ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ ЗАҢМЕН ҒАНА ҚОРҒАЛАДЫ

14Бұған дейін де газетімізде жарияланғанындай, жақында ғана Атырау қаласында «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК-ның Батыс филиалының ашылғандығы мәлім. Осыған орай облысымызға іссапармен келген ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы А.Естаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, өзі басшылық жасайтын республикалық ведомоствоның, жаңадан тұсауы кесілген құрылымның мақсат-міндеттері жайында баяндаған еді. Сонда айтылған әңгімені жүйелеп, оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.
Егер осыдан төрт жылдай бұрын контрафактілік өнімдер қандай да болмасын бір материалдық тасымалдаушы (CD, DVD, т.б.) ретінде қарастырылса, ал бүгіндері авторлық құқықтардың бұзылуы немесе оған заңсыз қол сұғу әрекеттері көбіне-көп интернеттерде байқалады.

Құзырлы құрылымдардың тарапынан жан-жақты да пәрменді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жылдан- жылға осындай фактілердің салдарынан тәркіленетін аудиовизуальды контрафактілік өнімдердің саны да азая бастаған. Мысалы, 2011 жылы жалпы құны 37 млн. теңгені құрайтын 112 мың бірлікке жуық контрафактілік өнім тәркіленсе, 2012 жылы олардың саны 68 мың бірлікке, ал қаржылай сомасы 35,5 млн. теңгеге дейін кеміген. Дегенмен, бұл оның қауіп-қатері сейілді деген сөз емес.
Мұның өзі контрафактілерді анықтау немесе әшкерелеу жұмыстарының бұрынғыдан гөрі нашарлап кеткендігін емес, керісінше осы саладағы құқықбұзушылық фактілерінің виртуалды сферадан шығып, интернет-кеңістікке қарай дендеп ығыса бастағандығын айғақтайды. Өзіміз де көріп, куәсі болып жүргеніміздей, қазірде кез-келген шығарманы немесе туындыны (фильм, музыка, мультфильм, бағдарлама, т.б.) ешқандай кедергісіз интернеттен он-лайн режимінде тамашалауға, сондай-ақ, көшіріп алуға болады. Бүгінгі таңда қандай да болмасын қызмет саласын жаһандық ақпарат желісінен бөліп қарау мүмкін еместігі кәміл.
Оны пайдаланушы әлемнің барлық дерлік елдері (соның ішінде Қазақстан да бар) қажетті ақылы және тегін мәліметтерді алып, қызметін пайдалану үшін интернетке жүгінеді, сонымен бірге кім-кімнің де авторлық немесе аралас құқықтарын бұзбастан өздерінің меншікті сайттарын қалыптастырады. Өкінішке орай, интернетті пайдаланушылардың арасында өзге біреудің туындысын немесе төл шығармасын өзінікіндей етіп, еркін пайдалануға, сөйтіп әлгінде айтылған авторлық немесе аралас құқық талаптарының өрескел, тіпті көпе-көрінеу бұзылуына әкеліп соғатын жағдаяттар да аз кездеспейді.
Қазақстан Республикасы бүгіндері Кедендік одаққа және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің бірінен саналатындықтан, біздің елімізден өндіріліп, сыртқа шығарылатын қандайма болмасын өнім түрінің немесе тауардың өзіндік белгісі болуы, сондай-ақ оның шыққан мекен-жайының атауы көрсетілуі, өзге де заңнамалармен бекітілген талаптары мен шарттары орындалуы тиіс. Бір сәт осыған назар аударған республикалық ведомоствоның басшысы Абзал Бейсенбекұлы бұл бағыттағы жұмыстарды бір жүйеге келтіріп, жетілдіру үшін де осыған дейін қабылданған халықаралық келісім-шарттар мен мәмілелерді қайта қарап, кейбір тұстарын жаңғыртатын мезгіл жеткендігін меңзеді. Мұндай қажеттіліктің туындауына бір жағынан Қазақстанның Бүкіл-әлемдік зияткерлік меншік ұйымына, сонымен бірге Еуразиялық патенттік ұйымға мүше екендігі де себепші болып отырғандығын жеткізді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз