Жарнама
Экология

Атыраулық зауыт 70 жыл бойы қала шетіне қалдық төгіп келеді

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ADILDIK.KZ САЙТЫНДА АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕРЕКТЕРІ БОЙЫНША ҚЫЗЫЛ ДЕҢГЕЙДЕ ЕКЕНДІГІ КӨРСЕТІЛГЕН. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ПРЕВЕНЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ САЯН АХМЕТЖАНОВТЫҢ ОБЛЫСҚА ЖАСАҒАН САПАРЫНЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ ДЕ ОСЫ ЖАҒДАЙ БОЛЫП ОТЫР.

Агенттік тарапынан еліміздегі әр аймақтың ерекшелігі ескеріліп, олардың өңірлік проблемаларына терең бойлай отырып, әрбір облыс және республикалық маңызы бар қала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленген болатын. Превенция қызметі басшысының айтуынша, Атырау облысы бойынша тәуекелдер картасына енгізілген салалардың қатарында экология, жолдар және инфрақұрылым, медицина бар.

Облыстық әкімдікте өткен актив жиналысынан соң, Атырау мұнай өңдеу зауытын аралаған превенция қызметінің басшысы ондағы негізгі мәселе лас су екендігіне көз жеткізді. Білгеніміздей, зауыттың еншісіндегі төрт сектордың екеуі тазаланған. Қалған сектордағы суды кәріздік тазарту станциясына жеткізу мүмкін болмай отыр. Атырау мұнай өңдеу зауыты өкілдерінің айтуынша, бұл секторлар толық тазаратын болса, ауа сапасы біраз жақсармақ. Айта кетейін, қала тұрғындары зауыттың түнде жасырын жіберетін шығарындысы қолқаны қабатындығын айтып, бірнеше жылдан бері шағымданып келеді.

– Тұрмыстық қалдық сулары мен зауыттан бөлінетін сулар 70 жыл бойына қаланың шетіндегі жерге төгіліп келеді. Жергілікті атқарушы органдар екеуіне бөлек жер бөлуде. Осы мәселелерді бірлесіп шешуге жұмыстанып жатырмыз, — деді Саян Қылышұлы.

Одан кейін агенттік өкілі жыры бітпеген, реконструкциядан өтіп жатқан Атырау–Астрахан жолымен таны[1]сты. Жолға жауаптылар битумның тапшылығы, қиыршық тастың жетіспеуі мен жанармайдың қымбаттығы қолбайлау болып отырғанын жасырмады. Атырауда жыры көп, жауабы жоқ мәселелер аз емес. Осыған байланысты превенция басшысы құзыретті органдармен бірлесе отырып, мәселенің шешілетінін, сондай-ақ жемқорлықтың алдын алып, жұмыстың тікелей бақылауда болатындығына сендірді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button