«Ақжайық» – аққулар мекені

845 Экология

Аймағымызда көрсе көз тоятын көрікті жерлер мен қасиетті орындар аз емес. Соңғы бірер жылда осы жауһарларымыздың қатарына ерекше табиғи нысан қосылды. Ол – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты.

Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын сағасында орналасқан аймақ мемлекет тарапынан жіті қорғалады. Дегенмен, табиғат аясын тамашалауға тілек білдірушілерге арнайы мүмкіндік қарастырылған екен. Жуырда жергілікті бір топ журналист осынау бұзылмаған бұла табиғаттың баурайында болып, төңірек тіршілігін тамашалап қайтты.

Бүкіләлемдік резерваттар қатарында Резерваттың экологиялық ағарту және туризм бөлімінің маманы Жанерке Матжанованың айтуынша, бүгінгі күні ерекше қорғалатын аймақта Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген және бүкіл әлемнің орнитологтарының қызығушылығын танытатын құстардың 292 түрі және балықтың 32 түрі кездеседі. Көктем және күз айларында келген туристер саяхаттау барысында бұл аймақтан аққу, бұйра бірқазан, қоқиқаз, қызыл тырна, көкқұтан, су бүркіті, ақ тырна, шүрегей үйрек, үлкен суқұзғын, қара-ала балықшы, жалбағай секілді әсем құстарды көре алады. Сонымен қатар, қорықта жануарлардың 48 түрі мекендейді. Олардың резерват аумағында көзге көп түсетіні – қоян, жанат тәрізді ит, түлкі, қасқыр, қабан, Каспий итбалығы. Өсімдіктер әлемі де сан алуан. Қорық аймағын зерттеген мамандар Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауларынан өсімдіктің 227 түрін тапқан. Олардың ішінде Шренк қызғалдағы мен Қазақстан шылымы Қызыл кітапқа енген. Төрт туристік бағыт бар «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында туристерге арналған төрт экологиялық бағыт бар. Олардың екеуі құрлықта, екеуі су үстін де жүзеге асырылады. Туристік маршруттардың біріншісі – «Табиғат әлемі». Резерваттың сол жақ кластерлік бөлігінде орналасқан оның ұзындығы 46 шақырымды құрайды. Экскурсия ұзақтығы шамамен 6 сағатқа созылады. Бұл бағытқа негізінен мектеп оқушылары топтасып шығады. Екіншісі – «Су әлемі» маршруты. Бұл да қорықтың сол жақ кластерлік бөлігінде жүзеге асады. Келушілер Жайық өзені бойымен Пешной жарты аралына, одан әрі Каспий теңізі жағалауына барады. Ұзындығы 64 шақырым болатын бұл маршруттың мерзімдік ұзақтығы 7 сағатты құрайды. Ал, оң жақ кластерлік бөлікте «Дала әлемі» қызмет көрсетеді. Еркінқала ауылы маңынан бастау алатын бұл саяхат «Каменный» учаскесіне дейін созылады. Туристер 4 сағат ішінде 34 шақырымдық жолды жүріп өтеді. Осылармен қатар, қорықтың сол жағында «Құстар әлемі» бағыты бар.

