайық тайызданып, суы нашарланып жатқанда облыс халқының сұранысын осы желі арқылы қанағаттандыратын күн туып қалуы да ықтимал. Әйтпесе, Жылыой ауданындағы Жаңасу мен Бәли жерасты суларын пайдалану мәселесі жуық мезгілде шешіле де қоймас.

Сондықтан, ардагер-эколог Бостан Сүлейменовтің бұл бағытта алаңдаушылық танытуы түсінікті. Теңізді жасанды аралдармен тұмшалап тастағандықтан, балықтардың өмір сүру ортасы да тарылып келеді. Оның үстіне, әрі-бері жүрген кемелер су жануарларының тынышын да алуда. Маманның баса сұраған сауалы теңіз түбін тереңдету еді, сөйтсек келесі жылы мұндай шара қолға алынбайтын көрінеді.НКОК компаниясының мемлекеттік органдармен және сыртқы байланыс менеджері Серік Идрановқазіргі басты мақсат ақаулы тұрбаларды ауыстыру екендігін жасырмады. Бүгінде барлық күш соған жұмылдырылған.

Айтпақшы, сол тұрбалардың сейсмикалық толқуларға төзімділігі зерттелді ме? Жасыратыны жоқ, бүгінде Каспий жер сілкінісі жиі болатын орынға айналды. Бұдан біраз жыл бұрын оның әсерін атыраулықтар да сезінген. Егер күші көбірек болып жатса, су астында тартылған құбырлар үзіліп кетпей ме? Мәселен, олар сегіз балдық толқуға шыдай ма? Жер үстіне құбыр тартқанда оның астын да зерттеген жөн. Міне, осы сауалды қоғамдық тыңдауға қатысқандардың көпшілігі көлденең тартты. Әсіресе, ҮЕҰ өкілі Серік Өтепқалиев арнайы сұрады. Ол, тіпті, осы жұмысты үкіметтік емес ұйымдар мүшелерінің бақылауын, яғни жұмыс барысымен танысуды ұйымдастыруды ұсынды. Рас, компания мамандарының айтуынша, аймақтағы сейсмикалық жағдайды қадағалайтын құралдар бар. Бірақ, су астында тартылған тұрбалардың қуаты қаншалықты жер сілкінісіне төтеп беретіндігі туралы айтылмады. 

Академиктің сұрағы абдыратып тастады

Әрине, ғылыми негізделген салмақты сауалдарды, әдеттегідей, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі Муфтах Диаров жолдады. Бірден айталық, солардың бәріне түгел жауап алынбады. Ғұлама ғалым компания мамандарын тағы да қапы қалдырды. Академиктің нақты сұрақтарына толық мәлімет бере алмаған олар ақыры кейін жазбаша жауап қайтаратындығын айтып құтылды. Шындығында, мұндай көріністер жиі қайталанады. Қадірменді қарт сауалдарын қоғамдық тыңдауда талқыланып отырған мәселе төңірегінде көтеріп жүр. Ендеше, соған дайындалып, қажетті құжаттарды ала келсе қайтеді? Алдыңғы басқосулардың бірінде ашуланған ақсақал «бұл сұрақтардың жауаптары маған ғана емес, мына жиналған жұртқа да, барша атыраулықтарға да керек» деп кесіп айтқан-ды.

Рас, НКОК компаниясының есеп және мониторинг департаментінің директоры Юлия Огайдың айтуынша, өткен жылы ауаға 3,5 мың тонна шығарылым тасталыпты. Бұдан басқа 13 мың тонна қалдық мердігер мекемелерге тапсырылған. Өйткені, өздерінде полигон жоқ. Тек соңғыларының соны қайда жіберіп жатқандығы белгісіз. Бұдан біраз жыл бұрын осындай кәсіпорындардың сарқынды суларды қалалық кәріз жүйесіне құйғандығы белгілі болған еді. Сондай келеңсіздік қайталанбасына кім кепіл?

Қысқасы, қоғамдық тыңдауға қатысушылар НКОК компаниясының келесі жылға жоспарлаған табиғат қорғау шараларына біраз сын айтқанымен, көп нәрседен де хабардар болды. Қанша дегенмен, әлемдік деңгейде ірі саналатын, бірнеше инвестор қатысып отырған, ел экономикасына үлкен серпін беретін зор жобаның қоршаған ортаға зиянсыз игерілгені жарасымды.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз