Атыраудағы экологиялық мәселе туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов журналистермен кездесу барысында айтты.
Мəлике ҚУАНЫШЕВА, облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің арнаулы тілшісі:
– Соңғы жылдары Атыраудың экологиялық ахуалы тұрғындарды айтарлықтай алаңдатуда. Әрине, бұл – күрделі проблема. Бірер айда немесе жылда шешімі табылар мәселе емес. Дегенменен, қазір экологияны сауықтыруда нендей істер атқарылуда? Атырауды «экологиялық апатты аймақ ретінде тану» туралы да ой пікіріңізді білсем деп едім…
С.ШƏПКЕНОВ: – Өңірдегі мұнай-газ саласы жақсы дамыған. Қала ішінде орналасқан Атырау мұнай өңдеу зауыты таңғы не түнгі уақытта ауаны күкіртті сутекпен ластап, қаланы қолқаны қабатын иіс жайлайды деген арызшағым көп. Ал, зауыт бұл иіс өздерінен емес, булану алаңынан шығатынын айтады. Қалай десек те, жел осы бағыттардан соқса, сасық иіс мүңкитіні рас. 2018 жылы кəріз тазалау станциясы салынды. Бүгінде мұнда булану алаңының жерін қайта құнарландыру жұмыстары жүріп жатыр. Қазір тазарып келеді. АМӨЗ-ге барып, біркелкі тексеру жұмыстарын жүргіздік. Онда мұнай қалдықтарын сақтайтын ашық алаң бар екені анықталды. Басшылық жаңа технологияларды пайдаланып, жерді қайта құнарландырумен айналысып жатыр. Сондықтан, мекемеге технологиялық тексеру жүргізу қажет. Сондай-ақ, қаланың оң жағалауында кəріздік тазарту қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Барлық жұмыс қысқа мерзімде жасалуы тиіс. Сіз Атырауды экологиялық апатты аймақ ретінде танып, тұрғындарға өтемақы төлеу туралы сұрағыңыз келді. Иə, Қызылорда облысының тұрғындары мұндай коэффициентті Арал теңізіндегі экологиялық апатқа байланысты алып отыр. Ол үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет, біз бұл мəселе бойынша Денсаулық сақтау жəне экология министрліктерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Ең алдымен, коэффициентті енгізу үшін негіздеме дайындау қажет.
Алма ТҰРҒАНОВА, облыстық «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетінің арнаулы тілшісі:
– Өздеріңіз білесіздер, Каспий теңізі жағалауындағы қамыстың қайта-қайта өртенуі жергілікті атқарушы билікке біршама сын туғызды. Ал, бұдан кейін тікелей эфирде облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев өртті болдырмау және алдын алу жолдарының бірі ретінде облыс басшылығы «Ақжайық» қорығын жергілікті бюджетке беру мәселесін қарастырып жатқанын айтты. Бұл туралы Сіздің пікіріңіз қандай?
С.ШƏПКЕНОВ: – Иə, қорық Экология министрлігіне қарайтыны рас. Техникалық жабдыққа қатысты сұрақтар көп. Ол норма бойынша көрсетілген стандарттарға да сəйкес келмейді. Мысалы, бейнекамераларды орнатуға қатысты. Өрт жыл сайын қайталанады. Біз оның себебін тауып, кінəлілерді жауапқа тартпайынша, бұл жағдай жалғаса беруі мүмкін.
Жайна МƏЛІМҚОЖА, Исатай аудандық «Naryn tańy» газетінің smm-тілшісі:
– Исатай ауданы – ауыл шаруашылығы, соның ішінде, мал өсіріп отырған өңір. Алайда, бұл бағытта ақсап тұрған мәселелер бар. Соның бірі – канал жүйесі. Сәуір айында Сіз ауданға келгенде Бақсай каналына қатысты тұрғындар бірнеше мәселе көтерген еді. Мысалы, канал ортасында өскен қамыс, канал жағасының бекітілуі, тағы сол сияқты сауалдарға орай, Сіз мердігерлік етіп отырған «ҚазСуШар» кәсіпорнына жобаға енбей қалған жұмыстарды жүргізу жөнінде құжаттамаларға түзету енгізу туралы тапсырма берген едіңіз. Десе де, бұл мәселенің түйіні әлі де шешілген жоқ. Канал жүйесі әлі күнге мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарды алаңдатуда…
С.ШƏПКЕНОВ: – Аудандардағы канал жүйелеріне қатысты мəселе шынында да əлі шешілмей тұр. Бұл бір күнде шешілетін немесе оңай шағылатын жаңғақ та емес. Бастапқы жобалық-сметалық құжаттың жасақталған уақыты – 2018 жыл. Ол кезде қамыс сияқты кедергілер болмаған. Сондықтан, мердігер мекеме жобаны жасақтау кезінде аталған мəселелерді қарастырмаған. Каналдың бойын тазалудың өзіне қаражат министрліктен бөлінуі шарт, ал бұған, өздеріңіз білесіздер, ұзақ мерзім керек. Тұрғындар айтқан ұсыныстар бойынша біз жобалық-сметалық құжатқа түзетулер енгізуге ұсыныс беріп жатырмыз. Қазір бұл мəселемен орынбасарым Қайрат Талапұлы шұғылданады. Алдымен арнайы комиссия құрылып, ақша бөлініп, каналдарға зерттеу жұмыстарын жүргізеді жəне сол арқылы қаражат бөледі.