Приморский каналы арқылы Каспий теңізі жағалауына жасалатын бұл сапардың ұзақтығы – 57 шақырым. Су үстімен жүретін экскурсия 5 сағатта тәмамдалады. Қазіргі күні «Ақ жайық» мемлекеттік табиғи резерватында табиғи факторларға байланысты осы туристік маршруттардың екеуі ғана қызмет көрсетуде. Олар – «Табиғат әлемі» және «Су әлемі» маршруттары. Биыл елді жайлаған пандемияға байланысты резерват карантин кезінде туристерді уақытша қабылдаған жоқ. Негізінен мұндағы туристік маусым әр жылдың сәуір айында басталып, қазан айында жабылады. Ал, былтырғы туристік маусымда резерват шамамен 6 мыңдай келушіні қабылдап, олардың 3 мыңға жуығы серуенге «Су әлемі» маршруты арқылы шыққан. Жалпылай алғанда, өткен жылы 32 экскурсия ұйымдастырылған. Бір қызығы, бұл қорыққа келуші туристердің көпшілігі жергілікті мұнай компанияларында қызмет атқаратын Ұлыбритания, Швейцария, Болгария, Словения тәрізді елдердің азаматтары екен. Өңіріміздің әсем табиғатына таңырқап, сүйсінгендіктен олардың көпшілігі уақыт салып бұл араны қайта аралауды әдетке айналдырған. Ал, жергілікті тұрғындардың табиғатты тамашалауға ынтасы аз болып шықты. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, атыраулықтардың көпшілігі аймағымызда мемлекет тарапынан қорғауға алынған осындай тамаша жер бар екенін білмейді. Кейбірі табиғи резерваттың барлығын білгенімен, ерекше қорғалатын аймақта экологиялық туризмге жағдай жасалғанынан бейхабар. Құс базары Карантиннен кейін қайта ашылған туристік маусымның алғашқы келушілері – журналистер туристер мінетін алты адамдық моторлы қайыққа отырдық. Біздің жолсерігіміз Жанерке Матжанова барлығымызға сары түсті қауіпсіздік кеудешесін таратты. Лезде от алған қайығымыз жағадан жылжи жүзіп, «Приморский» каналымен теңізді бетке алды. Сонау кеңес кезеңінде қолдан қазылған бұл өзектің ұзындығы 20 шақырымнан асады. Көз алдымызда ұзын сырық тәрізді сұлық жатқан сұлу су айдынының қос жағасын қалың қамыс көмкерген. Желмен жарысқан қайығымыз қас-қағым сәтте бірнеше шақырымды еңсеріп, жүйіткіген сайын су бойындағы бейқам тіршіліктің мазасын ала бастады. Ең алдымен, су ортасынан жағаға қарай үрке жүзген су тасбақасын байқадық. Бейкүнә тіршілік иесі судағы мамыражай күйінен маза кеткесін, құрлықтағы панасына жетіп алуға асыққандай. Топтанып жүрген шағалалар су бойымен сырғып келе жатқан қайықты көргенде, «дүр» етіп әуеге көтеріліп, сол сәтте төңірекке ақ ұлпа шашылғандай көкті көмкерді. Олардың тұсынан өте бере бір топ сүңгуір үйрек су бауырлай қанат қағып, қайықпен қатарласқан сәтте өзек түбіне сүңги көзден ғайып болды. Бір мезетте, қамыс етегінен көкқұтандар легі көкке көтерілді. Көз алдымызда құстар қаптап, өзектің қос қапталы азан-қазан болды да қалды. Төңіректі жайлаған тамаша көрініс көңілге ғажайып көтеріңкі күй сыйлап, сән-салтанаты келіскен табиғат сұлулығына тамсана да, таңырқай да қарадық. Сүт пісірім уақыттан соң канал бойымен жылжыған қайығымыз өзеннің теңізге құяр сағасына шықты.

Шартарапқа жайылған шалқар судың әр жерінде сан түрлі құстар топтанған. Түйдек-түйдек құрақтардың маңында шағала, қоқиланған қоқиқаз бен қызыл тырна су бетінде еркін жүзіп жүр. Сәлден соң, сонадайдан бұйра бірқазан көрінді. Паңдана ұшқан алып құстың қанат жаюының өзі бір ғанибет екен. Айналадағы көз жауын алар ажарлы суретке көз тойғыза алмай, одан әрі жылжыдық. Жүйіткіген моторлы қайығымыз біраздан соң «Угол» деп аталатын жартылай түбекке келіп тоқтады. Бұл жер нағыз құстардың қайнаған базары секілді. Түбектің жағасын қаптаған сан-алуан құс бейсауат келген адамдарды көргенде шетінен үрке қанат қақты. Аспанға көтерілген қосқанаттылар қолайлы қоныстарынан ұзап кетпей, көз көрер көкжиекте қалықтап жүрді. Қорық қызмет кері құстар жұмыртқалайтын көктем кезінде қанаттылар бұдан да көп болатынын айтты. Біздерді жазғытұрғы кездегі жарқын көріністі көруге құлшындырып қойды. Бұдан бөлек, осы түбектен бес шақырымдай жерде «Шалыга» атты арал бар екенін білдік. Ол барша құстардың жұмыртқа салатын орны көрінеді. Мамандардың айтуынша, ондағы тамаша суретті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны туристік экскурсия кезінде көзбен көру қажет. Осылайша, қорық қа келер экотуристердің жүретін жерлерінің біраз бөлігімен танысып, ерекше әсер алып, кері оралдық. Осы сапарымыз арқылы, Атырау атырабында да өзгеге мақтанарлық бұла табиғат барына шүкіршілік дедік. Каспийдің әсем табиғатын көру мүмкіндігін ұсынатын осынау айрықша орынды көздің қарашығындай аялау әрбіріміздің азаматтық борышымыз екенін түсіндік.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз