Жеңістің кілті – ҚАУІПСІЗДІКТЕ

d00b9114 Экономика

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕГЕМЕНДІК АЛҒАН АЛҒАШҚЫ ОН ЖЫЛДЫҒЫНДА СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖОБАЛАРДЫҢ БІРІ – КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫНА (КҚК) 26 ЖЫЛ. БҮГІНДЕ ӘЛЕМНІҢ ІРІ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРЫ МЕН ҮШ МЕМЛЕКЕТТІҢ СӘТТІ КЕЛІСІМІНІҢ НӘТИЖЕСІНДЕ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗІП, КАСПИЙ МҰНАЙЫН ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ШЫҒАРУҒА МҮМКІНДІК АЛДЫ.

ҚАУІПСІЗ КОНСОРЦИУМ

Атырауда Каспий Құбыр Консорциумының оныншы «Қауіпсіздік күні» өтті. Қазақстанда екінші рет өткізілген шара 2012 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Шараның ашылу салтанатында сөйлеген КҚК-ның бас директоры Николай Горбань еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік саласындағы жоғары көрсеткіштер ко н сорциумның дұрыс бағытта келе жатқанын көрсететіндігін және осы саладағы жоспарлы жұмыстарды одан әрі дамыта беретіндігін айтты.

– Ең бастысы, қауіпсіздік мәдениетіне саналы көзқарас қалыптастыруды мақсат етеміз. Мұндағы әр қатысушы өзінің ортасына көшбасшы болып оралып, әріптестеріне қауіпсіз өндіріс қызметін насихаттайтын болады. Осы іс-шара мамандардың өзара пікір өрбітіп, қарым-қатынас жасай алатын алаңына айналды. КҚК мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері жалпы 7,4 млн. адам-сағат (человеко-час) жарақатсыз жұмыс істеген. Корпоративтік автопарк машиналарының жол-көлік оқиғаларынсыз (ЖКО) жалпы жүрісі 133,8 млн. шақырымға қол жеткізді. Қазақстандағы бөлімшелерінде 3,3 млн. адам-сағат жарақатсыз жұмыс істесе, ЖКО-сыз автокөліктің жүрісі 30,8 млн. шақырымды құрады, – деді консорциумның бас директоры Николай Николаевич.

«Біріншілердің уақыты» атты ұранды ту еткен сайысқа бірнеше елден 600-ден аса қызметкер қатысып, 28 команда өзара бақ сынасты. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Демек, құрамалар арасында шараға деген қызығушылық пен құлшыныстың артқанын көрсетеді. Осылайша сайыс қатысушылар арасындағы қарым-қатынасты арттырып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Кең көлемді шараның Атырауда өткізілуі де тегін емес. Себебі, КҚК-ның тарихы мұнайлы өлкеден бастау алады. Жарысқа қатысушылар стратегиялық жоспарға сәйкес жеті конкурс бойынша бақ сынады. Олардың басым бөлігі қауіпсіздік шараларына бағытталған. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шараға үшінші рет қатысқан консорциумның шығыс аймағы бойынша еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі инженері Жандос Жұмабаев Атырауда мұндай шаралардың өтіп жатқаны қуантатынын айтады.

– Каспий Құбыр Консорциумында 2013 жылдан бері жұмыс істеймін. Мұндай шаралар еңбек процесі кезіндегі қауіпсіздік шараларын жетілдіруге көмектеседі. Тиісінше осы арқылы мекеменің де қауіпсіздігі сақталады. Оған қоса, КҚК-да «Қауіпсіздік мәдениетін дамыту» деп аталатын жоба жүзеге асып жатыр. Бұл сайыста әр командада 12 адам біліктілігі мен білімін көрсетіп, үдеден шығуға тырысты, – деді Жандос Жұмабаев.

«Қауіпсіздік күнін» өткізу аумағы дәстүрлі шығыс стилінде безендіріліп, қатысушыларды ұлттық нақыштағы жасау-жабдығымен құрылған киіз үйлер, бес қаруын асынған жігіттер қазақ батырлары үлгісінде қарсы алды. Киіз үйлердің бірі «Ізгі істер бюросы» деп аталыпты. Мұнда әр қатысушы халықаралық консорциумға өз тілектері мен ұсыныстарын, ойларын қалдыра алады. Бастамалары үшін әр қонаққа кәдесыйлар да тарту етілді. Сонымен қатар, іс-шара аумағында суретке түсу аймағы мен садақ атып, қазақтың ұлттық ойыны – асық ойнауға да арнайы алаңқай жасалған. Каспий Құбыр Консорциумы 800 млн. тоннадан астам қара алтынды экспортқа шығарған. «Қауіпсіздік күні» шарасының соңында «қауіпсіздікті жеңістің кілті» деп білетін қатысушылар өздеріне мол тәжірибе жинақтады. Консорциум сайыстағы нәтижені қорытындылап, қатысушыларға сыйлықтар табыстады.

