5 млн теңге айыппұл арқалады

agoapoa Экология

Атырау облысының Экология департаменті «Атырау Мұнай өңдеу зауытын» тексеру барысында бірқатар бұзушылықтар анықтады деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Сарқынды сулардың төгінділері туралы деректер дұрыс толтырылмаған. Сондай-ақ қалдықтардың көлемі туралы кестені зерделеу кезінде деректер толық ұсынылмаған. Қондырғылардың аумағында пайдаланылған химиялық реагенттердің және пайдаланылған майлардың бөшкелері, металл сынықтары, пайдаланылған майланған резеңке бұйымдары, дәнекерлеу электродтарының тұқылдары анықталды. Бетон сынықтары түріндегі құрылыс қалдықтарды жинауға арналған арнайы жабдықталған орындар жоқ екені белгілі болды», — дейді Экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов.

Тексеру кезінде механикалық тазалау қондырғысының аумағында құрамында мұнайы бар ағындар орналастырылғаны белгілі болды. Сонымен қатар булану кезінде қаланың атмосфералық ауасына теріс әсер ететін ластаушы заттар бөлінетін ашық түрдегі №3 қосымша тұнба ыдыстары мен тоғаны бар екені анықталған.

Департамент басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтың айтуынша, күкірт өндіру қондырғысының пештерінде, күкірт өндірудің аралас және терең өңдеу кешенінің каталитикалық крекинг қондырғысында сынама алғыштар жоқ екені белгілі болған. 2021-2023 жылдарға арналған «АМӨЗ» ЖШС қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының 1.5 тармағын орындамаған.

«Сонымен бірге, профилактикалық бақылау барысында 2022 жылдың мамыр және маусым айларында «АМӨЗ» ЖШС-нің 2022 жылдық жоспар-кестесінде көрсетілмеген қондырғылардың жоспардан тыс тұрып қалу әсерінен қоршаған ортаға экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды жүзеге асырғаны анықталды», — дейді Тілегенов.

Жоғарыда анықталған бұзушылықтардың нәтижесімен мекемеге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 324, 325, 326, 327, 328, 337, 344 баптарымен жалпы сомасы 5 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.

Сондай-ақ, Департаментпен жүргізілген профилактикалық бақылау барысында «АЛМЭКС ПЛЮС» ЖШС аумағында полиэтилен қабықшалары, ағаш қалдықтары, пластикалық шелектер, бітеуіштер сияқты қалдықтар шашылып жатқаны анықталды. Мекемеге 150 мың теңгеден астам айыппұл салынған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз