
Жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Жас кәсіпкер ретінде Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған басым бағыттар мен нақты тапсырмалар көңілімнен шықты. Себебі Президент көтерген мәселелер – бүгінде әрбір кәсіпкердің көкейінде жүрген өзекті жайттар. Шын мәнінде, кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі, жаңа жұмыс орындарының бастауы, қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі. Сондықтан бизнесті дамыту үшін ең бастысы тұрақтылық, ашықтық және нақты ережелер қажет екенін Мемлекет басшысы өте орынды атап өтті.
Қазір елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келеді. Бірақ өндіріс бағытындағы жобалар әлі де аз. Бұл экономиканың әлсіз тұсы деп есептеймін. Себебі тек сауда мен қызмет көрсету арқылы ұзақ мерзімді өсімге жете алмаймыз. Ал егер өңдеу, өндіріс және экспорт бағытындағы бизнестерге көбірек қолдау көрсетілсе, ел экономикасы әлдеқайда берік болар еді. Президенттің өндіріс саласын қолдауға ерекше назар аударуы біз сияқты жас кәсіпкерлерге үлкен серпін берді.
Сондай-ақ, бизнес жүргізудегі ең күрделі мәселе — заңнамалардың көптігі мен кейде бір-біріне қайшылығы. Бір құжат екіншісін жоққа шығарып, кәсіпкерлердің уақытын рәсімдерге емес, қағазбастылыққа кетіреді. Сол себепті Президенттің заңнаманы жеңілдету және бизнеске арналған ережелерді тұрақтандыру жөніндегі бастамасы өте өзекті. Жасанды интеллект арқылы заңдарды жүйелеу мен мемлекеттік процестерді автоматтандыру идеясы – нағыз уақыт талабы.
Мемлекет пен кәсіпкерлердің мақсаты ортақ — халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан билік өкілдері мен бизнес иелерінің арасында ашық диалог пен серіктестік орнауы керек. Әрбір әкім, әрбір министр өңір кәсіпкерлерінің проблемасын тікелей тыңдап, бірлесе шешудің жолдарын іздесе, онда жаңа мүмкіндіктер ашылары анық.
Президент айтқандай, әділдік пен сенім — бизнестің басты қозғаушы күші. Егер осы бағыттағы тапсырмалар толық жүзеге асса, елімізде кәсіпкерлік мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Біз, жас кәсіпкерлер, мемлекет ұсынған бастамаларды қолдап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге дайынбыз.
Әйгерім ЖАҚСЫБАЕВА,
жеке кәсіпкер.
Атырау қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.