ТАЛҚАЙРАҢНАН ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Кеше Атырауда тағы бір әлеуметтік нысанның құрылысы басталды. Қалаға қарасты Талқайраң ауылынан салынатын 900 орындық мектеп құрылысы Каспий Құбыр Консорциумының қолдауымен жүзеге асып отыр. Ірі кәсіпорын 2001 жылдан бері өңірдегі білім, медицина, спорт, экология және мәдениет, талантты балаларды қолдау секілді әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына атсалысып келеді. Салтанатты шара мектеп құрылысын салу туралы келісім-шартқа қол қою рәсімінен басталды. Одан соң мектептің алғашқы тасын қалау рәсіміне қатысқан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, құрылысы басталып жатқан игі істің басталуымен құттықтады.

– «Алыс жол алғашқы қадамнан басталады» демекші, біздің балаларымыздың үлкен өмірге деген алғашқы қадамы білім ордасынан басталады. Мемлекет тарапынан апаттық жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды мектептерді жою мәселесі көтеріліп отыр. Оған қоса қолайлы мектептер салу туралы тапсырмалар берілген болатын. Атырау облысында 11 үш ауысымды мектеп, 4 апаттық мектеп бар. Осы мәселелердің барлығын бюджеттің есебінен емес, демеушілердің көмегімен іске асыру жөнінде үлкен шаралар қабылданды. Қайта түлеп, жаңарып келе жатқан Талқайраң ауылынан еңселі білім ордасының іргетасы қаланып жатыр. Осы арқылы жастарымыздың сапалы білім алуына мүмкіндік беріледі. Жаңа мектепке қадам басып келетін бүлдіршіндеріміз – ертеңгі жарқын болашағымыз. Мектептің құрылысына демеушілік танытып жатқан Каспий Құбыр Консорциумына облыс тұрғындарының атынан алғыс айтамын. Консорциумның қолға алған жобалары мерзімінен бұрын аяқталып, пайдалануға беріліп жатады. Сондықтан келесі жылы қарқынды құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі деген сенімдемін. Алға қарай да консорциум Атырау өңіріндегі әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра беретін болады, – деді Серік Жамбылұлы.

Өз кезегінде КҚК бас директоры Николай Горбань мемлекеттің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту туралы ұстанымын қолдайтындығын жеткізді.

– Біз өз тарапымыздан әлеуметтік қолдауды жалғастыра береміз. Консорциумның «Туған өлкеміздің табиғатын сақтаймыз» атты дәстүрлі жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Каспий Құбыр Консорциумы 2001-2022 жылдар аралығында Атырау облысындағы қайырымдылық шараларына шамамен 11 млрд. теңге жұмсады, – деді Николай Николаевич.

Болашақ мектептің аумағы үш гектар жерді құрайды. Мектеп үш блоктан тұрады. Бірінші блокта 1-4 сынып, екінші блокта 5-9 сынып, үшінші блокта 10-11 сынып оқушылары білім алады деп жоспарланған. Жаңа мектеп 210 орындық акт залымен, 312 орындық асханамен, екі спортзал және екі кітапханамен, медициналық бекетпен қамтылады. Сыйымдылығы 25 оқушыға арналған 36 оқу кабинеті заманауи үлгіде жасақталады. Мектептің сыртқы аумағын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінген. Мұнда футбол алаңы, жүгіру жолы, спорттық тренажерлар аймағы, теннис корты мен волейбол алаңы бар стадион салу жоспарланған. Сонымен қатар, алғашқы әскери дайындық сабағына арналған кеңістік жасалады, мектеп автобусы мен жеке, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың көліктері тұратын автотұрақ болады. Жаңа білім ордасын 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Шара соңы көркемөнерпаздардың өнеріне ұласып, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

  • Каспий Құбыр Консорциумының акционерлері:
  • Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі федералдық агенттік атынан «Транснефть» ЖАҚ (сенімгерлікпен басқару) – 24% және «КТК Компани» – 7% «Қазмұнайгаз» – 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75% – 20,75%;
  • Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKARCO B.V. – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%
116a82301
d00b8917
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз