«ТАБЫСТЫ БИЗНЕСМЕН – БІЛІКТІ МЕНЕДЖЕР»

Әділ Жұбанов, «БатысАльянсСтрой» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:

- Байқағанымдай, бизнесті ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыру үрдісі шет елдерде бұрыннан қалыптасқан. Мысалы, Италиядағы дәріханалардың бірінің иесі кәсібінің ата-бабаларынан қалған іс екендігін айтты. Жүздеген жылдар түгілі, бірнеше ғасыр бойы әлгі бизнесті ұрпағы жалғастырып келе жатқан көрінеді. Құрылыс саласында да солай. Осыдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстанда жігіттердің әсем тастарды жапсырып жатқанын көрдік. Өзім құрылыста жұмыс жасағандықтан қызығушылықпен сұрастырдым. Сөйтсем, ол да аталарының жолымен өзгеше әдіспен тас қалайды екен. Басқалардан ерекше тәсілінің сырын ашып, ешкімге тіс жармайды.

 Біз кәсіппен 90-жылдары айналыса бастадық қой. Құдай көпсінбесін, отбасындағы көп баланың бірімін. Әке-шешеміз ұстаздық етті, сондықтан бауырларым да сол саланы таңдады. Ал, маған алып-сату емес, бірдеңені құрастырып, жасап шығарған ұнайтын. Сөйтіп, құрылысты қолға алдым. Әрине, бізде халықаралық бизнес Академиясы бар. Бірақ, кәсіпкерлікке дағдыландыру үшін мектептерде факультативтер өткізілсе артық болмас еді. Себебі, кәсіпкерлік дегеніміздің өзі – шаруаны дұрыс ұйымдастыра білу, яғни менеджер болу. Ендеше, жас ұрпақты бизнеске баулысақ, «әліпбиін» үйреткеннен ұтарымыз көп болмақ. Бұрын біз бизнесті бастаған кезде осы салада жүзге тарта жекеменшік мекеме ашылған еді. Бүгінде соның үш-төртеуі ғана белсенді жұмыс жасап тұр. Бірінен-бірі асып түсетін бәсекелестік заманында бизнесті дұрыс бағытта жүргізу оңай емес.

Халқымызда «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген нақыл сөз бар ғой. Әкеден қалған дүние балаға мал болмайды. Сондықтан, ата-анадан қалған кәсіпті шашып-төгуге емес, одан әрі өркендетуге жұмылдырғанымыз жөн. Мысалы, Еуропада шағын бизнестің 70-80 пайызы ғасырлар бойы әкеден балаға мирас боп келеді екен. Осындайдан үлгі алсақ, біздің келешегіміз де кемел боларына сенім мол. Әзірге екі балам бар. Алдымен, осыларды өсіріп, тәрбиелеу үшін еңбектенеміз ғой. Олар ісімді жалғастырса құба-құп.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз