
Тұрақтылық. Тиімділік. Әртараптандыру
Атырау облыстық мәслихатының кезекті XVIII сессиясы өтіп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, қалалық және аудандық мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы болды. Бұл бағытта облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев баяндама жасап, өңір экономикасының негізгі көрсеткіштері мен әлеуметтік жобалардың орындалу барысына тоқталды.
Жасұлан Орақұлының айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 15 трлн. теңгені құрап, республика үлесінің 11 пайызын иеленді. Жан басына шаққандағы өңірлік өнім 21,2 млн. теңгеге жеткен.
Өнеркәсіп саласы аймақ экономикасының басты тірегі болып қала беруде. Өткен жылы өндірілген өнеркәсіп өнімі 11,1 трлн. теңгеге жетіп, бұл республика бойынша өндірілген өнімнің 21 пайызын құрады. Оның ішінде тау-кен өндіру саласында 9,9 трлн. теңгенің өнімі өндірілді.
Баяндамашы көрсеткіштің аздап төмендеу себебін Теңіз және Қашаған кен орындарында жүргізілген жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты деп атап өтті.
– Жоспарлы жөндеу жұмыстары уақытша өндіріс көлеміне әсер етті, алайда өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалды. Бұл – экономиканы әртараптандырудың оң нәтижесі, – деді Жасұлан Бисембиев.
Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 5,3 пайызға өсіп, 860,4 млрд. теңгеге жетті.
Былтыр облыс экономикасына 2,1 трлн. теңге инвестиция тартылды. Бұл республикалық көрсеткіштің 11,2 пайызы. Көрсеткіштің төмендеуіне Теңіз кен орнындағы Келешек кеңею жобасының кезең-кезеңімен аяқталуы әсер еткен.
Өткен жылы жалпы құны 57,5 млрд. теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың қатарында «Тексол Транс» компаниясының жүк вагондары өндірісі, «InfinityMALL» сауда-ойын сауық орталығы, «Интаго Казахстан» зауытының тоқыма емес геосинтетика өндіру желісі, «ІClinic Atyrau» көпсалалы медициналық орталығы және өңірдің бірнеше ауданында жанар-жағар май бекеттері мен әлеуметтік маңызы бар нысандар бар.
Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 124,4 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,8 пайызды көрсетті. Мал шаруашылығында өсім 6,6 пайыз, ал өсімдік шаруашылығында 95,9 пайыз деңгейінде сақталды.
Құрылыс саласында 869,1 млрд. теңгенің жұмыстары атқарылып, 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 63 180 бірлікті, ал олар өндірген өнім көлемі 5,4 трлн теңгені құрады. Бұл салада 155 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Облыс бюджетінің меншікті кірістері 102 пайызға орындалып, 821,2 млрд теңге түсті. Оның ішінде салық түсімдері – 783,5 млрд теңге.
– «Жоспардан артық түсім 15,4 млрд теңгені құрады. Бұл, негізінен, жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы мен айыппұл төлемдерінің түсуіне байланысты», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бюджет қаржысының тиімділігін қамтамасыз етпеген 12 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Өткен жылы облыстың жол инфрақұрылымын дамытуға 83,1 млрд. теңге бөлініп, 770 шақырымнан астам жолда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыз сумен қамту деңгейі 99,9 пайызға, ал газдандыру көрсеткіші 92,3 пайызға жетті. Өткен жылы 6 ауыл сумен, ал Қызылқоға ауданындағы 6 елді мекен газбен қамтылған.
Цифрландыру саласында облыстағы елді мекендердің 86 пайызы (132 ауыл) интернет желісіне қосылған. 2024 жылы Атырау қаласында 70 5G станциясы орнатылса, биыл тағы 38 станция іске қосылған.
Атырау қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында кәріз-тазарту имараттарының құрылысы және «Тухлая балка», «Квадрат» булану алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Әлеуметтік салада 2024 жылы 60 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, 37 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Мәдениет және спорт бағытында 1 мәдениет үйі мен 5 спорт кешені, білім саласында 5 мектеп және 1 балабақша, денсаулық сақтау саласында 17 медициналық нысан пайдалануға берілді.
– «Өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту – біздің басты мақсатымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады», – деді баяндамасын қорытындылаған Жасұлан Бисембиев.
Келесі мәселе бойынша Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Қоңысов баяндама жасап, 2024 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелерін ұсынды. Комиссия облыстық басқармалар мен жергілікті атқарушы органдарда жүргізілген тексерулер қорытындысын жариялап, қаржының заңды әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берді.
Мәслихат депутаттары облыстық терроризмге қарсы комиссияның және сыбайлас жемқорлық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамына өзгерістер енгізу туралы шешімдерді мақұлдады.
Сессияда ортақ су пайдалану қағидаларын бекіту және облыстық жер комиссиясының жұмысы туралы мәселелер де талқыланды.
Мәслихат депутаттары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, су ресурстарын үнемдеу және экологиялық тепе-теңдікті сақтау бойынша ұсыныстар енгізді.
Жиында ауызсуды беру қызметтеріне төлемақы мөлшерін бекіту, сондай-ақ Құлсары қаласындағы көше жарықтандыру желілерін салу және пайдалану жобасын мемлекет қарамағына алу мәселелері қаралды. Бұл бағыттағы баяндаманы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Кенжебеков жасады.
Күн тәртібінде «Оңтүстік Батыс Қамысты» кен орнына белгілі геолог Бөлекбай Сағынғалиевтің есімін беру туралы мәселе де қаралды. Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары А.Әділғалиев бұл бастаманың тарихи және тәрбиелік маңызын атап өтті.
Сессия соңында депутаттар күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдап, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін одан әрі жақсартуға бағытталған ұсыныстарды қолдады.
Облыстық мәслихаттың XVIII сессиясы өңір өміріндегі маңызды шешімдер қабылданған, даму мен өркендеуге бағытталған ауқымды жиын ретінде өтті.
Рита ӨТЕУҒАЛИ


