
Жобалар неге асығыс дайындалады?
Облыстың әлеуметтік-экономикалық, өзге де салалары тұрақты дамып келеді. Өңірде халықтың әл-ауқатын арттыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асуда. Олай дейтініміз, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 15 трлн. теңгені құрап, республикадағы үлесі 11 пайызға жеткен.
– Жан басына шаққандағы өңірлік өнім – 21,2 млн. теңге. Өнеркәсіп саласы аймақ экономикасының басты тірегі болып қалып отыр,-деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім бар
Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 5,3 пайызға өсіп, 860,4 млрд. теңгені құраған. Өткен жылы облыс экономикасына 2,1 трлн. теңге инвестиция тартылды. Бұл – республикалық көрсеткіштің 11,2 пайызы. Инвестиция көлемінің аздап төмендеуіне Теңіз кен орнындағы Келешек кеңею жобасының кезең-кезеңімен аяқталуы әсер етті.
Жалпы құны 57,5 млрд. теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылғанын да айта кетелік. Олардың қатарында «Тексол Транс» компаниясының жүк вагондары өндірісі, «InfinityMALL» сауда-ойын-сауық орталығы, «Интаго Казахстан» зауытының тоқыма емес геосинтетика өндіру желісі, «ІClinic Atyrau» көпсалалы медициналық орталығы және өңірдің бірнеше ауданында салынған жанар-жағармай бекеттері мен әлеуметтік маңызы бар нысандар бар.
Бүгінде бюджет қаражатының тиімділігіне ерекше назар аударылып отыр. Қаржыны тиімсіз пайдаланған 12 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Жүйесіз жұмыс тиімсіз шығынға әкеледі
Өңірде бюджеттің атқарылу барысы мен қаржылық тәртіптің сақталуы бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң көрсеткіштермен қатар, жүйелі кемшіліктердің де бар екенін көрсетті. Бұл туралы Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұрбол Қонысовтан білдік.
Оның айтуынша, өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жалпы алғанда оң қарқын көрсеткен. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 14,9 трлн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 93,6 пайыз болған.
Алайда бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен жоспарлау барысында бірқатар елеулі бұзушылықтар анықталған. Аудит қорытындысы бойынша 99,4 млрд теңгенің бұзушылықтары тіркелді. Оның ішінде 8,2 млрд. теңге – қаржылық бұзушылықтар, 4,3 млрд. теңге – тиімсіз пайдаланылған қаражат, ал 64,8 млрд. теңге – бұрмаланған көрсеткіштерге қатысты.
Игерілмеген және тиімсіз жұмсалған қаржы көлемі де назар аудартады. Жалпы сомасы 5 млрд. теңге игерілмей қалған. Оның 3,6 млрд теңгесі шығындар бойынша, 1,5 млрд. теңгесі бюджеттік несиелер бойынша пайдаланылмаған. Бұл жағдайлар көбіне мердігерлердің жұмысындағы кідірістерге, төлем құжаттарының уақытылы ұсынылмауына және республикалық бюджеттен қаражаттың кеш түсуіне байланысты болған.
Облыстың құрылыс, білім және азаматтық қорғау басқармаларында қаражаттың толық игерілмеуі байқалған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы және жұмыспен қамту басқармалары бойынша кейбір әлеуметтік жобалар мен ауылдық несие бағдарламалары жүзеге аспай қалған.
Тиімсіз жобалар мен аяқталмаған нысандар мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Тексеру комиссиясының дерегінше, 2023 жылы қабылданған, бірақ әлі пайдалануға берілмеген нысандар бар. Соның бірі – облыс орталығындағы Береке шағынауданында салынған екі тоғыз қабатты тұрғын үй. Бұл үйлердің сыртқы инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстары аяқталмағандықтан, 144 пәтер тұрғындарға тапсырылмаған.
– Бұл жобалар бойынша бюджет қаражаты толық игерілгенімен, түпкі нәтиже – халықтың игілігіне объектілерді беру орындалмады. Мұндай мысалдар Бюджет кодексі талаптарының сақталмауы мен жоспарлаудың әлсіздігін көрсетеді,-дейді Нұрбол Қонысов.
Оның айтуынша, мәдениет және білім салаларында да тиімсіз жоспарлау деректері анықталып отыр. Нұрбол Қонысов қаржы тәртібін нығайту және бюджет қаражатын мақсатты пайдалану бағытында түсіндіру мен алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отыратынын атап өтті.
