АДАМЗАТ ҮШІН ЖАСАЛҒАН БАТЫЛ ШЕШІМ

Ядролық қауіпсіздік  мәселесі жарты ғасырдан астам  уақыт  бойы әлем назарында екені баршамызға мәлім. Көп жылдар оның шешімін іздестіруге әлем жұртшылығы атсалысты.

Бұл мәселе көтерілгенде Қазақстан да бейжай қарай алмады. Оның дәлелі ретінде мемлекетіміз ерікті түрде әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, Семей ядролық полигонын жапты.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінің жалпы алғандағы 18 500 шаршы шақырым жерін қамтып жатыр. Бұл полигон Шығыс Қазақстан облысының 54, Павлодар облысының 39, Қарағанды облысы жерінің 7 пайызына  залалын тигізіп, бұл  әлі күнге дейін созылып келеді.

Семей полигоны – ядролық қаруды сынауға арналған дүние жүзіндегі ең ірі полигондардың бірі. Полигонда 40 жылдан астам уақытта 456 ядролық  сынақ жасалған.   Алғашқы сынақ 1949 жылғы 29 тамызда жүргізіліп, қасиетті қазақ жері тажал алаңына айналды. Ажал оты жылдар бойы халқымызды, жерімізді улап келді. Радиацияның таралуынан мыңдаған адам емі табылмас ауруға шалдықты.

Әсіресе, қатерлі ісіктерге ұшыраған науқастардың саны күрт өсіп, үш есеге артты. Туылған нәрестелер жетілмей, дүниеге әртүрлі кемістігі бар сәбилер келе бастады. Адамдардың денсаулығы мен қоршаған табиғи ортаға орны толмас зиян келді.

Семейдегі ядролық сынақтар салдарынан жүйке-психикалық ауруға шалдыққан адамдардың саны көбейген. Ал, сары ауру, іш ауруы сияқты дерттер халықты әбден меңдеген. Бұрын өкпе ауруын тұқым қуатын ауру деп келсек, енді қазақтар дауасыз рак, лейкоз, сал ауруы, қан аздық, жазылмайтын тері ауруларының алуан түрлеріне душар болып отыр. Ұрпаққа жалғасатын мұндай дертке дәрі де, дәрігер де дәрменсіз. Өйткені, олардың бұрын-соңды адамзат баласында кездеспеген ауру-сырқаулардың «жаңа» түрлеріне тап болып отырғаны жасырын емес.

Қазір полигон зардаптарын тартқан аймақтарда түрлі жұқпалы аурулармен ауыратындар саны артып келеді. Жыл сайын 20 мыңға жуық сәби шала туылып, 5 мың сәби іштей мүгедек болып жарық дүниеге келіп жатыр.

Адамдарды айтпағанда, егін егіп отырған алқаптардың барлығы да уланған. Жер құнарсызданып, оның құрамында темір, мыс, магний сынды металдардың мөлшері артты. Талай мал қырылды, жаңа індеттер пайда болды.

Тек Семей полигоны ғана көпшіліктің назарында болып, қалған сынақ аймақтарынан жұрт беймәлім болды. Шын мәнінде, қазақ даласының 19 млн. га жері 40 жыл бойы ядролық сынақтың полигоны болды. Ол жерлер Семей, Азғыр, Нарын, Тайсойған полигондары алып жатқан табиғи әсем де шұрайлы жайылымдар еді. Бұдан біз Қазақстан жерінің қаншалықты зардап шеккендігін көреміз.

Атырау өңірі еліміздегі экологиялық зардапты облыстар қатарына жатады. Десек те, зардап шеккен аймақтың экологиялық және әлеуметтік жағдайлары әлі күнге дейін шешілмеуі көңілге кірбің түсіреді.

Өткенге зер салсақ, Азғыр аймағында 1966 жылы сәуір мен 1977 жылдың қазан айы аралығында ядролық жарылыс сынағы жүргізілді. 1991-1992 жылы сынақтан пайда болған қуыстарды тексеру кезінде ыдырайтын радиоактивті заттардың сақталғаны анықталды. Сондай-ақ, бұл жерлерде таллийқорғасынбромхлоридсульфаттардың  мөлшері рұқсат етілген шектен бірнеше есе жоғары болған. Жерасты сулары ауыр металдармен ластанған. Радиоактивті заттармен ластанған топырақты, суды, егістік жерлерді, мал жайылымдарын тазартып, залалсыздандыру жұмыстары аяқталмаған.

1989 жылы белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған  «Невада – Семей» қозғалысы ядролық сынаққа қарсы алғашқы митингісін өткізді. Осы қозғалыстан кейін ядролық сынақтардың саны азая бастады. Жан-жақты қарсылықтан кейін Кеңес үкіметі жарылыстарға мораторий жариялаған. Кейін 1991 жылдың 28 тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Осылайша, Қазақ елі атом бомбасынан біржола бас тартқан болатын. Полигон зардабын тартып, ядролық қарудан пайда болған қайғы-қасіреттен көз ашпай келген халқымыз бұл шешімді зор ризашылық сезіммен қабылдады. Бұл Елбасының Қазақстан халқының болашағы үшін, адамзат үшін жасаған батыл шешімі еді. Президенттің осы әрекетінен кейін Ресей мен АҚШ және Франциядағы ядролық сынақ алаңдарында да жарылыстар тоқтатылды.

Ядролық   қарудан бас тарту мәселесі – бұл күнде әлемдегі  ең   күрделі мәселелерінің бірі болып табылады. Ядролық қару – жалпы адамзаттың соры десек, ядролық полигондар ХХ ғасырдағы ең ауыр қасірет болды. 

Бүгінгі таңда Қазақстан ядролық қа­руға қарсы қозғалыстың дүниежүзілік көш­басшысы болып қалыптасты. Қазақстанның ядролық қаруларды сынауға қарсы, әлемдік бейбітшілікке қарай бастаған қадамдары, 2011 жылы АҚШ-та өткізілген «Ядролық қарулар таратпау» саммитінде, 2012 жылы Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өткен саммитте дүниежүзілік қолдауға ие болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Астанадан бастау алған Елбасы  Н.Назарбаевтың 29 тамыздағы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде белгілеу ұсынысын толық қолдап, бекітті. Осы бейбітшілік қадам Қазақстанның абыройын жоғары көтерді. Жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстан Республикасы әлемдік ядролық сынақтарға қарсы қозғалыстардың лидеріне және эпицентріне айналды.

Ядролық қарудан бас тарту – жаһандық күрделі проблемалардың бірі. Ал, Елбасының бастамасымен қазақстандықтардың ядролық полигонды жабу арқылы алапат қарудан өз еркімен бас тартуы елімізге деген құрмет пен сенімнің көрінісі деп білеміз.

Гүлмира МЕРҒАЗИЕВА,

облыстық балалар ауруханасының

бөлім меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз