
АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СЕРПІЛІС: NCOC КОМПАНИЯСЫ АЙМАҚТА 248 МЫҢНАН АСТАМ АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ
Атырау облысында North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясы қолға алған ауқымды көгалдандыру жобасы жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін жоба аясында өңірде 248 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Бұл бастаманы Атырау өңірінің дамуы үшін қосылып отырған ірі экологиялық үлес деуге болады.

25 қыркүйек күні Атырау облысы Дамбы ауылдық округінің тұрғындары NCOC компаниясы жүзеге асырып жатқан көгалдандыру аумақтарына арнайы сапармен барып қайтты. Сапар барысында қатысушылар өңірдегі ең ірі экологиялық жобалардың бірі — Береке ауылындағы жасыл аймақтарды аралап, жобаның іске асырылу барысымен танысты.

Аталған елдімекеннің орманды қорғаныш белдеуінде 73 мың түп ағаш отырғызылған. Көшеттердің қатарында Каспий климатына бейімделген, ыстыққа және тұзға төзімдіқарағаш, жөке, тұт, өрік, сары акация және жиде сынды ағаш түрлері бар. Мамандардың айтуынша, ағаштардың тіршілікке бейімделу көрсеткіші 80%-ға дейін жетеді, бұл — Атырау сияқты қуаңшылыққа бейім климаты бар өлке үшін өте жоғары көрсеткіш.
Көгалдандыру – уақыт талабы
Қазіргі уақытта NCOC компаниясының көгалдандыру жобасы Атырау қаласы мен Мақат ауданы аумағындағы төрт ірі учаскені қамтып отыр. Көгалдандырылған жерлердің жалпы ауданы — 308 гектарды құрайды. Бұл бастама — өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың тиімді серіктестігінің жарқын мысалы десек те болады.
Бүгінгі күнге дейін көгалдандырылған аумақ туралы дерек пен дәйек төмендегідей:
- Береке — 73 000 ағаш
- Соколок — 134 000 ағаш
- Еркінқала — 21 000 ағаш
- Мақат және Доссор — 20 000 ағаш
Ағаш отырғызу процесінде тамшылатып және капиллярлы суару жүйесі сынды заманауи агротехнологиялар қолданылуда. Бұл әдістер суды үнемдеп жұмсауға және топырақтың тұздануын болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, органикалық және минералды тыңайтқыштар қолданылып, көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру көзделуде.
Көгалдандыру — жай ғана абаттандыру емес, экологиялық қажеттілік
Атырау облысының Қазақстандағы экологиялық тұрғыда осал өңірлердің бірі екені белгілі. Географиялық ерекшелігі, жауын-шашынның аздығы, топырақтың тұздануы, ауаның шаңдануы мен мұнай-газ саласының техногендік әсері өңірге ерекше экологиялық салмақ түсіріп отыр. Сол себепті жасыл желек тапшылығы — өңір тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе.
Экологтардың айтуынша, Атырау облысындағы көгалдандыру деңгейі қолайлы климат үшін белгіленген нормадан 3–4 есе төмен. Ал көгалдандырудың пайдасы шаш етектен екендігі түсінікті.

Айталық, көгалдандыру ең алдымен, жаз мезгілінде ауа температурасын 3–5°С-қа дейін төмендетеді. Екіншіден, ауаның шаңдануын және ұсақ бөлшектердің мөлшерін азайтады. Үшіншіден, топырақтың эрозияға ұшырауын тежейді. Төртіншіден, аймақтағы экожүйелердің қалпына келуіне және биоалуантүрліліктің артуына ықпал етеді.

Жобаның географиясы кеңейіп келеді
2024 жылы NCOC компаниясы көгалдандыру жобасын Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында да жүзеге асырып бастаған болатын. Жоба 110 гектар аумақты қамтиды және ол 2023 жылдың қазан айында Түпқараған ауданы әкімдігі мен Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті арасында жасалған Меморандум аясында жүзеге асырылуда.

Қалай десек те, NCOC компаниясының көгалдандыру жобасы — елдегі бизнестің экологияға жауапкершілікпен қарауының нақты үлгісі. Бұл бастама — Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірлердің тұрақты дамуын қолдау бағытында мемлекет пен жеке сектор арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын көрінісі.