Айтпаса, сөздің атасы өледі
Біз пікірін білмек болған облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайреденов қаражаттың игерілмеуі, сапасыз құрылыс пен жауапсыз мердігерлер жұмысы жайлы өткір ойымен бөлісті.
– Өзіңіз байқағаныңыздай, алдыңғы сессияларда бөлінген 7 млрд. 611 млн. теңге қаражаты бюджет әкімгерлерінің игермеуінен, не болмаса кейбір сатып алу конкурстарының өтпеуінен, құжаттарының дайын болмауынан және мердігерлердің жауапсыздығынан ішкі қайта бөлуге жіберілді. Соның ішінде негізгі басым салалар – құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық. Бұл салалардың бүгінгі ахуалы мүшкіл күйде қалып отыр. Қай ауданға барсаңыз да, сапасыз жүргізілген, аяқталмай тұрған нысандарды кездестіруге болады,-деп сын садағын қадады депутат.
Оның айтуынша, мемлекеттік қабылдау актісінен өткен әлеуметтік нысандардың кейбірі халық игілігіне берілмей, пайдаланусыз тұр. Бұл жағдай тұрғындар арасында наразылық туғызады.
– Көптеген денсаулық және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілгенімен, олардың штаты бекітілмеген, шығындары есептелмеген. Соның салдарынан олар жұмыс істемей, бос тұр. Бұл халықтың орынды наразылығын тудырады,-дейді ол.
Депутат, сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасына да сын айтты. «Біздің жобалар асығыс, әрі сауатсыз дайындалады. Техникалық қателіктер көп, қажет емес жұмыстар енгізіледі. Соның салдарынан құрылыстардың құны артып, уақытында пайдалануға берілмейді» деді халық қалаулысы.
Бұл жобаларды жасаушылар мен оларды қабылдап отырған бюджет әкімгерлерінің тікелей жауапкершілігіне жатады.
Басқармалар белсенді емес
Депутат қызмет көрсету тарифтерінің өсуі жөніндегі мәселені де көтерді. Оның айтуынша, халық арасында наразылық тудырып отырған тарифтік саясатты түсіндіруде жауапты басқармалар белсенділік танытпай отыр.
– Энергетика басқармасының өкілдерін қоғамдық тыңдаулардан көре бермейміз. Олар тарифтердің неге өскенін, қандай инвестициялық жобалар жүзеге асқанын түсіндіруі тиіс. Ал біз көбіне тек бақылаушы емес, төлейтін тарапқа айналып отырмыз. Халықтың мүддесін қорғауда белсенділік жетіспейді,-деді Нұрлан Саматұлы.
Сонымен қатар ол кейбір басқармалар уәде беріп, оны орындамай отырғанын да сынға алды.
– Мысалы, облыс әкімі Исатай ауданына сапары кезінде Қызыл үй ауылындағы жол құрылысы туралы сұрақ қойғанда, автомобиль жолдары басқармасы «жұмыс тамыздың жиырмасынан басталады» деп уәде берді. Алайда қазан айының соңына келдік – сол жерге әлі бірде-бір техника бармаған. Бұл жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді,-дей келе халық қалаулысы депутаттардың ұсыныс-пікірлері басқармалар тарапынан ескеріліп, нақты шаралар қабылдануы тиістігін, қателік жіберген басшыларға тәртіптік жаза қолданылып, қызметіне сәйкестігі мен кәсіби біліктілігі бағалануы қажеттігін жетесіне жеткізе айтты.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджет көлемінің ұлғаюы облыстың әлеуетін айқындап отыр. Дегенмен қаржыны жоспарлау мен игерудегі жүйелі кемшіліктер, тиімсіз жобалар және бақылаудың әлсіздігі аймақ экономикасының сапалы өсуіне кедергі келтіретіні анық. Сондықтан алдағы кезеңде басты міндет әрбір бюджеттік шешімнің тиімділігін арттыру, мемлекет қаражатының әр теңгесін халық игілігіне бағыттау болмақ.
Қаржы тәртібін сақтау мен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған шаралар өз нәтижесін берсе, өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сапасы да арта түсері сөзсіз.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев көтерілген мәселелердің басты назарда болатынын айтты.
Рита ӨТЕУҒАЛИ

